- Бүгін біз ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесі қарсаңында кездесіп
отырмыз. Ел басқару қашанда оңай болған емес. Ал, Тәуелсіздікке қолы жаңа жеткен мемлекетті қалыптастыру әлемдік деңгейдегі қайраткердің ғана қолынан келетінін тарих сан мәрте дәлелдеген. Осыдан 25 жыл бұрын Елбасының бастамасымен еркін еліміздің Конституциясын қабылдау халықтың таңдауына берілді және қазақстандықтар оны бірауыздан қолдады.
Ата Заңымыздың арқасында біз халқымыздың әл-ауқатын арттырып, экономикамызды дамыта алдық, Ұлы Дала төрінде қуатты мемлекет құрып, ұлттарды бірлік пен тату тірлікке ұйыстыра білдік, – деді облыс әкімі.
Жиында облыс әкімі Конституцияда бекітілген нормалар бүгінде өзінің өміршеңдігін, заман талабына лайық екенін жан-жақты дәлелдегенін тілге тиек етіп, еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан азаматтарға Мемлекет басшысының Жарлығымен «Конституцияның 25 жылдығы» мерекелік медалімен марапаттап, құрмет көрсетті.
Мерейлі мереке қарсаңында құрмет төріне шығып, марапат иеленген азаматтардың қатарында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының облыс бойынша бас имамы Болат Абуов, облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов, облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Талғат Ілиясов, облыстық тексеру комиссиясының мемлекетік аудиторы Қаламқас Нұрымбетова да бар. Сондай-ақ, өңірдің рухани-мәдени дамуына елеулі үлес қосып жүрген облыстық филармония әртісі Ақмарал Ноғайбаева, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік қызмет орталығының сектор меңгерушісі Майра Сәрсенбаева, облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Серік Сермағанбетов, волонтер Динара Эшатова мерекелік медальмен марапатталды.