Аймақтар • 30 Қараша, 2020

Қызылордалық 100 отбасы баспаналы болды

550 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылордалық 100 отбасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесі қарсаңында баспаналы болды. Оларға тұрғын үйлер кілтін табыстау шарасына облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мен қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қызылордалық 100 отбасы баспаналы болды

Өңір басшысы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында баспанаға ие болған 100 тұрғынға пәтер кілтін табыстап, қоныс тойымен құттықтады. Бүгінгі баспана алушылар қатарында құқық қорғау саласының өкілдері мен әскери қызметкерлер, мұғалімдер, дәрігерлер, мәдениет саласының мамандары бар.

Баспаналы болған тұрғынның бірі жас маман Саида Мәжит          мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға алғысын білдірді. Сырдария өзенінің сол жағалауынан пайдалануға берілген үйлер құрылысын "Дәнекер" және «Авангард» ЖШС жүргізген.  

Салтанатты шара аясында баспана иелеріне лебізін жеткізген облыс әкімі Қызылорда қаласында осы жылы 580 пәтерді құрайтын 13 үй пайдалануға берілгенін айтып, жыл аяғына дейін қаламызда тағы 720 пәтер берілетінін жеткізді.

Соңғы жылдары Қызылорда қаласында  тұрғын үй құрылысы қарқын алып, қала аумағы әлдеқайда кеңейді. Бұл жұмыстардың нәтижесінде 9 мыңға жуық қызылордалық баспаналы болды. Қазір қала бойынша 117,3 мың шаршы метрді құрайтын 2 мың 546  пәтерлік 53 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде Сырдария өзенінің сол жағалауында құрылысы жүргізіліп жатқан 1 мың 560 пәтерлік 32 көпқабатты тұрғын үйдің 16-сы биыл қолданысқа берілсе, қалған  16 үйдің құрылысы келер жылы аяқталады.

Сонымен қатар  алдағы жылы СПМК-70 тұрғын ауданында 13 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек. Жеке инвесторлар есебінен 356 пәтерлік 8 көпқабатты тұрғын үй құрылысы да қарқынды жүргізілуде.