Білім • 02 Желтоқсан, 2020

ЖОО-дағы қатаң есептілік нысандарынан 11 құжат алынып тасталды

735 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ведомствоның аппараттық отырысында министрліктің бірқатар бұйрығына өзгерістер енгізілгенін және оқытушылар толтыратын құжаттар көлемінің айтарлықтай қысқарғанын мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz

ЖОО-дағы қатаң есептілік нысандарынан 11 құжат алынып тасталды

"Тек қана соңғы өзгерткен бір бұйрықтың негізінде мысал келтірейін. Қатаң есептілік нысандарынан 11 құжат алынып тасталды. Олардың арасында оқу уақытын ай сайынғы және жылдық есепке алу ведомостары, білім алушыларды аралық және қорытынды аттестаттауға арналған бірнеше емтихан ведомостары, қорытынды аттестаттауды өткізу жөніндегі комиссия отырыстарының әртүрлі хаттамалары және тағы басқасы бар. Мысалы, бір ғана кафедраның жұмыс жоспарын жасау үшін 21 тармақтан құралған құжатты толтыру қажет, ал ол көп уақытты қажет етеді. Оның бәрі міндетті құжаттардың тізімінен қысқартылды", дейді Асхат Аймағамбетов.

Дегенмен, ведомство басшысы кейбір университеттер бұрынғы әдетіне салып, ескі талаптардан бас тарта алмай келе жатқанын тілге тиек етті.

"Құрметті оқытушылар, алдағы уақытта басшылық сол құжаттарды талап етсе, ҚР БҒМ-нің бұйрықтарына сүйенуге болады. Жалпы барлық құжаттар цифрлы форматта жүргізілуі қажет. Біз пандемия кезінде студенттер дипломдық жұмыстарын немесе диссертацияларын қашықтан қорғай алуы үшін "көк" мөр, рецензенттер мен менеджерлердің қолтаңбаларын жинау және т.б. талаптарды алып тастадық", дейді Білім және ғылым министрі.