Өрт шыққан үйдің иелері түстен кейін сағат 14:00-де екі баланы сыртынан құлыптап, көршілес Әйет ауылына азық-түлік алуға кеткен. Екі сағаттан соң қайта оралған ерлі-зайыпты үйге кірісімен, бірден ыстың өткір иісін сезеді.
"Жүгіріп ішкі бөлмеге енген олар алдымен ұл баланы, одан кейін қыз баланы сыртқа алып шығып, дереу фельдшерлік пункттен дәрігер, жергілікті серіктестіктен ерікті өрт сөндіру жасағын шақыртқан. Өкінішке қарай, сағат 17:00-де екі баланың өлімі тіркелді. Екеуі де ес жия алмаған күйі көз жұмды", деді облыстық ТЖД-ның бастығы Азамат Орынбаев.
Өрттің шығу себебі қараусыз қалған сәбилердің от шығарып ойнағанынан болған. Балалар жатын бөлмеде шырпы жағып ойнап, өрт басталғанда қорқып келесі бөлмеге барып тығылған. Нәтижесінде, екеуі де ыстан уланып көз жұмып отыр.
ТЖД мамандарының айтуынша, облыста жыл басынан бері өрт салдарынан 4 сәби көз жұмған. Өрт сөндірушілер облыс тұрғындарына, әсіресе, қысқы маусымда қауіпсіздік шараларын мұқият сақтауды және үйдегі балаларды қараусыз қалдырмауды ескертеді.