Туризм • 08 Желтоқсан, 2020

Ақтауда қонақүй туризм саласы мамандарын даярлау туралы меморандумға қол қойылды

555 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда дүние жүзілік экономикада туризм саласы өте маңызды, болашағы зор салалардың бірі, кейбір елдерде туризм мемлекет кірісінің бірден-бір көзі болып табылады, деп хабарлайды Egemen.kz

Ақтауда қонақүй туризм саласы мамандарын даярлау туралы меморандумға қол қойылды

Дүние жүзілік туристік ұйымның болжамы бойынша Қазақстан тұрақты туризмді дамыту үшін болашағы бар елдер қатарында. Kazakh Tourism ұлттық компаниясы жүргізген талдау қазіргі уақытта Қазақстанда "туристік магниттер" және "туристік өсу нүктелері" болуға қабілетті 100-ден астам танымал туристік объектінің бар екенін көрсетті. Сонымен қатар ресурстардың шектеулілігіне және барлық осы нысандарды дамытуға елеулі инвестициялар салу қажеттілігіне байланысты Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстанның туристификациялау картасы деп аталатын неғұрлым маңызды туристік нысандарды іріктеу бойынша жұмыс жүргізді. Іріктеу критерийлері туристік магнит ретінде нысанның бірегейлігі және туристік ағынның ықтимал өсуі болды. Маңызды 10 туристік дестинация қатарында маңғаз Маңғыстау да бар.

Өлкемізге келуші туристердің санының артуына байланысты мамандарға деген сұраныс арта түсті. Туризм және қонақүй саласында маман тапшылығы үлкен мәселеге айналып отыр.

2020 жылғы 25 қарашасында комерциялық емес акционерлік қоғам Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің президентінің міндетін атқарушысы Берік Бақытжанұлы Ахметов пен  Rixos Water World Aktau қонақ үйінің директоры Махмуд Жаримбетов ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандумның мақсаты – жоғары білікті туризм және қонақүй саласындағы қызметкерлерді даярлау, кадрлық резерв құру, өзара тәжірибе алмасу, соның ішінде дәрістерін, семинарлар, тренингтер және өзара әрекеттесудің басқа нысандарын ұйымдастыру арқылы ынтымақтастықты дамыту.

Кездесу барысында Rixos Water World Aktau қонақ үйінің директоры Махмуд мырза алдағы  жоспарлармен бөлісіп өтті: "Жылы жағажай аймағында Rixos Water World Aktau қонақ үйінен каналға дейінгі аумақтың барлығына отандық және шетелдік туристерге қызмет көрсететін бірнеше туристік нысандар салынады деп жоспарлануда. Бұл үлкен кешеннің атауы – Tethys Tourism International Hub, жалпы территориясы – 1,300000 м2. Жоғарыда аталған хабтың алғашқы нысаны 15 гектарды алып жатырған  жанұялық курорттық отель – Rixos Water World Aktau. Келесі нысан 12,2 гектарды құрайтын Азиядағы ең үлкен тақырыптық саябақ, одан кейінгі  15 гектарды "BI Group" құрылыс холдингі салатын отель-резиденциялар. Дүние жүзіне өзінің сәнді қонақ үйлерімен танымал, әлемдегі ең беделді курорттар мен әлемнің ең ірі астаналарында орналасқан "Fairmont" отелі хабтың 5 гектарын алады. Бесінші нысан жан жағы виллалармен қоршалған Азиядағы ең ірі гольф-клуб, оның аумағы – 38 гектар. Келесі 4,9 гектарды 80 вилладан құралған "Ranyan Tree"  және 3 гектарды  "Rixos club prive" отелдері орын алады. "Bazis-A" құрылыс компаниясының үйлері 10 гектарды алса, соңғы 7 гектарда халықаралық қонақ үй нарығының жоғарғы сегментінде орналасқан "Swissôtel Hotel" отелі қызмет көрсетеді деп жоспарлануда. Осы нысандардың барлығына қызмет көрсететін мамандардың қажет екені сөзсіз. Туризм және қонақ үй саласындағы мамандарға деген сұраныс өте жоғары. Аталған туристік нысандарды қызметкерлермен қамтамасыз ету үшін кем дегенде 3000 маман қажет.  

Өз кезегінде Берік Бақытжанұлы Ахметов туризмнің өлкеміздегі даму перспективаларын ескере отырып, университетте жаңа "Туризм және тілдер" факультеті ашылып, ол жерде туризм және қонақ үй мамандығы бойынша 114 студент білім алып жатқандығын, оларды бәсекеге қабілетті маман етіп шығару жолында көптеген жұмыстар атқарылып жатырғандығын және келесі оқу жылында осы мамандықтарға түсетін талапкерлердің санын арттыру жолында, сонымен қатар Маңғыстау облысында туризмді дамыту үшін аянбай еңбек етенетіндігін тілге тиек етті.

Келіссөздер барысында тараптар туризм және қызмет көрсету саласындағы ынтымақтастықты нығайту және одан әрі дамыту қажеттілігін атап өтті. Осы өзара іс-қимыл шеңберінде "Мейрамхана ісі және қонақ үй бизнесі" жаңа дуалды білім беру бағдарламасы бойынша студенттердің оқу бағдарламасындағы бірқатар пәндерден Rixos Water World Aktau қонақ үйінің қызметкерлері қонақүй қабырғасында білім беретіндігі және "Туризм" мамандығында оқитын студенттердің барлық тәжірибелері осы қонақ үйде өтетіндегі, сонымен қатар жыл сайын оқу үлгерімі жоғары 10 студентке Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия, Египет, Хорватия, Ливия, Тайланд және Кипр мемлекеттеріндегі Rixos қонақ үйлерінде халықаралық тәжірибеден өту үшін арнайы грант бөлінетіндігі келісілді.

Туризм саласын дамытуда университет студенттерінің таңғажайыптарға толы Маңғыс­тау туризмнің нағыз ордасына айналуына өз үлестерін қосатынына сеніміміз зор. Осы бағытта жасалған, Есенов университетінің президентінің міндетін атқарушысы Берік Бақытжанұлы Ахметов пен  Rixos Water World Aktau қонақ үйінің директоры Махмуд Жаримбетов арасындағы келіссөз берік платформа болатыны сөзсіз.