Ғылымға негізделмесе, нәтиже шықпайды
Жергілікті биліктің араласуымен бұл мәселе де оңынан шешіліп, биыл облыс диқандары 550 мың тоннадан астам өнім жинады. Жалпы, дария арнасының төмен түсуі онсыз да мәселесі көп күріш шаруашылығының келешегіне қатты әсер ететін түрі бар.
Әлемде жыл сайын 750 млн тоннадай күріш жиналады. Оның 80 пайыздан астамы индика деп аталатын түрі. Сұранысқа ие сұрып та осы.
Ал елімізде негізінен японика түршесіне жататын сұрыптар егіледі. Қызылордадағы Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының селекционер ғалымдары индика түріне жататын ұзын дәнді сұрып шығарып, оны өндіріске енгізуге әзірлеуде.
Бізде көршілес Қытай мен Ресейге қарағанда өнімділік әлдеқайда төмен. Ғалымдардың айтуынша, мұның басты себебі – жердің тұздануы. Мәселен, бізде орташа өнім гектарына 45-50 центнерден айналса, Ресейде бұл көрсеткіш 60-70 центнерден асып кетеді. Бұл салада жетекші ел саналатын Қытай 1996 жылдан бастап гибридті күріш өндірісімен айналысып келеді. Осыдан 4 жыл бұрын олар 230 центнерден өнім алып, әлемдік рекорд орнатты. Қазір бұл елде 150-180 центнер қалыпты өнім саналады.
Ғалымдар мол өнім алудың бірден-бір жолы технология мен ауыспалы егіс талаптарын сақтау екенін айтады. Мысалы, күріш институты ғалымдары жерді терең жырту әдісін қолданғанда топырақ астындағы қатты ұлтан ыдырап, тұздың концентрациясы азайған. Соның нәтижесінде өнім көлемі 49 центнерден 75-ке дейін артты. Бірақ бұл технологияны бұлжытпай сақтауға шағын шаруашылықтардың шамасы келе бермейді.
– Жердің тақтайдай тегістігі өнімділікті арттырып, жарма бағасының арзандауына әсер ететінін ұмытпауымыз керек. Мысалы, осыдан 50 жыл бұрын біз селекциялық процесте 1 шаршы метрге 70 дән себетінбіз. Қазір 700 дәннен асты. Бұл топырақ құнарының жыл сайын төмендеп, тұздылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Ал оны қалыпқа келтіру үшін көптеген мелиоративтік шаралар атқарылуы тиіс, – дейді белгілі селекционер ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, күріштің «Маржан» және «Ару» сұрыптарының негізгі авторы Құрманбек Бәкірұлы.
Ала-құла жер судың да соры. Мысалы, Қызылорданың жағдайында 1 гектар күріш алқабына шамамен 24 мың текше метр су кетуі керек. Қазір оның көлемі 30-35 мың текшеметрге дейін жетіп отыр. Егер жер тегіс болып, агротехникалық талаптар сақталса, биылғы судың өзі ағыл-тегіл жетер еді. Мысалы, Жалағаш ауданында каналдың аяғына орналасқан «Ер-Әлі» шаруа қожалығының егіні судан қалған жоқ. Шаруашылықтың тақтайдай тегіс алқабындағы судың биіктігі 5-10 сантиметрден аспады. Күзде қожалық облыс бойынша көрсеткіші жөнінен көш басында тұрды.
Сүдігер жыртудан басталатын талаптарды толық сақтағанда ғана көңілдегідей өнім аласың. Қазір оған қарап жатқандар аз. Көпшілігі техникасы жоқтықтан алқапты шала дайындап, тек тыңайытқышты үстеп беріп өнім алып жатыр. Бұл Сырдың брендіне айналған күріштің сапасы мен өзіндік құнына әсер етеді. Жалпы, 70-80 мың гектарға дән сеуіп, содан алынатын өнімді молайтудың қамын ойлағанымыз жөн. Ол үшін өндіріс ғылымға негізделуі керек.
Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ бас ғылыми қызметкері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Әсет Тоқтамысов осы күні 1 кило өнімнің өзіндік құны шамамен 300 теңгеге жетіп қалғанын айтады. Ал базардағы сатылып жатқан күріштің бағасы 250 теңгенің айналасында.
– Мемлекет берген субсидия есебінен шаруалар күрішті өзіндік құнынан арзанға сатып жатыр. Әрине, алқабын баптаған, техникасы сай шаруашылықтарда өзіндік құн әлдеқайда арзан болуы мүмкін. Бірақ ондайлар көп емес. Сондықтан да мемлекет тарапынан күріш егетін құрылымдардың техникасын, мүмкіндігін тексеретін, соған сай рұқсат беретін жүйе жасау керек. Әйтпесе, агротехникалық талаптарды сақтамайтындар топырақ құнарын құртып бітетін болды, – дейді ғалым.
Жергілікті ғалымдар Ғарыштық зерттеулер институтымен де тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Биыл жасалған ғарыштық мониторинг күріш егістіктерінің жағдайын анықтауға көп көмегін тигізді. Сонымен қатар әуеден зерттейтіндер алынатын өнімнің орташа көлемін де шығарып бере алады. Дегенмен бұл болжамнан қамбаға түскен күріш көлемі әлдеқайда көп. Әрине, диқан еңбегінің ақталғаны қуантады-ақ. Бірақ күрішшілер мен ғалымдар тығыз байланысып, заманауи технологиялар мен жаңа сұрыптарды ендірсе, ел несібесі бұдан да еселене түсер еді.
Ғылымның әлеуеті мен диқанның еңбегін бір арнаға тоғыстыруға кедергінің бірі – ғылымға мемлекет тарапынан көңіл бөлудің кемдігі. Қаражат жетіспеушілігінен селекция саласы тоқтаудың аз-ақ алдында тұр. Еліміз бойынша осы саладағы жалғыз ғылыми-зерттеу институтына қаралатын қаржы тым аз. Ғалымдар жергілікті бағдарламалар аясында бөлінген қаражатты талғажау етіп келеді.
Осыдан біраз жыл бұрын Ресей дәл осындай жағдайды бастан кешіп, гектарынан 23-ақ центнер өнім алған кезі болған. Көп ұзамай мемлекет салаға мол қаржы құйып, күріш өндірісі жөнінде бағдарлама қабылданды. Сол арқылы қазір олар саладағы жетекші мемлекеттер қатарына қосылды.
Биыл су тапшылығы болған жоқ
Бұл – өңірдегі ірі шаруашылықтар өкілдерінің пікірі. 5 мың гектардан астам алқапқа күріш егіп, сегіз жүзден астам адамды жұмыспен қамтып отырған «Абзал и К» толық серіктестігінің коммерциялық директоры Сағидулла Сыздықов артық жері бар, ауыспалы егіс талабын сақтамаған қожалықтарға талапты қатаңдату керек деген пікірде.
– Осыдан 2 жыл бұрын Өзбекстанда күріш көңілдегідей шықпай қалып, олар біздің өнімді көтере сатып алғаны есіңізде болар. Содан кейін бізде күріш егуге құмарлар күрт көбейіп, алқап ұлғайды. Жаңадан жер ашып, күріш еккендер де бар. Биыл біздегі су тапшылығының түп-төркіні осындай ашкөздікте жатыр. Бұл мәселені тексеріп, есепте жоқ алқапқа дән сепкендерге жаза қолданса да артық емес, – дейді С.Сыздықов.
Биыл жергілікті билік тарапынан судың жылдағыдай болмайтыны ертерек ескертіліп, мүмкіндігінше күріш көлемін қысқарту ұсынылған. Ірі шаруашылықтар бұл ұсынысқа түсіністікпен қарады, ауыспалы егіс талабын да бұзған жоқ. Ал күріш өндірісіне науқандық пайда деп қарайтындар туралы әңгіме басқа.
Күріш дәстүрлі өнімге айналған Сыр бойында «Бір түп қамыс бір құлақ суды ұстайды» деген сөз бар. Іргелі құрылымдар бұл тәмсілге де құлақ түріп, канал бойын тұрақты тазалап отырады. Ал сол арнадан су алып отырған шағын шаруашылықтардың мұндай ортақ міндеттен де сырттап қалып жататыны бар. Сондықтан майда құрылымдарды ірілендірудің тиімді жолын ойланған жөн.
Биыл «Абзал и К» толық серіктестігі гектарына 63 центнерден өнім алды. Ішкі нарықта 230 теңгеден сатылып жатыр. Экспорттағы бағасы да осындай. Өнімді тез сатып, келер жылғы егістің қамына кірісетін шаруалардың шетел валюталарының теңге бағамына қатысты құбылуынан кейде ұтылып қалып та жататын кезі аз емес.
Саладағы мәселенің тағы бірі, ауыл шаруашылығы техникасының толық тізбесіне кәдеге жарату алымының енгізілгені болып тұр. Алым енгізілгелі бері жыл ортасында 130-140 млн теңгеге бағаланған комбайндар 200 млн теңгенің үстіне шығып кетті. Инвестициялық субсидия талаптары да шаруа үшін аса бір ыңғайлы болып тұрған жоқ.
– Субсидияға өтінім қабылдауда да мәселе жоқ емес. Портал арқылы интернет жақсы тартатын аймақтағылар ғана өтінім беріп үлгере алады. Ал ауылдағылар қолдаудан шет қалып жатыр. Былтыр 1 миллиард 300 миллион қаржы 40-45 минутта үлестіріліп, көп шаруаға көк тиын бұйырмады. Сондықтан құжаты дайын адамды тіркеп, қаржы түскенде сол кезекпен берсе әділ болар еді, – дейді биыл облыс шаруашылықтары арасында озат құрылым атанған Қармақшы ауданындағы «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Орынбасар Төлепов.
Сыр брендінің болашағын бұлыңғырлап тұрған проблемалардың бір парасы осындай. Егін шаруашылықтарының талаптарды сақтауын қадағалауды күшейтсе, көп мәселенің көбесі сөгіле түсер еді. Әйтпесе, тыңайтқыштың күшімен құнары кеткен топыраққа шыққан күріштің ендігі жерде ырысқа айналуы екіталай.
Қызылорда облысы