Күні кеше мұндай шоудың озық үлгісін кезінде кәсіпқой бокстың шоқжұлдызы атанған Майк Тайсон мен кіші Рой Джонс көрсетті. Әуелгі жоспар бойынша қыркүйекте жұдырықтасуы тиіс болған қос алып жанкүйерлердің қызығушылығын ояту мақсатында жекпе-жек мерзімін екі ай кейінге шегерген болатын. Расымен, бұл жоспарлары жүзеге асып, жекпе-жекті күткен әлем жанкүйерлері былай тұрсын, қазақстандықтардың да қарасы қалың болды. Оны әлеуметтік желідегі жазбалардан да анық аңғарасың.
Сонымен жекпе-жек алақанын ысқылап, тағатсыздана күткен бокссүйер қауымның көңілінен шықты ма? Бұған «иә» немесе «жоқ» деп үзілді-кесілді дәл бағасын бере алмаймыз. Өйткені жанкүйерлер екі боксшы да өз дәуіріндегідей қолды-аяққа тұрмай жұлқынып тұратын қарқын болмайтынын, екеуінде де қарсыласын нокаутқа жіберердей жойқын соққы жоқ екенін әу баста-ақ білді. Тек 50-ден асқан боксшылардың қазіргі жағдайы, мосқал тартқан шағында бізді қандай әрекеттерімен таңғалдырады екен деген қызығушылық болғаны рас.
Сөйтіп екі минуттан 8 раундқа жоспарлаған айқаста жеңімпаздың есімі анықталмады. Төрешілер екеуін де ренжітпейін деді ме, әйтеуір жекпе-жектің тең аяқталғанын мәлімдеді. Дейтұрғанмен, біздің көзімізге Майк Тайсон басымырақ әрі дөп соққыны көп жұмсағандай көрінді. Алғашқы екі раундта белсенді болған Рой Джонс кейінгі төрт раундта ұзақ уақыт кездеспеген достардай Тайсонды құшақтай бергені жекпе-жектің шырайын кетіргендей әсер қалдырды. Осылайша рингте 16 минут өнер көрсеткен екі боксшы 1 миллион доллар табыс тапты. Айта кетейік, Майк Тайсон ең кейінгі жекпе-жегін 2015 жылы өткізген болса, Рой Джонс екі жыл бұрын ғана шаршы алаңға шыққан еді.