Ауылдарды газбен қамту жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Ал, тұрғындарды ауызсумен қамту бойынша 6 елдімекенге 2,7 миллиард теңге бөлінген. Енді су құбырларының құрылысы аяқталса, жергілікті халықты орталықтандырылған ауызсумен қамту үлесі 78 пайызға жетеді.
Сондай-ақ Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулеттің айтуынша, аудандағы қақтығыстан кейін қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, зардап шеккен отбасыларға 40 миллион теңгеден астам тиісті әлеуметтік және материалдық көмектер көрсетілген. Бүгінгі таңда халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де өте өзекті болғандықтан, аталған мәселеге де жіті көңіл бөлінуде. Жалпы, аудан бойынша 1524 азамат үй кезегінде тұр. Ал, 5 қабатты 5 үйді және Қаракемер ауылындағы 2 пәтерлі 10 үйді іске қосу есебінен 310 пәтер ел игілігіне берілетін болады.
"Сондай-ақ баспанаға мұқтаж аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында асар жобасы аясында салынып жатқан 15 үйдің ішіунде 9 үй тапсырылды. Қалған 6 үй биылғы желтоқсан айының соңында тапсырылады", дейді Рүстем Дәулет.
Бүгінде мемлекет қолдауының нәтижесінде Қордай ауданында барлық салада ілгерілеу бар. Биыл ауданда өндірілген өнім 118,9 миллиард теңге болып, экономикалық өсім 121,9 пайызды құрады. Ал аудандағы құрылыс-жөндеу жұмыстарына қатысты 392 жобаға 35,1 миллиард теңге бөлінген. Аталған жобаларды жүзеге асырудың нәтижесінде 4630 жұмыс орны құрылған. Бүгінде барлық жобаның 38 нысанында жұмыстар аяқталып, 97 пайызға жеткен. Сонымен бірге жер телімдеріне инфрақұрылым игіліктерін орнату бойынша жалпы көлемі 2,6 миллиард теңгеге 7 жоба іске асуда. Нәтижесінде аудан әкімі Рүстем Дәулет ағымдағы жылдың соңына дейін 1070 жер телімін кезектегі азаматтарға беруге мүмкіндік туатынын жеткізді.