Еліміздің тарихында бұл күн ерекше тағдыршешті маңызға ие. Мерейлі дата Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанды құрып, дамытудағы көрнекті мемлекеттік қайраткерлігі мен тарихи миссиясын паш етеді.
Елбасының саяси даналығы мен шешімталдығының, стратегиялық көрегендігі мен батыл ерік-жігерінің арқасында экономикалық және әлеуметтік реформалар табысты жасалды, саяси жүйенің кезең-кезеңімен демократиялануы сәтті жүзеге асырылып, біртұтас Қазақстан халқының ұлттық коды бекемделді.
Мемлекет басшысы мультимәдени синергия есебінен Қазақстанның полиэтностық ахуалын біздің еліміздің басты қуаты мен байлығына, табыс пен бәсекеге қабілеттілік қасиеттеріне айналдыра білді. Оның саяси сарабдал шешімімен дүниеге келген Қазақстан халқы Ассамблеясы ширек ғасыр ішінде халқымызды топтастырудың, азаматтық қоғам жүйесін дамытудың тиімді институты бола білді, жалпы құндылықтар негізінде ел-жұртты біріктіретін жалпыхалықтық конституциялық органға айналды.
Қазақстанның Тұңғыш Президентін бүгінде әлем жұртшылығы дүниежүзіндегі ең жарқын және беделді көшбасшылардың бірі деп санайды.
Оның көпвекторлы саясаты, интеграция мен бейбітшілікті қолдау бастамалары, ядролық қарусыздануға қосқан орасан үлесі арқасында Қазақстан шекарасы халықаралық деңгейде бекемделіп, ел егемендігі мен тәуелсіздігі бірауыздан мойындалды.
Қазақстан халқы үшін Тұңғыш Президент күні – бірінші кезекте бейбітшілік пен келісім, тұрақтылық пен қауіпсіздік, ертеңгі күнге сенім үшін Н.Назарбаевқа деген бүкілхалықтық сенім мен алғаусыз адамгершілік алғыс.
Құрметті халайық!
Елбасымыз қазақ халқының нағыз отансүйер ұлы ретінде Отанға шексіз қызмет етудің, жауапкершілік пен патриотизмнің, азаматтық парыздың нағыз үлгісін көрсетті. Тұңғыш Президент жолы – әр азаматтың, Қазақстанның болашаққа нұрлы жолы!
Әр отбасына амандық, бақыт пен тұрақтылық тілейміз!
Шаңырақтарыңызда шаттық шалқысын, бірліктеріңіз бекем болсын!
Қазақстан халқы Ассамблеясы