Аймақтар • 30 Қараша, 2020

Атырауда Жұмекен Нәжімеденовтің ескерткіш-мүсіні ашылды

1663 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Атырауда бұдан бес бұрын ақын Жұмекен Нәжімеденовтің еңселі ескерткіші бой көтерген еді. Кейін №2 мектепке есімі берілді. Енді міне, сол мектептің алдында қаламгердің ескерткіш-мүсіні ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырауда Жұмекен Нәжімеденовтің ескерткіш-мүсіні ашылды

Кеше – қазақтың көрнекті ақыны, Әнұран авторларының бірі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Жұмекен Нәжімеденовтің туған күні. Қазақ поэзиясында жарқырай көрінген қаламгердің өмірге келгеніне 85 жыл толды. Артына мол шығармашылық мұра қалдырған ақынның есімі жаңғырып келеді.

«Кеңестік өкімет 1956 жылы қазақ жерінің солтүстік аймағындағы Ақмола, Петропавл, Павлодар, Қостанай, Қарағанды облыстарын Қазақ республикасы құрамынан бөлуге әрекеттенді. Сол кезде Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденов қазақ жастарының «туған жерді талауға бермейміз» деген өр рухын сөз бен сазға сыйғыза білген еді» дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев.

Ақынға арналған ескерткіш-мүсіннің ашылуына қоғам қайраткерлері Ғарифолла Есім, Сәрсенбай Еңсегенов, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгереева, қаламгердің шығармаларын зерттеп жүрген заңгер Марат Азбанбаев, қызы Айкен Жұмекенқызы, өңірдің зиялы қауым өкілдері қатысты. Ақын аты берілген мектептің алдына ескерткіш-мүсінді орнату қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегенов ұсынысымен қолға алыныпты. Туындыны жергілікті мүсінші Серік Мәтениязов жасады.

«Жұмекен Нәжімеденовтің бейнесін сомдау оңай болған жоқ. Қиындықтар кездесті. Себебі, ақынның суреті көп болғанымен, бет пішінін нақты көрсететін сапалы фотолары біразға дейін табылмады. Кинопленкаға жазылған сюжеттер бар екен. Алайда оны көру мүмкін болмады. Ақынның үлкен қызы Айкенмен хабарласып, сапалы фотоларын таптық. Қаламгердің інілері де образын сомдауда көп көмегін берді» дейді мүсінші Серік Мәтениязов.

Былтыр Жұмекен Нәжімеденов атындағы мектепте педагог-ұйымдастырушысы Вера Миденованың айтуынша, ақынға арналған мұражай ашылды. Онда ақынның тұтынған бұйымдары, қолжазбалары мен 7 томдық шығармалар жинағы қойылыпты.

Сондай-ақ, көрнекті ақынның туғанына 85 жыл толуына арналған шара Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде «Ж. Нәжімеденов және қазақ поэзиясының көркемдік даму бағыттары» атты халықаралық ғылыми-теориялық онлайн конференциямен жалғасты. Конференцияның пленарлық мәжілісінде Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің құттықтауы оқылды. Онлайн конференцияда «Жұлдызды Жұмекен» кітабының авторы Ғарифолла Есім, Мемлекеттік сыйлық иегері Ақұштап Бақтыгереева, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері Илья Жақанов, жазушы Мереке Құлкенов, ақын Есенғали Раушанов, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп пен Қытай, Түркия, Әзербайжан елдерінен белгілі профессорлар баяндама жасап, қазақ қаламгерінің шығармашылық, адами болмысын әр қырынан әңгімелеп берді.