Аймақтар • 08 Желтоқсан, 2020

Жамбылда сайлау учаскелері депутаттар сайлауына дайын болмай отыр

416 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Жамбыл облысының әкімдігінде Парламент Мәжілісінің және мәслихаттар депутаттарын сайлау мәселелері бойынша облыстық штабтың отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

Жамбылда сайлау учаскелері депутаттар сайлауына дайын болмай отыр

Кездесуде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев алдағы мәслихаттар сайлауы алғаш рет партиялық тізім бойынша өткелі отырғандығын, саяси партиялар елдің саяси жүйесіндегі өз позицияларын нығайту үшін тең мүмкіндіктерге ие болатынын атап өтті.

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов барлық деңгейдегі мәслихаттар үшін 51 партиялық тізім анықталып, оған 523 кандидат енгенін айтты. Үміткерлердің жалпы санының 43,8 пайызын әйел азаматтар мен 29 жасқа дейінгі жастар құрайды екен. Комиссия төрағасы жекелеген сайлау рәсімдеріне, атап айқанда, үміткерлерді ұсыну және тіркеу, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының мерзіміне тоқталды.

Аталған жиында Бердібек Сапарбаев өңірде сайлауға дайындық тиісті деңгейде өтіп жатпағанын айтып, аудан әкімдерінің жұмысын сынға алды. Әкімнің айтуынша, сайлаушылардың тізімі толығымен қалыптаспаған. Сонымен қатар, Тараз қаласында және бірқатар аудандарда учаскелердің бәрі бірдей интернетпен, бейнебақылау камераларымен, пандустармен қамтылмаған.

"Егер облыс орталығындағы сайлау учаскелері 100 пайыз дайын болмаса, онда аудандар туралы не айтуға болады? Үш жағдай бойынша да Қордай ауданы артта қалып отыр. Шу және Т.Рысқұлов аудандарындағы жағдай да көңіл көншітпейді. Барынша қысқа уақытта осы олқылықтардың барлығын жою қажет және мүмкіндігі шектеулі жамбылдықтардың сайлау құқығын қамтамасыз етуге ерекше назар аудару керек", деді Бердібек Сапарбаев.

Ал облыс бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті  басшысының міндетін атқарушы Нейля Муликова қазір сайлау учаскелерінің санитарлық талаптарға сәйкестігі тексеріліп жатқандығын айтты.

Бұл ретте облыс әкімі карантиндік шектеулер азаматтардың ел Конституциясында кепілдендірілген дауыс беру құқығын жүзеге асыруына кедергі болмауы тиіс екенін, дегенмен, сайлаушылар, комиссия мүшелері мен бақылаушылар санитарлық нормаларды қатаң сақтауы керектігін, ол үшін аудандарда тиісті жағдайлар жасалуы керек екенін атап өтті. Жиында облыстық полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Жанат Сүлейменов сайлау кезінде 1000-нан астам полицей заңдылық пен тәртіптің сақталуын қамтамасыз ететінін жеткізді. Штаб мүшелері әр сайлау учаскесінде медициналық пункттер ашу және ем алып жатқан науқастардың дауыс беруіне қатысты мәселелерді талқылады.