Өткен замандар қойнауындағы тарих тарамдарына көз жүгіртер болсақ, сонау орта ғасырда қайырымды қаланы аңсап өткен Әбу Насыр әл-Фарабиден бастап, желмаясына мініп жерұйықты іздеген Асанқайғының арманы да бүгінде Қазақстанның төр қаласына айналған – Ұлы даланың елордасы мұратымен астасып жатқандай. Бабалар аңсап өткен сол асқақ арман бүгінде ақиқатқа айналып, ол Арқа төрінде бой көтерген жас та болса жасампаз шаһар – Нұр-Сұлтан қаласының кеңге құлаш жайған қадамдарынан айқын байқалады.
Ел астанасы Арқа төріне қоныс аударғаннан бері Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақтың кіндік қаласының тек саяси ахуалын ғана емес, бас шаһардың мәдени келбетін кемелдендіруге де тікелей атсалысып, күні бүгінге дейін жанашыр болып келеді. Оның айқын дәлелі – елорда төрінде бой көтерген мәдениет, өнер ошақтарының барлығына дерлік қолдау білдіріп, кеңінен қанат жаюына даңғыл жол салып беруі. Уақыт ағзам алақанында бедерленген 22 жыл тарихында бір ғана елорданың төрінде 65 мәдениет мекемесінің, атап айтсақ, жеті сарай мен концерт залы, бес музей, жеті театр, 20 кітапхана мен алты кинотеатрдан бөлек, жеке көркемсурет галереяларының құрылысы жанданып, қарқынды жұмыс істеуі мемлекет тарапынан үздіксіз көрсетіліп келе жатқан осы бір қолдаудың жемісті нәтижесі болса керек.
Неге екен, астана десе, үнемі ойымызға Нұр-Сұлтан шаһарының бас архитекторы, жапон сәулетшісі Кисе Курокаваның: «...Иероглиф әлі ешқандай белгі түспеген таза параққа келісті түседі», деп қазақтың кіндік қаласы турасында айтқан тағылымды ойы орала береді. Расымен де, сол сонылығы, сол жастығы һәм сол жаңашылдығымен де бүгінде елордамыз әлем тамсана қарайтын ірі мегаполиске айналды. Күн сайын бой көтеріп, елорда келбетін кемелдендіріп келе жатқан сұлу ғимараттар да бас қаланың сұлулығына сұлулық үстеп, архитектуралық һәм тарихи мазмұнын байытып келеді. Арқа төрінен бой көтерген еңселі ғимарат – Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының зәулім сарайы да осы бір сәнді шаһардың салтанатын одан әрі асырып, мерейін және бір тасытқандай. Оған Елбасының ғажайып ғимараттың тұсаукесерінде театр ұжымына жолдаған мына бір жүрекжарды лебізі айқын дәлел болады:
– Бұрыннан, астанамыз Арқаға көшкеннен бері ойлап жүруші едім. Елордамызда қазақтың ең үлкен драма театры болуы керек деп. Өзі де менің ойымдағыдай болып әдемі салынған екен. Сіздерге де үлкен қуаныш әкелген шығар деп ойлаймын. Осы орданың ішінде жақсы-жақсы әртістеріміз тәрбиеленіп шығатын болсын. Үздік шығармалар орындалатын болсын. Баршаңызға осы орданың ішінде табыс тілеймін, бақыт тілеймін. Дауыстарың шырқап, өнерлерің тасып елге қызмет етіңдер. Бүгіннен бастап біз театрды ашық деп жариялаймыз. Оның құрылысына «Самұрық-Қазына» компаниясы арнайы қаражат бөлді. Мұнда барлық жағдай жасалған. Көрермендердің осы театрға қуана келетініне сенімдімін, – деді Елбасы тарихи сәт – жаңа театр ғимаратының тұсаукесер рәсімінде.
«Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды». Бұл – Елбасы ұстанымы. Ал театр – руханият ошағы. Ғимараттың жобасын өзі қолдап, бекітуі де содан. Елбасы бастамасын жүйелі жалғаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрылыс барысын тікелей қадағалады. Нәтижесінде, астаналық көрермен көркін күн сүйген ғаламат театрмен қауышты.
Иә, мұны көптен күткен қуаныш деп сипаттауға әбден болады. Сахнасы тар, залы шағын Қаллеки театрының мәселесі біраз уақыттан бері айтылып жүр еді. Сабақты ине сәтімен. Енді міне, бас шаһарда еңселі ғимарат бой көтерді. Қазақ драма театры ғимаратының салынуы – айтулы оқиға, асқақ арман, тарихи сәт. Ел тәуелсіздігімен бірге жасасып келе жатқан киелі өнер ордасы – Тәуелсіздіктің құрдасы, елордамыз Нұр-Сұлтан қаласымен бірге жасасқан құт мекен. 1991 жылдың қарашасында режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жақып Омаровтың тікелей бастамасымен тақыр жерден ту көтерген тағылымды орда бүгінде елдігімізбен егіз жасасып, жасампаздықтың жарқын рухымен жүректерді жігерлендіріп, көңілдерді кемелдендіріп, көрерменін әманда тек рухани байытып келе жатыр. Ал 29 жыл бойы кішкентай ғимаратта үлкен өнер тудырып келе жатқан театр ұжымының еңбегі шын мәнінде ерлік!
Өнерге деген сол шексіз адалдық пен жанкештіліктің арқасы болса керек, күні кеше театр ұжымы үшін соңғы үлгіде жасақталып, әлемдік архитектураның озық жетістіктері пайдаланылған еңселі ғимарат есігін айқара ашты. Театр құрылысы 2019 жылдың сәуір айында басталған болатын. Жоба авторы – Беджет Пацолли, бас инженері – Мұстафа Ибраһим. Ж.Нәжімеденов, А.Байтұрсынұлы және Сарыкөл көшелерінің қиылысындағы ғимараттың жалпы аумағы 28 мың шаршы метрден асады. Заманауи заңдылықтарды сақтай отырып ұлттық колоритте салынған үш қабатты нысанның ішінде өнер ұжымына қажетті дүниенің бәрі ескерілген. 645 орындық үлкен зал мен 202 орындық камералық зал, сонымен қатар рухани азық алатын ғимаратта көркем галерея, мейрамхана мен мәжіліс залы да қоса қамтылған. Театр басшылығының сөзіне сүйенсек, бұл ғимаратты салуға «Астана Опера» театры құрылысымен айналысқан архитекторлар атсалысқан. Тіпті «Астана Опера» театрында кеткен кейбір құрылыс кемшіліктері бұл театрда жіберілмепті.
– Көптен күткен тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Елбасының тікелей қолдауы мен өнерге деген жанашырлығының арқасында елорда төрінен осындай еңселі ғимарат бой көтеріп отыр. Техникалық жағынан соңғы үлгіде жасақталған ғимарат әртістерімізге мүлдем басқа көркемдік талап биігінде өнер көрсетуді қажет етіп отыр. Оған ұжымымыздың әлеуеті толыққанды жетеді деп сенемін. Әсем ғимаратқа ие болдық, енді шығармашылық тұрғыдан да сол биікті бағындыруды көксейміз. 1991 жылдың қарашасында шымылдығы «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясымен ашылғалы бері, Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры тарих қойнауына көркемдік биігімен жол тартқан қаншама қойылымды сахналады. Театр ұжымы классикалық өнер туындыларын заманға сай жаңартып, репертуарын ұлттық және әлемдік драматургиямен толықтырып келді. Алыс-жақын шетелдердегі және Қазақстандағы фестивальдарда топ жарып, сан мәрте жүлделі оралды. 2011 жылы «Мемлекеттік академиялық театр» мәртебесін алды. Енді міне, күні кеше Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жаңа театр ғимаратын ашық деп жариялады. Театрдың үлкен сахнасында М.Әуезовтің «Абай» қойылымының үзіндісін тамашалап, театр әртістеріне ризашылығын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. Әрине, қатаң карантиндік шаралар сақталған пандемия кезеңінде бүкіл шығармашылық құрамның бірдей өнер көрсетуі, үлкен қуанышта басқосуы мүмкін болмады. Десек те әлем бойынша өнер ошақтары жабылып жатқанда, Қазақстандағы теңдессіз театр ғимаратын ашу мемлекетіміздің өнерге құрметі, қолдауы деп білеміз. Театрдың кіші сахнасында әртістермен қосылып ән шырқап, қуанышты бөліскен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына бүкіл ұжым атынан алғыс айтамыз. Бұл ән – шаттықтың әні, сағыныштың үні, тұлпарлар салған жолдың жалғасы», деп театр директоры Ернар Жұматаев жүрекжарды пікірімен бөлісті.
Иә, Қаллеки театрының астананың рухани-мәдени өмірінде алатын орны айрықша. Себебі бұл ғимаратты театрдың негізін қалаған Жақып Омаров, қалыптасу жылдарын жасаған Қадыр Жетпісбаев, мұхиттай шексіз талантын метафораға сыйдырып, кішкентай сахнадан үлкен өнер жасап, әртістерді тұлғалық жолға салған Әзірбайжан Мәмбетовтер арман етті. Бұл ғимарат сәулетімен ғана емес, тарихымен, шығармашылық әлеуетімен де құнды. Күзетшісінен корифейіне дейін адал қызмет етіп, «Қаллеки» деген ұғымды қалыптастырды. Бұл – көптен күткен қуаныш. Арман ақиқатқа айналып, кезінде режиссер, қайраткер тұлға Жақып Омаровтың бастамасымен бас қала төрінде ту тіккен мәдени ошақ бүгінде шығармашылық қанатын кеңге жайып, өнердің үлкен ордасына айналды. Мұнда қазақ театр режиссурасының реформаторы, КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Халық қаһарманы» Әзірбайжан Мәмбетовтің, Қазақстанның Халық әртісі Қадыр Жетпісбаевтың ізі сайрап жатыр. Ұлт театрының абыз ақсақалы Қалибек Қуанышбаевтай аңыз актердің аяулы есімі һәм тағылымды жолы менмұндалап шақырады әр көрерменін. Бұл жерде арғысы – Шәміл Жүніс, Рымкеш Омарханова, Гүлжан Әспетова, Тілектес Мейрамов, Түймехан Атымтаева, Жанат Шайкина, Кеңес Нұрланов, бергісі – Нұркен Өтеуілов, Қуандық Қыстықбаев, Ержан Нұрымбет, Алтынай Нөгербек, Сырым Қашқабаев, Айнұр Бермұхамбетова бастаған талантты актерлер шоғыры шынайылық пен шеберлік егіз өрілген ғажап бір тандемде қызмет етеді. Бұл театрда әр жаңа маусым шымылдығын М.Әуезовтің «Абай» трагедиясымен ашып, жабатын тарихтан тамыр алған әдемі бір үрдіс бар. Ең бастысы – бұл театр ұжымы «өнердің тек қана мұзартын бағындырсам» деген шығармашылық қанағатсыздық, өнерге құштарлық сезіміне ие. Қаллеки театры бізге сонысымен бағалы, сонысымен ардақты.Талантты труппаның бар мүмкіндігі мен шеберлігін шыңдап, жаңа белеске шығаруда Әлімбек Оразбеков, Нұрлан Жұманиязов, Болат Ұзақов бастаған ойлы, ізденімпаз режиссерлер еңбегі ересен. Театрдың талантты өнер ұжымы бастамасымен қолға алынып, жүзеге асып жатқан жарқын ойлар мен жүйелі жоспарлар жемісті нәтижесін беріп, Қаллеки театры өнерінің ел ішінде ғана емес, халықаралық масштабта мойындалуына тікелей ұйтқы болып келеді. Қалибек Қуанышбаевтай абыз актер жолын жалғаған дарынды ізбасарлар өнерін бүгінде жаһан танып, өнеріне бас иіп жатса, ол да талантты ұжым ізденісінің нәтижесі деп білеміз. Ендеше, көрерменің көп, мерейің әманда үстем болсын, Қаллеки театры!
Оқиғаға орайлас ой
Тілектес МЕЙРАМОВ,
Қазақстанның халық әртісі:
– Театр салу мәселесі көптен бері айтылып келді ғой. Бізден бұрын да, бізден кейін де. Енді міне, сол тілек қабыл болып, елорда төрінде еңселі театрдың бой көтерген тарихи сәтіне куә болып отырмыз. Қуаныштымыз. Жалпы, кез келген өркениетті елдің астанасында ұлттық мәртебеге ие театрдың болуы қалыпты жайт. Осы тұрғыдан келгенде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен жаңа да әсем ғимаратқа ие болып отырмыз. Бұл театр талантты актерлеріміздің ішкі мүмкіндігін толықтай көрсетуіне кең жол ашады деп сенемін. Өйткені кішкентай сахнада көп мүмкіндік ашыла бермеді. Енді міне, актерлерімізге шеберлігін толық танытатын тамаша мүмкіндік туды. Өйткені біздің театрда талантты актерлер өте көп. Репертуарымыз да 30 жылдық аз ғана тарихымызға қарамастан, көптеген көне театрмен көркемдік һәм сапалық тұрғыдан иық тірестіруге әбден жарап-ақ тұр. Сөз басында аузыма бекер түспеген болуы керек, бас қаланың бас театрына жалпы ұлттық мәртебе берсе, қандай жарасымды болар еді. Оған ұжымымыздың әлеуеті де, репертуарымыздың мазмұндық сапасы да әбден лайық деп ойлаймын. Ендігі біздің тілек – осы! Қазақ өнерінің тойы құтты болсын!
Алтынай НӨГЕРБЕК,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, актриса:
− Біз үшін бұл өте қуанышты сәт. Сонау 1991 жылы осы театрды ашқан Жақып Омаров, одан кейінгі Қадыр Жетпісбаев, Әзірбайжан Мәмбетов ағаларымыздың армандары еді ғой бұл – астананың төрінде осындай үлкен ғимаратқа ие болу. Сол қуанышқа, міне, Құдай қалап, біз жетіп отырмыз. Біз куә болып отырмыз. Үлкен театр бізге шығармашылық үлкен мүмкіндіктер сыйлап отыр. Қуанышымыз шексіз. Енді осы жаңа ғимаратта көрермендерімізді жаңа қойылымдарымызбен, жағымды жаңалықтарымызбен қуантамыз деп сенемін.
Сая ТОҚМАНҒАЛИЕВА,
Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты, актриса:
– Бұл күн шын мәнінде ақ түйенің қарны жарылған аса қуанышты әрі тарихи сәт болды десе де болғандай. Қуанышымызда шек жоқ. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қ.Қуанышбаев театрының кішкентай ғана сахнада үлкен туындыларды қойып жатқанын өз көзімен көріп кеткен еді. Бүгін міне, өзі тікелей мұрындық болып өнер әлемінің тынысын кеңейтті. Алғысымыз шексіз! Қазақ өнері жасасын! Ұлттық құндылықтарымыз жаңғыра берсін! Шығармашылық биіктіктерді бағындыра берейік дегім келеді. Театр тойы құтты болсын!