Қазақстан • 02 Желтоқсан, 2020

Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдау рәсімдері жеңілдетілді

632 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мүгедек адамдарды әлеуметтік қорғау мәселесін қарау барысында ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолжетімді ортаны қамтамасыз ету туралы баяндама жасады.

Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдау рәсімдері жеңілдетілді

«Инфрақұрылымдық және әлеуметтік объектілер азаматтарға теңдей қолжетімді болуы үшін шаралар қабылдап жатырмыз. “Кедергісіз орта” қалыптастыру үшін ҚР ИИДМ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, Инфрақұрылымдық даму бойынша жол картасын бекітіп, іске асыра бастады», — деді Б. Атамқұлов.

Б. Атамқұловтың айтуынша, қазіргі уақытта бекітілген 18 іс-шараның 12-сі іске асырылды, олардың 6-ы тұрақты негізде жүзеге асырылады — бұл түсіндіру жұмыстары, мониторинг және бақылау. «Кедергісіз ортаны» енгізу бойынша жұмыстар құрылыс, азаматтық авиация, теміржол көлігі және автомобиль көлігі салаларында, тұрғын үй және қоғамдық ғимараттарда, оқу және медициналық мекемелерде жүргізіледі.

Ведомство басшысының айтуынша, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында заңнамаға түзетулер енгізілді. Қазіргі нормативтік база мүгедектігі бар жандарға қолайлы орта құруға қажетті барлық талапты қамтиды. Атап айтқанда, елді мекендер құрылысына, оның ішінде: көлік тұрағына, жүргіншілер жолдарына, пандустар мен баспалдақтарды қоса алғанда ғимараттарға кіретін есіктерге, лифтілерге және жалпы пайдалану орындарына қойылатын талаптар белгіленген. Салынып жатқан барлық жаңа тұрғын үйлер мен объектілер сол талаптарға сай болуы тиіс. Б. Атамқұлов жобалау мен құрылыстың барлық кезеңінде стандарттар сақталуы тиіс екенін атап өтті.  Ескі объектілер қолжетімді орта талаптарына сәйкестендіріледі.  Қазір жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік инфрақұрылым оъектілерін паспорттауды жүргізіп жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша 34 279 объектіні паспорттау жүргізілді.

«Мониторинг нәтижесі 24 939 объект (97,9%) қолжетімді ортаға бейімделгенін көрсетті. Өңірлер арасында ең төмен көрсеткіш Шығыс Қазақстан облысында (85,7%), Алматы қаласында (96,5%) және Маңғыстау облысында (97,3%) байқалады», — деді ҚР ИИДМ министрі.

Заңнамалық талаптарды тікелей іске асыруды және олардың сақталуын бақылауды жергілікті атқарушы органдар өздеріне тиісті аумақта іске асырады. Осыған байланысты әкімдіктер кедергісіз ортаны қамтамасыз ету жөніндегі талаптардың сақталуына бақылауды күшейтуі қажет. Азаматтық авиация саласына келетін болсақ, мұнда мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға қызмет көрсету үшін қолайлы жағдайлар жасалуда. Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мүмкіндігі шектеулі жолаушыларды тасымалдау стандарттарының сақталуын үздіксіз қадағалайды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпаратына сәйкес, Қазақстанда мүгедек адамдарды тасымалдау рәсімдері жеңілдетілді. Мәселен, ұшу кезінде өз денсаулығы үшін жауапкершілікті өзіне алу және ұшу кезінде мүгедектігі бар адамдарды міндетті түрде алып жүру туралы қолхат беру жөніндегі талаптар жойылды. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ұшу кезінде қажетті дәрі-дәрмектер мен басқа заттарды қол жүгімен тасымалдауға рұқсат етіледі. Мұндай жұмыс темір жол тасымалдары саласында да іске асырылуда. Б. Атамқұловтың баяндауынша, 2022 жылдың соңына дейін арнайы вагондардың жетіспеушілігі проблемасын толық шешу жоспарланған. Ведомство алдында мүгедек жандарды тасымалдауға арналған мамандандырылған вагон купелер санын 98-ден 122-ге дейін жеткізу міндеті тұр. 

«Бүгінде барлық пойыздарда мүгедектер арбалары бар және жүріп-тұруы шектеулі адамдарды отырғызу және түсіру кезінде көмек көрсетіледі. Пойыз бригадаларының барлық қызметкерлері арнайы оқытылды және жүріп-тұруы шектеулі және ментальды ауытқуы бар жандарға көмек көрсетуде тәжірибелері бар», — деді министр. 

Сонымен қатар жолаушылар пойыздарына билеттерді жеңілдікпен сатып алуға бар жағдай жасалған. Биыл маусым айынан бастап bilet.railways.kz сайтында мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін жеңілдікті билеттерді онлайн рәсімдеу жаңа қызметі енгізілді. Сол арқылы билеттерді үйден шықпай-ақ сатып алуға болады. Әлеуметтік маңызы бар бағыттарда барлық топтағы мүгедектер үшін 50%, ал «Тұлпар-Тальго» коммерциялық пойыздарында (мүгедектер орындарына) билет құнынан 70% жеңілдік беріледі. Сондай-ақ билеттерді сату жүйесін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мүмкіндігі шектеулі адамдардың дерекқорымен интеграциялау жұмысы жүргізілуде. Министр республиканың теміржол вокзалдарының белгіленген талаптарына сәйкестігі туралы да айтты. Оның берген мәліметіне сәйкес, қазір барлық 99 вокзал мүгедектерге қызмет көрсету талаптарына толық сәйкес келеді. Жергілікті атқарушы органдарға (Алматы қаласы, Шымкент қаласы, Түркістан және Павлодар облысы әкімдіктерінің) қарасты 7 теміржол вокзалы белгіленген талаптарға сәйкес келмейді. Биыл «Қазақстан темір жолы» АҚ баспалдақтармен қозғалуға арналған индукциялық панельдер мен көтергіш құрылғылар орнатты. Вокзалдарды жаңғыртуға шамамен 800 млн теңге қаражат қарастыру қажет. Осыған байланысты әкімдіктер қаржыландыру көздері мен тетіктерін анықтау жұмысын күшейтуі тиіс. Сондай-ақ, Қазақстанның автовокзалдары мен автостанцияларында да сәйкестік мониторингі жүргізілді. Елімізде барлығы 33 автовокзал мен 114 автостанция жұмыс істейді.

«Жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша, 32 автовокзал және 98 автостанция мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қолжетімділік талаптарына сай. Қалалық бағыттарда қызмет көрсететін 10 623 автобустың тек 30% проценті қажетті талаптарға сай келеді», — деп толықтырды Б. Атамқұлов.

Биыл өңірлер 23,7 млрд теңгеге өз елімізде шығарылған 585 автобус сатып алды. Барлық жаңа автобустар қолжетімділк талаптарына сай келеді.  Сонымен қатар ақысыз инватакси қызметтерін көрсету тәртібі туралы хабарланды. Мәселен, заң жүзінде арбамен жүретін мүгедектерді тасымалдау үшін әрбір 30 таксиге бір таксидің және мүмкіндігі шектеулі адамдардың көлік құралдарына арналған тұрақта 10% орынның болуы бекітілген. Өңірлерде қазіргі таңда 119 инватакси қызметі жұмыс істейді. Олардың автопаркі 375 көліктен тұрады.  Жалпы, Министрлік тарапынан Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияның негізгі қағидаттарына сәйкес заңнамалық деңгейде шаралар қабылданды.

«Импортты алмастыру аясында “Тыныс” АҚ кәсіпорны электр және механикалық жетегі бар отандық мүгедектер арбасын шығаруды жолға қойды. Өндірістің жылдық көлемі 5 мың арба. Яғни, 2025 жылға қарай 25 мың арба шығарып, ішкі нарықтың қажеттілігін толық өтей алады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен электр жетегі бар 1 381 арба жеткізу туралы келісімшартқа қол қойылды. Жалпы сомасы 1,2 млрд теңге», — деді министр.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше