Құны 2 миллиард 157 миллион теңгеге бағаланған жобаның құрылысын «Мелиориатор» ЖШС 10 айдың ішінде жүзеге асырған. 77 шақырымдық су құбырына қоса 17 шақырымдық электр желісі жүргізіліп, бұл іске 60 адам тартылыпты. Таза су бүгінде Жымпиты мен Өлеңті ауылдарына жеткен, болашақта Шағырлай, Бұлан, Жамбыл, Жырақұдық, Қособа ауылдарына құбыр тартылады. Осылайша Сырым ауданы тұрғындарының тең жарымы ауыз су тапшылығынан құтылмақ.
– Кеңащыдан тартылған 77 шақырымдық магистралды су құбыры Жымпиты және Өлеңті ауылдарындағы жаз айларындағы су қысымының азаюы мәселесін шешеді деп ойлаймын. Осы кезге дейін пайдаланған Данилл нүктесі күніне 500 текше метр су өндіретін болса, халық тұтыну үшін бұдан екі есе артық мөлшерде су керек болды. Кеңащы су кен орны күніне 2 мың текше метр су өндіруге қауқарлы. Бірақ біз бұл суды үнемдеуге тиіспіз. Мүмкіндік болса бөгеттерді қалпына келтіріп, жерасты су қорларын тауып, құдықтар қазып, малға қажетті су мәселесін өз алдына бөлек шешуіміз керек. Ауыз суды рәсуа қылмай, мақсатты пайдаланайық. Үнемдемесек, су тапшылығы мәселесіне қайта тап боламыз, – деді осы жобаның ашылуына арнайы келген облыс әкімі Ғали Есқалиев.
Өңір басшысы осы жобаның жүзеге асуына үлес қосқан ел Үкіметі мен Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Су ресурстары комитетіне, Парламент депутаттарына алғыс айтты.
«Қазэкологияжобалау» ЖШС бас инженері Людмила Лебедеваның айтуынша, Кеңащы жерасты су қорына 3 ұңғыма қазылған. Оның екеуі пайдаланылып, біреуі қосалқы қор ретінде сақталмақ. Мұндағы әр ұңғыма сағатына 60 текше метр су өндіреді. «Кеңащының суының құрамында темір көп. Өндірілген су екінші нүктедегі су сору стансасына келіп, толық тазартудан өтеді. Ауыз су сапасы барлық талаптарға сай», дейді Л.Лебедева.
Батыс Қазақстан облысы