Жеке кәсіпкер Бекболат Бибалаевтың айтуынша, қоймада сақталған көкөніс пен жеміс жидектер халыққа базар бағасынан 10-15 пайызға төмен бағада сатылады. Ол үшін арнайы дүңгіршектер салынады. Сондай-ақ, аудан орталығынан шалғай жатқан ауылдарға барып, өнімдерін арзан бағада өткізуді жоспарлап отыр. Көкөністер Түркістан облысынан, Ресейден, жемістер Шымкент қаласынан, Түркия мен Польшадан тасымалданады.
Бүгін аудан әкімі Мұрат Ергешбаев қоймаға арнайы барып, жұмысымен танысты. Аудан басшысына жеке кәсіпкер қоймадағы көкөністер мен жеміс-жидектердің көлемін айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Қоймада жемістерді сақтайтын екі орын қарастырылған. Оған қажетті температураны ұстап түру үшін 2 тоңазытқыш сатып алынды. Ол үшін жеке кәсіпкер "Қазақстан Халық банкі" АҚ-ның Байқоңыр филиалы арқылы 21 млн теңге несие алған. Алдағы уақытта тоңазытқыштар орнатылатын қосалқы ғимарат салу, 2 рефрижатор жүк көлігін алу көзделуде.
Қазір қоймада Ресейден әкелінген 100 тонна картоп, 80 тонна жуа, 1,5 тонна қырыққабат, алма, жүзім, құрма сияқты жеміс-жидектер де бар.