Аймақтар • 04 Желтоқсан, 2020

СҚО-да түн тыныштығын бұзатындар азаймай отыр

246 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түнгі тыныштықты бұзу көбінесе жалға берілетін пәтерлерде орын алады. Қараша айының соңында түнгі сағат 01.30-да келіп түскен шақыру бойынша полицейлер Әуезов көшесінің бойындағы жалға берілетін пәтерге келген. Онда орта жастағы бес петропавлдық кездесулерін атап өтіп жатқан. Осыған ұқсас жағдай бір-екі күн бұрын орын алған, төрт жас жігіт К.Сүтішев көшесіндегі жалға берілетін пәтерде спирттік ішімдікпен отырыс өткізу үшін бас қосқан. Түнгі сағат 3-те шақыру келіп түскен...

СҚО-да түн тыныштығын бұзатындар азаймай отыр

«Жанжалқойлар мен шулы отырысты жақсы көретіндер жұмыстан шаршап келген адамдардың, балалар мен зейнеткерлердің жайын ойламайды, олардың ұйықтап, тынығуларына кедергі келтіреді, — дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Денис Шерстобитов.

Есте сақтаған жөн: жұмыс күндері сағат 22-ден таңғы 9-ға дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23-тен таңғы 10-ға дейін тыныштықты бұзу, оның ішінде тұрғынжайда және оның сыртында шұғыл қажеттілікпен байланысы жоқ шу шығаратын жұмыстарды жүргізуге тыйым салынады. Бұзушы жеке тұлғаларға – бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, заңды тұлғаларға 20-дан 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл салынады. Сонымен қатар, адамдардың көп жиналуы карантиндік шектеулерді бұзу болып табылады.

Жыл басынан бері облыс полицейлері «Тыныштықты бұзу» бойынша 2393 хаттама толтырды. Оның 1996 фактісі Петропавл қаласына тиесілі.