Қоғам • 30 Қараша, 2020

QazaqGeography мен Kaspi.kz серіктестік және қаржылай қолдау туралы меморандумға қол қойды

200 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

QazaqGeography мен Kaspi.kz ұлттық табиғи парктерді дамыту мақсатымен серіктестік және қаржылай қолдау туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz.

QazaqGeography мен Kaspi.kz серіктестік және қаржылай қолдау туралы меморандумға қол қойды

Тараптар қоршаған ортаны сақтау, экологиялық жағдайды жақсарту, ғылымды дамыту, заманауи инфрақұрылым қалыптастыру және ұлттық табиғи парктердің аумағын абаттандыруға бірге күш салуға келісті.

"Біз Қазақстанның ерекше табиғи және мәдени құндылықтарын сақтауға үлес қосқымыз келеді. Жоба аясында біз ғылыми зерттеулер мен білім бағдарламаларына қаржылай қолдау көрсетеміз. Біз отбасыларымыз бен балаларымызда еліміздің тамаша табиғатынан ләззат алу мүмкіндігі болуы үшін Ұлттық парктердің дамуына қатысамыз. Біз QazaqGeography-мен бірге еліміздің ұлттық мақтанышы мен байлығына айналған құндылықтарды келер ұрпаққа жеткізуге бар күшімізді саламыз", деді Kaspi.kz директорлар кеңесінің Төрағасы және негізін қалаушылардың бірі Вячеслав Ким.

Сондай-ақ Kaspi.kz басшысы және негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе Kaspi.kz QazaqGeography-мен бірлесе отырып  клиенттердің өмірін жақсарту үшін қызмет ететінін сөз етті.

"Әрқайсымыз әсем табиғатты жақсы көреміз және салауатты өмір салтын ұстанамыз. Біздің мақсатымыз өте қарапайым – біз сүйікті клиенттеріміз бен олардың отбасыларының және барлық қазақстандықтардың ұлттық парктерге рахаттанып баруы үшін QazaqGeography-ге экологиялық туризмнің тартымдылығын жақсарту және сапалы, заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға көмектескіміз келеді", деді ол.

Өз кезегінде QazaqGeography басқарма төрағасы Орман Нұрбаев Kaspi.kz-пен бірге елдегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды тұрақты дамытуға күш салатынын айтты.

"Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі – кез-келген табысты компанияның жұмысындағы маңызды бөлігі. Kaspi.kz –тің ұлттық табиғи байлықты сақтау және дамыту мәселелерін шешуге белсене қатысуы жоғары азаматтық жауапкершіліктің үлгісі. Біз Қазақстанның табиғи, тарихи және мәдени мұрасының танымалдылығын арттыруға, қоршаған ортаны қорғап, Қазақстан Республикасындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды тұрақты дамыту мен экотуризмді дамытуға бірлесе отырып күш саламыз", деді О.Нұрбаев. 

 

Соңғы жаңалықтар