Үй маңында абыр-сабыр болған тұрғындар өрт ішінде пәтер иесі – егде адам қалғанын айтып жатты. Ойлануға кеш еді. Офицер жүгірген бойы бесінші қабатқа шығып, қып-қызыл оттың ішіне қойып кетті. Абырой болғанда қарт адамды құтқарып алып шықты. Бұл оқиға антына адал сардардың ар бұйрығын орындаған бір сәті еді.
...2015 жыл, Отан қорғаушылар күні қарсаңы. Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бірқатар әскери қызметшіні әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін мемлекеттік наградалармен марапаттады. Олардың қатарында мемлекеттік «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған 5546 әскери бөлімінің әскери полиция бөлімшесінің бастығы подполковник Салауат Әлімжанұлы Қабдықұлов та бар еді.
Елбасы Салауатқа мемлекеттік марапатты тапсырып тұрып: «Шен үшін емес, Ел үшін қызмет жаса» деген екен. Осы сөз оралдық офицердің жадында әрдайым жүреді.
– Қазақстан Республикасына қызмет етемін! – дейді Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5546 әскери бөлімі жанындағы әскери полиция бөлімшесінің қызметкері, подполковник Салауат Қабдықұлов.
Батыс Қазақстан облысы