Ал Францияның атынан қатысқан Валентинаға бірінші орын бұйырса, үшінші орынды испаниялық Солеа иеленді. 2020 жылғы Junior Eurovision байқауына Беларусь, Франция, Грузия, Қазақстан, Мальта, Нидерланд, Ресей, Сербия, Испания, Украина, Польша және Германия елдерінен өнерпаздар қатысты.
Junior Eurovision XVIII ән байқауының жеңімпазы қазылар алқасының дауыс беруімен және онлайн-дауыс беру арқылы анықталды. Дауыс беру жүйесі дәстүрлі негізде: 50% қазылар алқасының шешімі және 50% онлайн-дауыс беру нәтижесіне байланысты.
Қазақстан Junior Eurovision ән байқауына алғаш рет 2018 жылы қатысқан еді. Онда Данэлия Төлешова «Өзіңе сен» әнімен алтыншы орынға ие болды. Ал 2019 жылы Ержан Максим «Арманыңнан қалма» әнімен екінші орынды (қазылар алқасының шешімі бойынша бірінші) иеленді. Бұл жолы «Хабар» агенттігінің Еуропалық хабар тарату одағының (EBU) қауымдасқан мүшесі болуының арқасында ел өнерпаздары халықаралық байқауда үшінші рет бағын сынады.
Еске сала кетейік, 26 қыркүйекте өткен ұлттық іріктеу финалына еліміздің түкпір-түкпірінен он екі бала қатысқан еді. Олардың арасында Алматы облысының Рысқұлов ауылынан келген Қарақат Башанова жеңіске жетті.