"Біз бүгін аса маңызды саланы қарап, талқылау үшін жиналып отырмыз. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту – ел экономикасының өсімін және оның тұрақтылығын қамтамасыз етудің негізгі шарттарының бірі. Қазіргі уақытта бұл мәселенің маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Пандемия бірқатар салаға, оның ішінде шағын және орта бизнеске де өз зардабын тигізді. Көлік, сауда, қызмет көрсету, қоғамдық тамақтану, қонақ үй және жылжымайтын мүлік бизнесі айтарлықтай шығынға ұшырады", деді Сенат спикері.
Мәулен Әшімбаев пандемиядан кем дегенде 800 мың отандық кәсіпкер зардап шеккенін баса айтты.
"Қазіргі таңда шағын және орта кәсіпорындар шамамен 3 миллион 300 мың қазақстандықты жұмыспен қамтып отыр. Бұл экономикалық белсенді халықтың 39 пайызын құрайды. Сондықтан осы саланың әлеуметтік маңызы өте зор. Шағын және орта бизнес Мемлекет басшысының басты назарында", дейді Сенат Төрағасы.
Президентіміз биылғы Жолдауында шағын және орта бизнеске қосымша көмек ретінде кешенді қолдау шараларын ұсынғанын және пандемияға байланысты жеңілдікпен берілетін несие көлемі айтарлықтай ұлғайғанын қоса кетті.
"Несиелерді 6 пайызға дейін төмендету үшін мемлекеттік субсидия берілуде. Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторға тиесілі жылжымайтын мүлік нысандарын жалға алғаны үшін төленетін жалдау ақысы жыл соңына дейін тоқтатылды. Шағын және орта бизнес өкілдерінің еңбекақы қорына түсетін ауыртпалық жеңілдетілді. Салық кодесіне бірқатар маңызды түзетулер еңгізілуде. Шағын және орта бизнесті екі жылға қосылған құн салығынан және әлеуметтік салықтан босату ұсынылды", дейді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ Сенат спикері Президент тапсырмасы бойынша табыстың 3 пайызы көлемінде бөлшек салық енгізілетінін алға тартады.
"Осы және басқа шаралар шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға өз үлесін қосатыны сөзсіз. Жалпы, осы салаға қатысты жүйелі жұмыстарды әрі қарай да жалғастырудың маңызы зор. Мемлекет басшысы өз Жолдауында шағын және орта бизнестің қызметін реттейтін жаңа нормативтік-құқықтық база әзірлеуді тапсырды. Осыған орай бірқатар қалыптасқан үрдіске назар аударуымыз керек", дейді Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев.