Аймақтар • 04 Желтоқсан, 2020

Солтүстікте мемлекеттік қызмет көрсетудің пайдасы артып отыр

183 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

"Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы жақсарып келеді" деген сөзді жиі естігенімізбен, оның дамыған шетелдердің деңгейіне жетуі әлі де кешеуілдеп жатқанын өмірде көзімізбен көріп жүрміз. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 1 қыркүйектегі Жолдауында "Азаматтар мүддесіне қызмет ететін мемлекеттің жаңа стандарттарын әзірлеу үшін көп жұмыс атқаруымыз керек", деген еді. Сонымен қатар электронды қызмет көрсету барысында халыққа жеңілдік жасау үшін биометрияның қолданылуын арттыру да айтылған, деп хабарлайды Egemen.kz

Солтүстікте мемлекеттік қызмет көрсетудің пайдасы артып отыр

Осыған байланысты бұрынғыша ХҚКО немесе әкімдікке барып қана шешілетін қызметтің қазір қолданылатын отандық ІТ технологияның көмегімен дамуы аймақта қандай деңгейде екенін сұрап Мемлекеттік қызмет агенттігінің облыстағы департаментінің басшысы Елена Степаненко мен облыстағы Кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Жеңіс Қазиевке қайрылған едік.

"Халық бізден көрсетілетін қызметтің жедел, сапалы және нәтижелі болуын күтеді", деп бастады өзінің сөзін Е.Степаненко.

Бүгінгі таңда біз халыққа көрсетілетін 698 қызметтің 93 пайызын электронды форматта жасай аламыз. Сонымен бірге қызметтерге мониторингтер жасау барысында меморгандарға қосымша ұсыныстар да жасап отырамыз. Тек биыл ғана біз мемлекеттік органдарға қызмет көрсету бойынша 157 ұсыныс түсірдік. Қазір Еgovmobile қосымшасындағы 73 түрлі аса қажетті қызметтерді алуға болады. Қызмет көрсету туралы өтінішті Facebook, ВКонтакте, Telegram секілді әлеуметтік желілер арқылы да жіберуге болады. Еgovmobile мобильді қосымшасында жеке куәліктің, жүргізушілік куәліктің, туу туралы куәліктің және т.б. цифрлы құжаттары бар. Бүгінгі таңда солтүстікқазақстандықтар

барлық мемлекеттік қызметтің 92,5% электронды формат түрінде алып отыр. Халықтың қызметті осылай алуға деген ынтасы зор.

Одан әрі Е.Степаненко "Электронды үкімет" порталын қалай қолдануды түсіндіретін нұсқама әзірленіп, ол әлеуметтік желілерге салынғанын айтты.

"Сонымен бірге Instagram-да "e-gov бойынша мемлекеттік қызметті қалай алуға болады" деген парақша да аштық. Оған ақпараттық материалдар салынды. Нұсқамаларды ПИК-тер және волонтерлер арқылы да таратудамыз. Сондай-ақ тұтынушылардың коммуналдық қызметтер жөніндегі жеке кабинеттеріне де қойдық", деп сөзін жалғады департамент басшысы.

Мемлекеттік қызметтерді көрсетудің сапасы қалай тексеріледі деген сұрағымызға Е.Степаненко ханым сыртқы және ішкі мемлекеттік бақылау жүйесі жұмыс істейтінін айтты. Департамент сыртқы бақылау мен қызмет көрсетушілердің жұмысын сараптауды жүйелі түрде жүргізіп отырады. Биылғы бақылаулар барысында бірнеше бұзушылықтар анықталды. Олар негізінен құжаттарды алудың мемлекеттік стандарттарға сәйкес еместігі болды. Сонымен қатар қызмет көрсетудің мерзімі сақталмайтындығы да көп кездесті. Егер салалар бойынша қарастырсақ мұндай бұзушылықтар көбінесе еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, жер қатынастары, архитектуралық-қала құрылысы істерінде көп кездесті. Бұзушылықтардың 99,4% жергілікті атқарушы органдар тарапынан болған. Кейбір мемлекеттік органдардың басшылары өз қызметкерлерінің халықтан талап етілетін ақпараттық жүйенің қандай болуы керектігін білмейтініне назар аудармайды. Біз кейбір мамандардың халықтан талап етілуге тиісті емес жеке куәліктерінің, туу туралы куәліктерінің көшірмесін талап еткенін көрдік. Кейде тіпті күлкілі жағдайларға да жол беріліп қалады. Мысалы, бір қызметкер балиғатқа толмаған сәбиге мемлекеттік қызмет көрсеткен. Мұндай қызметтер оның заңды өкілдері, яғни не әкесіне, не анасына көрсетілуі керек-ті... Тағы бірде бір жер құрылысы компаниясының қызметкері жердің қаншалықты бос екендігін рулеткамен анықтаған. Нәтижесінде, бір жер учаскесі екі адамға беріліп шыға келген.

Сөзінің қорытындысында Елена Федоровна департаменттің азаматтардың құқын қорғау жолында еңбек ететінін айтты. Түрлі бұзушылықтар қызмет көрсетушілердің жұмысына тиімді бақылау болмағандықтан болады. Өз тарапымыздан біз жіберілген бұзушылықтарды қалай түзетуге болатындығы туралы түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Сонымен бірге мемлекеттік қызмет көрсетушілердің тәртіп бұзғандығы немесе қызметтің мерзімін бұзғандығы үшін жауапкершілік те жүктеледі. Мәселен, биыл 326 мың теңгенің айыппұлы салынып, 10 әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сонымен бірге мемлекеттік органдар өз іштерінде де бақылаулар жүргізіледі. Департамент қызметкерлері осындай 46 бақылауға сарапшы ретінде қатысты. Осындай бақылаулар мен түсіндірме жұмыстарының артқандығының арқасында бұзушылықтар саны 2 есеге дейін азайды. Сөйтіп біз мемлекеттік органдармен бірлесе отырып "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын жергілікті жерде жүзеге асырудамыз.

Мемлекеттік қызмет департаментімен Кәсіпкерлер палатасы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы айтуды Жеңіс Қазиевтен өтінгенімізде ол өзінің екі ведомство арасындағы ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының төрағасы екенін айтты.

"Жұмыс тобының құрамында кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері бар. Біздің тобымыздың ұсынысы бойынша мемлекеттік органдар жұмыстың жаңа форматына көшуде. Мәселен, барлық аудандар мен облыс орталықтарында "Ашық әкімдіктер" ашылған. Олардың бәрі бірлескен 109 iKomekке қсылған. Қазірдің өзінде мұнда "Агро Көмек" атты қызмет көрсету жұмыс істейді. Онда ауылшаруашылығы мамандары, ветеринарлық бақылау қызметкерлері және т.б. азаматтарға консультативтік кеңестер бере алады. Осының арқасында үстіміздегі жылдың 9 айында ауылшаруашылығына берілетін субсидиялар 48,5 млрд. теңгеге дейін артты. Облыстағы 165 шаруашылық егістерінің электронды карталарын жасады, GPS трекерлер мен ЖЖМ датчиктерін орнатуға қол жеткізді. Бүгінгі таңда барлық егіс даласы 100% цифрландырылды. Ал бұл 4,9 млн га деген сөз. Осының өзі мемлекеттің бизнесті барынша қорғап отырғанын көрсетпей ме? Бұрын шаруа бір құжат алу үшін жұмысын тоқтатып қойып меморгандардың есігін қағып жүретін еді, қазір ондайдың бірі де жоқ. Маған мемлекеттік органдардың клиенттеріне оң қарайтындығы ұнайды. Жақын болашақта біз мемлекеттік қызметтер алу бойынша Сингапур мен Канаданың деңгейіне жетерміз деген үміттемін", деді Кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Жеңіс Қазиев.