Қоғам • 08 Желтоқсан, 2020

Полицейлер жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша шаралар қабылдауда

465 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2020 жылдың 11 айында Павлодар облысының аумағында 617 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, олардың салдарынан 55 адам қаза тауып, 915 адам жарақат алған, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz.-ке сілтеме жасап. 

Полицейлер жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша шаралар қабылдауда

Павлодарлық полицейлер жыл басынан бері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны үшін 84 233 жүргізушінің әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті.

"Мас жүргізушілердің қатысуымен болатын апаттар – алдын ала болжанбайтын және ең жойқын апат. Жыл басынан бері мас күйдегі көлік жүргізушілері 31 жол-көлік оқиғасын жасады, оның салдарынан бес адам қаза тапты, 48 адам түрлі дене жарақаттарын алды. Мәселен, биыл көлік басқару құқығынан айырылған 116 жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасы ҚК 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша қылмыстық іс қозғалды", деп атап өтті Департамент бастығы Нұрлан Мәсімов.

Жыл басынан бері тәртіп сақшылары мас күйінде көлік жүргізген 1 257 жүргізушіні анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Сот шешімімен 1 160 жүргізуші жеті жылға дейінгі мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылып, 1 334 жүргізуші 15 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алынған.

"Күнделікті жедел ақпар жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу фактілеріне толы. Полиция қызметкерлерінің ескертулеріне қарамастан көптеген жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер белгіленген ережелерді елемейді", деді Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов.