Қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Асқар Тоқпановтың қолтаңбасында көрерменімен қауышқан қойылым биыл тарихына тура 80 жыл толтырып отыр. Театр тарихындағы елеулі оқиғаның бас ақынның 175 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуі де кездейсоқтық болмаса керек. Осыған орай қазақ сахнасына Абай бейнесін шығарған актерлердің өнеріне шолу жасап, әртістердің хакім табиғатын сараптаудағы өзіндік ерекшеліктерін екшеп көргіміз келді.
«Тарихта ізі қалған дара тұлғалармен кездесудің киелі орны − театр сахнасы» деп сөз зергері Ғабит Мүсірепов айтып кеткендей, біз ұлы Абай бейнесімен театр сахнасында сан мәрте жолықтық. Әйтсе де алғашқының орны бәрібір айрықша. Себебі ол ең әуелі тұңғыш болып тарихқа енуімен құнды. Қазақ театр тарихында Абай бейнесін алғаш сахнаға шығарған актер ретінде Қалибек Қуанышбаевтың есімі айрықша аталады. Өйткені Қалибектің Абайы – дара Абай. Айтулы қойылымның режиссері Асқар Тоқпановтың: «Қалибектен кейін Абайды талай дарынды актерлеріміз ойнады, бірақ Қалибек – Абай біреу-ақ! Ол – Хантәңірінің биік шоқысында оқшау тұрған бейне!» деп тамсана таңдай қағуы соның айғағы.
Әлбетте, бұл – қойылым жарыққа шығып, көрермен тарапынан жоғары бағаға ие болғаннан кейінгі айтылған пікір. Ал алғашқы «Абай» сахна көргенге дейінгі шығармашылық ұжымның, оның ішінде режиссер мен басты рөлдегі актердің ұлы тұлға жайындағы спектакльдің сапалы шығуы жолындағы төккен тері өлшеусіз. Абай бейнесін тұңғыш рет сахнада жасау, ойдағыдай шығару – халық қиялына сіңген ұлы адамның жарқын тұлғасын қайта туғызу Абай рөліндегі Қалибек Қуанышбаевқа да, өмірлік шығармашылық тәжірибесі аз сол кездегі жас режиссер Асқар Тоқпановқа да оңай тиген жоқ. Өйткені бұл «Абайдың» көзі қарақты талғампаз көрерменнен бөлек, қатал да талапшыл тағы бір сыншысы болды. Ол – әйгілі трагедияның авторы, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов еді.
...«Репетиция басталып кетті. Айдар мен Ажарды байлау сахнасынан бастап ойға шомып тұрған Абайға Оразбайдың: «Аруақ бары рас болса, қанат-құйрығыңды отармын сенің!» – деген тұсына дейін үні шықпай отырған автор, Абайдың: «Сен не дейсің?» деген жерінде атып тұрып, жүгіріп бірінші қатарға жетіп кеп:
– Ей, Қалибек, «сен не дейсің?» дегенді айта алмайсың ғой... Тілің күрмеледі ғой... Осы күнге дейін бір ауыз сөзін айта алмайсың. Сенен қалай Абай шығады? «Сен не дейсіңде» бүкіл Абай бейнесінің кілті тұр. Осы бір ауыз сөзінде күйіну де, түңілу де, тебірену де, таңдану да, тағысын-тағы толып жатқан көп астарлы сыр жатыр. Ал сенің «не дейсіңіңде» жалаң қабат, жай адамның айтатын, онда да тұтықпа жабының үні ғана бар. Пәлі, сендердей актері бар, мынадай (мені нұсқап) режиссері бар мен бақытсызбын. «Абай» трагедиясы – симфония, ал симфонияны балалайкамен ойнаса не болар еді? Сендер балалайкашысыңдар, – деп, Қалибекті де, мені де, бүкіл коллективті де қатты мұқатып, күдер үзе, автор Семейге жүріп кетті», – деп еске алады сол сәтті қойылым режиссері Асқар Тоқпанов.
Бұл мысалға қарап отырып Әуезовтің қандай Абайды көргісі келгенін, қандай биік талаптар қоятынын қапысыз аңғарамыз. Әлбетте, осы бір қатал сыннан кейін режиссерге де, актерге де тез арада жиналуға, тек сыртқы бейне емес, ішкі тереңдік, тіпті тіл ұстарту мәселесіне де дендеп дайындалуға тура келді. Машақатқа толы мұндай күндерді режиссер Асқар Тоқпанов өз естелігінде былай сөйлетеді: «Қалибек Қуанышбаев Абайдың әр сөзіне қуанады да, сүйінеді де, күйінеді де, бірақ Абайға тән қуаныш, сүйініш, күйініш жоқ. Қинала, тебірене ізденуде болдық. Бір күні маған мынадай ой келді: «Абайдың портреттік гримін жасатайын, мүмкін Қалибек өзінен шыға алмай жүрген болар. Марқұм Сергей Иванович Гуськовты шақырып алып:
– Қымбатты Сергей Иванович, Абайдың портреттік гримін іздеп көрейікші, – дегенде, ол кісі: – Мақұл, бірақ актер, өзің, мен – үшеуіміз ғана боламыз. Басқа адам бөгет жасамайды, – деді. Сергей Иванович үш кісі әрең сиятын тар гримдеу бөлмесінде отырып, Абайдың белгілі суретін салып, гримді бастады. Паригін кигізіп, кең маңдай, екі жағы тең әдемі қасын, сүйкімді, қою да емес, селдір де емес сақал мен мұрт орнатқанда, Қалибектен жұрнақ та қалмай, дәл алдында тірі Абай отырғандай болды. Қарасы да, тыңдасы да, тұрысы да, отырысы да – бәрі-бәрі Абай болып шыға келді. Ал Абай гримімен актерлерге келгенде, бәрінің көзқарастары, бағалаулары мүлде өзгеріп кетті. Үлкенді-кішілі − бәрі-бәрі ибадатпен, құрметпен қарсы алысты. Тірі Абайды көргендей болып, ардақтап, бас ие қабылдады». Тіпті Абай бейнесіндегі Қалибек Қуанышбаевты көріп ұлы Мұхтар Әуезовтің өзі риза болып: «Пәлі, жаман Қалибектен жап-жақсы Абай туыпты» – деп сәбише қуанатын сәті де осы кез.
Асқар Тоқпановтың естелігіне сүйеніп, бұл мысалды бекер келтіріп отырған жоқпыз. Өйткені Абай рөліне актер таңдаудың да әу бастағы машақаты мол болған. Автордан бастап, театрдағы әріптестері сенімсіздікпен қараған. Тек режиссердің қолдауымен үлкен тәуекелге барған Қаллеки – Қалибек Қуанышбаевтың жаңа қойылымға дайындық жүрген 6 ай уақытта көрмеген қиындығы жоқ. Әйтсе де өнер жанкештілікті талап етеді. Сол қасиетінің арқасында Қалибек Қуанышбаев қазақ өнеріндегі шоқтығы биік тұлғаға айналды.
«Театр коллективінде Абайды орындайтын ол кезде даяр тұрған актер де жоқ еді. Мұндай бейнені кім жасамақ? Кімнің қабілеті жетеді? Мұхтардың өзі де Абайға лайық актер таба алмай: «...Әттең, актер Свердлин қазақша білсе, нағыз Абайдың бейнесін жасай алар еді-ау!..» деп ішкі арманын аһ ұра айтып салған-ды. Мен Абайды Қалибекке бердім дегенімде, тіпті актерлер де сенген жоқ. Оны мен Шәкен (Айманов) мен Қапанның (Бадыров): «Тоғызыншы дублер болсақ та Абайды ойнаймыз...» деген тілектерінен аңғардым. Ал сол кезде театрдың белді актері саналып жүрген Елубай Өмірзақов (Отелло, Жантас, Амангелді бейнелерін жасаған. – авт.) менің «Абайды қоюыма әу бастан қарсы болды. Әрі Елубайдың табиғаты Абайға келмес те еді. Трагедияда ойнау үшін ең алдымен актердің даусы және сөз аппараты жақсы болуы керек. Оның үстіне трагедиялық қызуқандылық қажет. Әрбір дарынды актер трагик бола бермейді. Сонымен коллективте бір ғана әртіс үміт сәулесін береді. Ол – Қалибек Қуанышбаев».
Бұл – қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Асқар Тоқпановтың Абай бейнесін сахнаға шығару барысындағы шығармашылық ұжымға үлкен сабақ болған, жігерін жаныған тарихи сәтті суреттеген естелігі. Осы оқиғадан кейін бар күш-мүмкіндігін жұмылдырған театр ұжымы 1940 жылдың 20 қазанында сахнаға ұлы Абай бейнесін өз биігінде шығарды. Автордың да, сыншылардың да аса жоғары бағасына ие болып, спектакль театр әлемінде шын мәніндегі үлкен оқиғаға айналды. Театр зерттеушісі Н.Львов өзінің «Казахский академический театр драмы» еңбегінде актер Қ.Қуанышбаев сомдаған Абай бейнесі туралы былай деп жазды: «Қ.Қуанышбаев ойыны рөлге берілудің ғаламат мысалындай болып, ақынның ішкі жан дүниесін ашуда үлкен актерлік күш пен тегеуріндік көрсетті, Абайдың маңайына жиналған шәкірттеріне деген ұлағатты ұстаздығының шегі жоқ тектілігін білдірді. Ал шығыс елдерінің ұстаздық мектебінің сүйегі шешендікпен түп-тамырлас екені бесенеден белгілі».
Тоқпанов пен Қуанышбаевтың тамаша тандемінен кейін араға тура 22 жыл салып «Абайға» сол кездегі реформатор режиссер Әзірбайжан Мәмбетов қайта оралды. Бұл жолы сахнада Абай болып өмір сүру бақыты Ыдырыс Ноғайбаев пен Мүлік Сүртібаевқа бұйырды. Осылайша 1962 жылы Абай бейнесі екінші мәрте сахнаға жол тартты. Ұлы әртіс Қ.Қуанышбаевтың кеңесіне сүйене отырып, талантты режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің шарттылық түрін қатаң ұстанған, яғни тұрмыс-салттық белгілерінен аулақ тартып, трагедиялық, романтикалық әсерді күшейту тәсілін нысанаға алған жаңаша режиссурасына лайықты әрекет жасау актерлерге жауапты міндет жүктеді. Сол тарихи сәтті көзімен көрген, актерлер ойынына куә болған театр мамандары – сыншылар пікіріне ден қойсақ, Қалибек Қуанышбаев сомдаған Абай – ұстамды, салмақты, данышпан Абай болса, Ыдырыс Ноғайбаев бейнелеген Абай – күрескер, жалынды, қайратты Абай болған деген салыстырмалы сараптамалық пікірлерге кезігеміз. Оның бір айқын дәлелі белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай «Сахна әлемі» кітабында: «Сыншы Қажықұмар Қуандықов ағамыз «Абай рөлінде Ыдырыс Ноғайбаев ойнайды дегенді естігенімізде, көңілімізде зор күдік туды. Бұл күдік, сенімсіздіктің өзі Ыдырысты бұрын Көтібар, Есен сияқты албырт, даңғаза батырлар рөлінде көріп, көз үйреніп қалғандығында еді. Актердің қатқыл шығатын зор дауысы, батырларға жарасты батпан қимылы, сөйлеу мәнері ақын рөлінде қандай өзгеріс табар деген күдік еді» десе, театр сыны саласының негізін қалаушы Қажықұмар Қуандықов «Тұңғыш ұлт театры» еңбегінде: «Спектакльді алғаш көргенде, бұл күдік біраз сейілді. Қайталап көрген кезімізде, Абай – Ыдырыс ойынынан ұнамдылық таптық, ақын тұлғасының жаңа қырларын көргендей болдық», – дей келе сыншы ойын әрі қарай былай жалғастырады: «Актердің оқиға трагедиясын, айналасындағы адамдардың мінез, қылығын, көңіл күйлерін сезінуі әлі де жүрек тебірентерліктей әсерлі еместігі ақынның толғаныс солғындығы ескеріледі. Ы.Ноғайбаев ойынындағы Абай бойындағы аталық махаббат, ауыр қазалар үстіндегі қайғы-шер жазушы суреттеген дәрежеден төмен жатады. Ойынында айғай басым болып кететін сәттер бар. Абайдың өз басы, туыс-достары, әкесі Құнанбай да даңғазалықты қатты мінеп, одан шытынып отыратын жандар болған. Жалпы, бұл спектакль рухына шу – жат» – дейді.
Жалпы, бұл кезеңде Ыдырыс Ноғайбаевпен бірге айтулы рөлді Мүлік Сүртібаев та екі құрамда қатар ойнады. Әйтсе де сыншылар көзіне түсіп, пікіріне арқау болып, күрескерлік тұлғасымен көп көңіліне ой салғаны – Ыдырыс Ноғайбаев ойыны. Абай әлеміне бастаған Қалибек Қуанышбаев салған сара жолды Қапан Бадыров, Ыдырыс Ноғайбаев, Мүлік Сүртібаевтар сәтті жалғаса, бүгінгі таңда Абай бейнесі Тілектес Мейрамов, Болат Әбділманов, Ерлан Біләл, Азамат Сатыбалды, Нұркен Өтеуілов ізденістерімен іргелі ізін үзбей, көрерменін ұлы ақын бейнесімен оқтын-оқтын қауыштырып келеді.
Күні бүгінге дейін Абай бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов ойынында танып, біліп қалған көрермен, кейінгі кезде ұлы ақын бейнесіндегі тағы бір тамаша актермен қауышты. Ол – елордалық Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіловтің сомдауындағы Абай бейнесі.
Сөзіміздің басында айтып өткеніміздей, сахна өнерінде Қалибек Қуанышбаев шыққан ең биік шың – Абай рөлі десек, бүгінде сол биікті бағындыруда Нұркен Өтеуілов жемісті еңбек етіп жүр. Абай – қалпақпен қағып алатын, жүрдім-бардым қарайтын кезекші рөл емес, күрделі бейне. Алып бейнесін шығару актерден ішкі зиялылық пен тереңдікті талап етеді. Үздіксіз ізденіске жетелейді. «Мыңмен жалғыз алысқан» ақын бейнесінің сахнагерге артар зіл батпан ауыртпалығы да, ешбір атақпен өлшенбес абыройға бөлер құдіреті де қатар жүреді. Жас та болса актер Нұркен осы жауапкершіліктің салмағын жете түсінеді. Өзін үнемі Абай шығармашылығымен сусындатып келе жатқан өнер иесінің кейіпкер бейнесін ішке сіңірудегі сол ізденісі әр сөзі мен әрекетінен, әр демі мен үнсіздігінен сезіліп тұрады. Сахнагердің сомдауындағы ақын бейнесі осы бір ішкі иірімдерімен, күрделі күңіреністерімен бірден көз алдыңызда биіктей жөнеледі. Бұл – ең бірінші классиканың құдіреті болса, екіншіден, актер ізденісінің жемісі деп бағалау керек.
Актер Нұркен Өтеуілов ойынының үлкен жетістігі – сахнагер өзге әріптестері салып кеткен сара жолды құрметтей отырып, Абай бейнесін сомдауда өз сүрлеуін сала білгендігі. Ол тұңғыш рет Абайды портреттік бейне бедерінен алып шығып, ақын, ұстаз, қайраткер тұлғаның жан дүние арпалысы мен жалпы адами қалып, пендеуи мінез-құлықтарын да сахнада сәтті сараптай білді. Режиссер Әлімбек Оразбектің режиссерлігімен 2010 жылы қойылған Мұхтар Әуезовтің классикалық Абайын кемеліне келтіре кейіптей отырып, өзінің ізденісін әрі қарай ұлы ақын қарасөздері негізінде түзілген «Жан» атты жаңа моноспектакльде әрі қарай жалғастырады. Бұл – Нұркеннің өз Абайы. Өйткені актер Нұркен өз Абайына келу үшін ұзақ жыл ғұлама Мұхтар Əуезовтің Абайымен «ауырды» һәм сол арқылы кемелденді. Ол Абай бұл Абайға келу жолындағы актердің дайындығы десек, тіпті де артық айтқандық емес.
Иə, расымен де, бұл Абай бұрынғыдан өзгерек. Мұнда ел білетін, сіз бен біз шамамыз жеткенше тануға үздіксіз талпынып келе жатқан кемеңгер Абайдан бұрын, адам – Абайдың жаны сайрап жатыр. Абайды іздеп келген көрермен сахнадан өзін жолықтырады. Пендеуи тірлігімен бетпе-бет келеді. Сонысымен де Нұркен ойынының бәсі басым, ерекшелігі мол. «Автордың идеясын көрермендерге жеткізетін актер – сахнаның ақыны» десек, актер Нұркен Өтеуілов Абай бейнесі арқылы шын мәнінде сахнада ақындық, кемеңгерлік биікке көтеріле алған.
«Абай» трагедиясы сахнаға шыққалы бері де ғасырға жуықтапты. Сол аралықта еліміздің түкпір-түкпіріндегі театрларда түрлі «Абайлар» үздіксіз қойылып келеді. Оның қарқыны биылғы ақын мерейтойы тұсында тіпті үдей түскені және анық. Әйтсе де, барлық актердің бағыт түзеп, бағдар алатын бір-ақ құбыласы бар, ол – Абайдың шығармашылық мұрасы.Олай дейтініміз, Абай бейнесі – үлкен сынақ. Нақтылай түссек, ұлттық, халықтық сынақ. Себебі Абай бейнесі парасаттылық пен абыройды өнбойына жинаған бірден бір тұлғалық образ. Ендеше келешекте Абай бейнесін сомдайтын актерлер тұлға тереңдігін түсініп, сол сынақтан сүрінбей өтсе деген тілегіміз бар. Өйткені Абайды ескі сүрлеуден алшақ әкетіп, тәуелсіз заман жастары танымында жаңаша танитын кезең әлдеқашан туған.