Кеңесте ведомство өкілдері бейнеконференцбайланыс режімінде елімізде әлеуметтік қызмет көрсетуді одан әрі жаңғыртудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарының жобасын, арнаулы әлеуметтік қызметтер саласын жан басына нормативтік қаржыландыруға көшу тәсілдерін, Әлеуметтік қамсыздандыру кодексінің «Әлеуметтік қызметкерлердің оң мәртебесі» бөлімін жұртшылыққа таныстырды.
Іс-шара Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукеновтің төрағалығымен және Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин, жергілікті атқарушы органдар, еліміздің медициналық-әлеуметтік мекемелері, Әлеуметтік жұмыстың басым бағыттары мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңес, экономикалық және сапалы жұмыспен қамту, әлеуметтік оңалту, әлеуметтік қызметтер жүйесін жетілдіру мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі мен жұмыс тобы өкілдерінің қатысуымен өтті.
Онлайн-конференция барысында А.Саин қазір ауқымды жүйелі өзгерістер болып жатқанын, олардың ұлттық жоспарда көрініс тапқан атап өтті. «Біз балалардың мүгедектігін азайту жөніндегі жол картасын – скринингтік диагностика сатысында қажетті медициналық және түзету-педагогикалық көмек алу үшін Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі балаларға кешенді көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған жол картасын қабылдадық. Бұл балалардың төлемдерге, техникалық оңалту құралдарына және әлеуметтік қызметтерге мұқтаж болуын төмендетуге ықпал етуге тиіс. Жол картасы 3 жылға есептелген, оны келесі жылдан іске асыра бастаймыз. Барлық мүдделі органның қолдауына үміт артамыз, өйткені бұл – біздің ортақ ісіміз. Шешілуі қажет маңызды міндеттердің бірі – әлеуметтік сала қызметкерлерінің мәртебесі мен жағдайы. Егер сіз кәсіби кадрларды тартпасаңыз, адамдарды өз жұмысына адал болуға ынталандырмасаңыз, жүйеде бірдеңені өзгерту қиынға соғады. Сондықтан әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын көтеруді толықтай құптаймын және мұның мүмкіндігінше тезірек болғанын қалаймын», деді А.Саин.
Сондай-ақ кеңес барысында Ұлттық жоспар жобасының таныстырылымы бойынша аталған министрліктің Әлеуметтік қызметтер саясатын дамыту департаментінің директоры Дәмежан Сәдуақасова сөз сөйледі. «Мемлекет басшысының былтырғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын орындау аясында «Отбасы және бала институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру» бағыты белгіленгенін атап өткім келеді. Осы жұмыс шеңберінде бізде Әлеуметтік жұмыс мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңес жұмыс істейді, Әлеуметтік жұмыс жөніндегі ұлттық ресурстық орталық құрылды, Әлеуметтік қызметтер порталы енгізілді және барлық өңірде отбасын қолдау орталықтары құрылды», деді спикер. Жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруға көшуге қатысты Д.Сәдуақасова мұндай модель балабақшаларда, мектептерде, емханаларда және т.б. іске асырылғандай «ақша клиенттің соңынан ереді» қағидатын іске асыруға мүмкіндік беретінін айтты.
Сонымен қатар Әлеуметтік қамсыздандыру кодексінің «Әлеуметтік қызметкерлердің оң мәртебесі» тарауын таныстырған ведомствоның Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің директоры Асқар Ниязов әлеуметтік қызметкер мәртебесін арттыру үшін бірқатар шара қабылданатынын жеткізді. Атап айтқанда, «әлеуметтік қызметкер» ұғымы айқындалып, мәртебесі заңнамалық түрде бекітіледі, тіркеу және аттестаттау арқылы әлеуметтік қызметкерлерді есепке алу жолға қойылады, біліктілік санаттарын беруге қойылатын талаптар артады, кадрларды даярлау және үздіксіз білім беру деңгейі жетілдіріледі.
Қазіргі уақытта елімізде әлеуметтік қызметкерлер тестілеуден өтіп жатыр. Биыл 5 желтоқсанға дейін шамамен 12 мың адамды сынақтан өткізу жоспарлануда. Тестілеу әлеуметтік қызметкерлердің базалық білім деңгейін анықтау үшін өткізіледі, содан кейін оларды оқыту жүргізіледі. Бұл Қазақстанда әлеуметтік қызмет көрсетуді одан әрі жаңғыртудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарының жобасында қарастырылған.