Парламент • 03 Желтоқсан, 2020

Маңызды түзетулер мен толықтырулар мақұлданды

220 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палатаның кезекті жалпы отырысы өтіп, онда еліміз үшін маңызды бірқатар заң жобасы мақұлданды.

Маңызды түзетулер мен толықтырулар мақұлданды

Цифрландыру үдерісіне сәйкес қадам

Тарқата айтар болсақ, «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқы­лым­­да қаралып, мақұлданды. Пар­­ламент депутаттары әзір­леген бұл заң жобасы жол жүрі­сі саласындағы заңнаманы жетіл­діруге бағытталған. Заң жобасы бо­йынша баяндама жасаған Мәжі­ліс депутаты Қанат Мусин: «Құжат­та Қазақстанда берілген жүр­гізу­ші куәлігін және көлік құра­лын тіркеу туралы куәлікті жүргізу­шінің өзімен бірге алып жүру­ге міндеттейтін нормалар­ды алып тастау көзделген және де аталған нормаларды сақтама­ғаны үшін әкімшілік жауапты­лықты алып тастау ұсынылады. Сонымен қатар заң жобасында жол салушыларды жолға байланысты құрылыстарды алдын ала келісуге және оларға сараптама жүргізуге міндеттейтін нормалар көзделеді. Сондай-ақ шығарылған уақыты 10 жылдан асқан автобустарды бастапқы мемлекеттік тіркеуге тыйым салу ұсынылады», деді.

Талқылау барысында депутат Фахриддин Қаратаев: «Жасы­раты­ны жоқ, кейбір аймақтарда жолаушыларды ескі автобус­тармен тасымалдайды. Тіпті өт­кен ғасырдың 80-жылдары шығарылған автобустар да кез­деседі. Осы норманы қабылдау ескі авт­о­бустарды пайдалануға бол­май­тын жағдайға алып келмей ме?» деген сұрақ қойды.

Әріптесінің сауалына орай Қанат Мусин әлгі өзгеріс еліміз­дегі жолаушылар тасымалына ешқандай кедергі келтірмейтінін айта келіп, «Бұл қазір пайдаланы­лып жүрген автобустарға қаты­сы жоқ. Аталған өзгеріс Қазақстанға тек бірінші рет әкелінген, ал­ғаш тір­кеуге қойылатын автобус­тар­ға байланысты. Себебі автобус­тар­дың көбісі ескі, осының салдарынан апаттар жиілеп кетеді. Сондықтан тиісті норма енгізіліп отыр», деді.

Айта кетейік, аталған заң жобасы Мемлекет басшысы­ның Ұлт­тық қоғамдық сенім кеңесі­нің екінші отырысында жүргізу­ші­лердің көлік құралына Қазақ­стан Республикасында берілген жүр­гізуші куәлігі мен тіркеу құ­­жат­тарын өзімен бірге алып жүр­­мегені үшін әкімшілік жауап­кер­шілігін алып тастау туралы берген тапсырмасын іске асыруға бағытталған. Көрсетілген құжаттар ішкі істер органдарының дерекқорында бар және қажет болған жағдайда полиция қызмет­кер­лері олардың бар-жоғын дерек­қорға қосылу арқылы тексере алады. Мәжіліс Төрағасы Н.Нығ­­матулиннің пікірінше, қа­зір­гі ақпараттық технологиялар кеңі­нен дамыған цифрлы кезең­де жүргізушілерден тиісті құжат­тарды талап ету, ол – қажетсіз. Себебі полиция жүргізуші мен оның көлік құралы туралы барлық қажетті ақпаратты жеке куәлік негізінде электронды мәліметтер қорынан таба алады. Айта кету керек, түзетулер шетелдік жүр­гізу­шілер мен шетелдік көлік құрал­дарына қолданылмайды.

 

Ғылыми әлеуеттің бәсекеге қабілеттілігі артады

Депутаттар «Қазақстан Рес­пуб­­ли­касының кейбір заңнама­лық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жо­ба­­сын бірінші оқылымда ма­құл­­дады. Заң жобасы туралы баян­­дама жасаған депутат Жәмила Нұрманбетова құжатта ұлттық ғылыми кеңестерге ком­­мер­ция­ландыру жобаларын мем­ле­­кеттік бюджеттен қар­жы­лан­­­дыру бөлігінде функ­­ция­лар беру көзделетінін жет­кізді. Сон­дай-ақ ол құжатта конкурс­тық рәсім­дердің ашық болуы мақ­сатында Ұлттық мемлекеттік ғылы­ми-техникалық сараптама орталығына ғылыми, ғылы­ми-техникалық жобалар мен бағдар­ламалардың, ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларының сараланған тізімін қалыптастыру және ұлттық ғылыми кеңестерге жіберу қарастырылғанын, ғы­лыми, ғылыми-техникалық қыз­мет нәтижелерін коммерция­лан­дырудың орындалған жоба­ларының нәтижелерін баға­лау және нәтижелілігіне мони­то­рингті жүзеге асыру жөнін­дегі функ­цияларды беру ұсыны­латы­нын айтты. Бұдан басқа құжат бойынша ғылыми, ғылыми-тех­ни­калық қызмет нәтижелерін ком­мерцияландыруды гранттық қар­жыландыруға арналған кон­курсқа ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің аккредиттелген субъектілері ғана қатысады деп белгіленеді. Үздік ғылыми қызметкерлерге «Үздік ғылыми қызметкер» атағын беру және 2000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде грант беру арқылы оларды материалдық көтерме­леу шаралары көзделіп отыр. «Тұтастай алғанда, заң жобасын қабылдау ғылымның ел экономикасын дамытуға қосатын үлесін жақсарту, ғылыми әлеуеттің бәсе­кеге қабілеттілігін арттыру үшін қажетті жағдайлар жасайды деп есептейміз», деді депутат.

 

Конвенция ережелері заңнамалық актілерге енгізіледі

Отырыста «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне Каспий теңізінде қыз­метті жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақ­ұлданды. Заң жобасының не­гізгі мақсаты – Каспий теңізінің құқық­тық мәртебесі туралы кон­венцияның ережелерін еліміздің бірқатар заңнамалық актілеріне енгізу.

Заң жобасына қатысты баяндама жасаған Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді «2018 жылғы 12 тамызда VI Каспий саммиті барысында қол қойылған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны Қазақстан 2019 жылғы 8 ақпанда ратификациялады. Конвенция құқықтық реттеуді қажет ететін әрбір мәселе бойынша табанды әрі қағидатты пікір-таластармен қоса, 20 жылдан астам уақыт алған ұзақ және күрделі келіссөздер үдерісінің нәтижесі болды. Каспий жағалауы мемлекеттері акваторияны әртүр­лі режімге, аумақтарға, ішкі су­ларға, ені 15 теңіз милі бола­тын аумақтық суларға, 10 миль­дік балық аулау және ортақ теңіз ке­ңістігіне бөлу туралы консенсусқа қол жеткізді», деді Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.

Құжатта «балық аулау ай­мағы», «балық аулау аймағының режімі» деген ұғымдар енгізілген. Сондай-ақ балық аулау аймағын­да су биологиялық ресурстары­на кәсіпшілік жүргізуге Қазақ­стан Рес­публикасының айрық­ша құқық­­тарының сақталуын бақы­лау жөніндегі мемлекеттік орган­дардың құзыреті және олардың өзара іс-қимыл жасау тәртібі бекітіледі.

 

Оңтайлы өзгерістерге қолдау білдірді

Жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне уран өндіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да ма­құлдады. Онда уран өндіру кезе­ңін ұзарту рәсімін жетілдіру, жер қойнауын пайдаланушыларға уран өндіру кезеңінде геология­лық құрылымдарды және уран кен орны қорларын нақтылау мақ­сатында өндіру учаскесін жете зерт­теуді жүргізу мүмкіндігін беру қарастырылған. Сондай-ақ уран өндірудің тәжірибелік-өнер­кәсіптік жобаларына қойы­латын талаптар, уран өндіру сала­сындағы жобалау құжат­тары­на мемлекеттік сараптама жүргізу тетігін айқындау көзделген. Заң жобасымен жұмыс істеу барысында жұмыс тобының мүшелері жобалау құжаттарына және игеру талдауларына тәуелсіз сарапта­ма ұйымдастыру және жүргізу шы­­ғын­дарын өтеуге, уран кен ор­ны қорлары көлемінің өсімі бас­­­тап­­қы көлемнен 30 және одан да көп пайызға артқан жағдайда, жер қой­науын пайдаланушының өңір­­дің әлеуметтік-экономикалық дамуы­на бағытталған жобаны іске асы­ру жөніндегі қосымша мін­дет­­те­­мелеріне қатысты түзетулер бар.

Одан әрі палатада «Нотариат туралы» заң жобасы талқыланып, мақұлданды. Бұл заң жобасын әзірлеудің негізгі мақсаты – нотариат туралы заңнаманы, сонымен қатар жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заң­ды мүдделерін қорғаудың құ­қық­тық жүйесін жетілдіру. Түзе­тулердің бірінші блогы – нотариат жұмысындағы цифр­лы тех­нологияларға арналған. «Түзе­ту­лердің бірінші блогы нотариат жұмысындағы цифр­лы тех­но­логияларға арналған. Нот­а­­риаттық қызметті одан әрі цифр­­ландыру – жасалатын іс-қи­мылдардың жеделдігін, ашық­тығын және заңдылығын қамта­масыз етуге мүмкіндік береді, но­тариаттық құжаттарды ресім­деу­ді жеңілдетеді. Бұл үшін элект­ронды нотариаттың жекелеген ерекшеліктерін заңнамалық реттеу қажет», деді депутат Балайым Кесебаева. Оның айтуынша, заң жобасында «нотариаттық құпия» ұғымы енгізіледі. Нотариаттық құпия – нотариаттық қызметтің негізгі принциптерінің бірі және кепілі болып саналады. «Тәртіптік іс жүргізуді объективті және жан-жақты қарау мақсатында ша­ғымдарды республикалық дең­гейде қарайтын Республикалық нота­риаттық палатаның тәртіптік комиссиясын құру заңнамалық тұрғыда бекітіледі. Заң жобасын­да электронды құжаттың қағаз жет­­­кіз­гіштегі құжатпен тең мән­ді­­лі­­­гін куәландыру және қағаз тү­рін­­­­дегі құжаттың электронды құ­­жат­­пен тең мәнділігін куәлан­ды­ру сияқ­ты екі жаңа нота­риат­тық іс-әрекет енгізіледі», деді депутат.

Сонымен қатар депутаттар Қазақ­стан мен Біріккен Араб Әмір­­ліктері елшіліктерінің қажет­тіліктеріне Нұр-Сұлтан қаласында және Әбу Даби қаласында жер учаскелерін өтеусіз пайдалануға өзара беру туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады. Келісімде Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің аумағында екі мемлекеттің елші­лік объектілерін салу қажеттілігі үшін жер учаскелерін өзара алмасуды құқықтық қамтамасыз ету қарастырылған. Осыған бай­ла­нысты, өтеусіз жер пайда­лану шартымен 49 жылға, кейін­нен осындай мерзімге ұзарту мүмкін­дігімен, біздің елімізге Әбу Даби қаласынан алаңы 1,2 гектар болатын жер учаскесі беріледі.

Отырыс барысында Мәжіліс екінші оқылымда «Мақта саласын дамыту туралы» заңның күші жойылды деп тану және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізу туралы» және ветеринария мәселелеріне қатысты заң жобаларын мақұлдады.

Жиын барысында Мәжіліс депутаттары «Мемлекетаралық стан­дарттау жөніндегі құжат­тарды тарату туралы келісімді ратификациялау туралы», сондай-ақ «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бағалы металдармен және асыл тастармен операцияларды жүзеге асыру ерекшеліктері туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобаларын жұмысқа алды.

Отырыс соңында Н.Әшім­бетов, Ш.Хахазов, Д.Еспаева және А.Перуашев құзырлы орындарға депутаттық сауалдарын жолдады. Мәселен, Н.Әшімбетов Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ә.Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында халықтың табысы төмен бола тұра, азық-түлік құнының өсуі жалғасып отырғанын, жыл басынан бастап азық-түлікке деген инфляция 10%-дан асқанын, бұл – ЕАЭО деректері бойынша осы ұйымға кіретін елдер арасындағы ең жоғары көрсеткіш екенін жеткізді.

Депутат Дания Еспаева Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына жолдаған сауалында ««Ақ жол» демократиялық партиясының фракциясы Үкіметке шұғыл түрде «Дәрігер мен медицина қызмет­кері­нің мәртебесі туралы» заң жобасын әзірлеп, енгізуді ұсынады», деді.