Қазақстан • 30 Қараша, 2020

Қазақстан Венгриямен геологиялық барлау саласындағы әріптестікті күшейтпек

148 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанның Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев Венгрия компаниялакрын жер қойнауын зерттеу саласы бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Бұл жөнінде ол Венгрияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Михая Галошфаимен кездесуде айтты.

Қазақстан Венгриямен геологиялық барлау саласындағы әріптестікті күшейтпек

«Біз геология саласындағы қазақ-венгер қатынасын күшейтуге мүдделіміз. Бүгінде Қазақстанда минералдық ресурстардың түрлері бойынша аумақтардың перспективасын бағалауға қатысты геологиялық барлау жұмысын тиімді өткізуге басқа тау-кен заңнамаларымен салыстырғанда қолайлы жағдай жасалған»,- деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.

Министр сонымен бірге биыл Геологиялық барлаудың 2021 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын әзірленгенін, ол Қазақстандағы геологиялық барлау жұмыстарының барлық кезеңіне инвестиция салуға ниет білдірген инвесторларға ашық болатынын атап өтті. Бұдан бөлек 2021 жылдың ортасына қарай «Минералды ресурстардың ұлттық банкі» ақпараттық жүйесі іске қосылмақ. Оның мақсаттарының бірі – инвесторларға жер қойнауын пайдалану процестері туралы ақпарат ұсынуды жеңілдететін «бір терезе» қағидатын енгізу. Жүйе бірыңғай базаға геологиялық есептер, пайдалы қазбалар қоры балансы, кен орындарының паспорты, аумақтардың зерттелуі туралы және тағы да басқа мәліметтерді жинауға мүмкіндік береді. 

«Біз сонымен бірге «Қазгеология» акционерлік қоғамы мен MECKEKERG венгер мемлекеттік кәсіпорнының әріптестігі туралы ұсынысты қолдаймыз”, - деді М.Мырзағалиев.

Кездесуде сонымен қатар екі елдің су ресурстары саласындағы қалыптасқан әріптестігін нығайту мәселесі сөз болды. Еске салсақ, Қазақстан мен Венгрия арасында су ресурстары саласындағы әріптесік бойынша өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылып, Бірлескен сарапшылық топ құру жайында келісімге қол жеткізілген.

«Осыған байланысты пандемияға қарамастан бізге осы бағыттағы әріптестікті тереңдетіп, жақын аралықта Бірлескен сарапшылық топты құру керек. Сонымен қоса, Венгрия тарапына Қазақстанның трансшекаралық су ағындары мен халықаралық көлдерді қорғау бойынша Конвенцияға төрағалық етуі мен «Трансшекаралық контексте су ресурстарын бөлу» және «Экологиялық ағын – экологиялық жүйені сақтаудың негізі» жобаларына сарапшылық қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіргіміз келеді», - деді министр.

Жүздесу барысында Мағзұм Мырзағалиев венгер компанияларын Ақтөбе облысындағы атмосфералық ауаның ластануы, Қарағанды облысындағы Балқаш көлі мен Маңғыстау облысындағы Қошқар ата қалдық қоймасы проблемаларын шешуге бағытталған жобаларға қатысуға да шақырды.

Атап өтейік, әлемдегі пандемия жағдайына қарамастан, қазақ-венгер сауда-экономикалық қатынастары тұрақты түрде дамып келеді. Екі мемлекет арасындағы сауда айналымы 2020 жылы былтырмен салыстырғанда 12,2%-ға артып, 84,9 млн. АҚШ долларын құрады.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше