Қоғам • 09 Желтоқсан, 2020

Киік қорғаушылармен өткен бір күн

1231 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

«Адамата жерге түскенде оны ең бірінші көріп, сәлем берем деп ақбөкен іздеп келіпті. Күні-түні тоқтамай шауып, алқынып келіп Адаматаның аяғын сүзе құлаған екен. Адамата жануарды аялап көтеріп, арқасынан сипапты – киіктің жон терісіне хош иіс бітіпті, тұяғынан сипапты – желден жүйрік болыпты, тұмсығынан сипапты – тұмсығы мақпалдай жұп-жұмсақ болыпты...»

Киік қорғаушылармен өткен бір күн

Суреттерді түсіргендер Эльмира Меңдіғали, Медет Медресов

 

Орал қаласынан таң ата шық­­қанбыз. Жол талғамайтын жүрдек Land Cruiser ызғытып ке­­ле­ді. Біз отырған көліктің иесі – 33 жас­­­­та­ғы Досан Дарханов «Қис­са­­­сул-әнбианың» ақбөкен жайлы­ хи­­кая­ларын ықыласпен айта­­­­­­­­ды.­

– Ертегі шығар, – дейді менің орыстілді басылымда істейтін әріп­тесім.

– Иә, аңыз ғой. Бірақ киіктің ерекше мақұлық екені рас. Со­нау мамонт заманынан келе жат­қаны өз алдына, адам айтып түсіндіре алмайтын ғажап қасиеті көп. Бұ­ларда жетім лақ деген болмайды. Киік төлдейтін «құ­ралай» кезінде шыбын-шіркей шықпайды, ит-құстың тәбеті тыйылады. Білесіз бе, ақбөкен жатырында жатқан лақтың жынысын өзгертіп, қажет болса еркек, қажет болса ұр­­ғашы ете алады, – дейді Досан шын көңі­лімен. 2010 жылдан бері Батыс Қазақстан облыстық Орман шаруашылығы және жануар­лар дүниесі аумақтық инспек­циясында, кейінгі екі жыл «Охот­зоопром» мекемесінде қыз­мет ететін Досанның сөзіне күмән кел­­тіру қиын. Мен қапысыз сеніп келемін...

 

Көбейген киік

Батыс Қазақстанның байтақ даласы – үйір-үйір киіктің үйреншікті ме­кені. Бір кездері аяусыз аулау мен белгісіз індет салдарынан ақ­бөкеннің Орал популяциясы жойы­­­лып кете жаздаған. Қазір Құ­дайға шүкір, киік саны көп. Динозаврлар дәуірінің куәсі болған жезкиіктің бүгінде ең көп сақталған жері Қазақстан болса, еліміздегі ең көп жайлаған мекені Еділ мен Жайық арасындағы Бөкейлік болып тұр.

2019 жылғы әуе санағы Батыс Қазақстанда 217 мың бас киік бар деп көрсеткен. Биыл пандемияға байланысты санақ жүргізілмепті. Нақты санын ешкім білмейді. «Едәуір көбейді» дейді осы ақбөкенді күні-түні қорып жүрген «Охот­зоопром» мекемесінің мамандары. «400-600 мыңға жетіп қалған шығар» дейді бейресми әңгімеде.

Елімізде «Киік» кең ауқымды табиғатты қорғау акциясы жыл са­йын өтеді. Биыл да желтоқсанның алғашқы күндерінен басталған акция жыл соңына дейін жалғаспақ. Ақбөкенді қорғау, браконьерлікпен күрес мәселелері, табиғат қорғаушы инспекторлардың бүгінгі ахуалымен жақын танысу үшін ұйым­дас­тырылған пресс-турға ықыласпен қосыл­ғанбыз. Көзімізбен көрдік – Қазталов ауданы аумағында көз жетер жердің бәрі ақбөкен үйіріне толған екен.

 

Бақ па, сор ма?

Бір қызығы, дәл осы киік көбейген аймақта тұратын ауыл адамдарының пікірі екіге жарылып тұр қазір. Ақ­бөкеннің шектен тыс көбейгені – мал өсіруге кедергі дейтіндер де көп.

– Киіктің көбейгеніне қарсы емеспіз, бірақ біз мал өсіріп отырмыз ғой. Ақбөкен жайылым қалдырмауға айналды. Өте көп. Ертеректе киік санын шектеп, ретімен аулап, етін, сүйегін дайындайтын арнайы мекеме болды. Қазір ше? Осы киікті өсіргеннен мемлекетке пайда бар ма? Жерімізде миллиондаған киік жүр, одан ауданымызға бір тиын да пайда жоқ. Осы мәселені облыс әкімі Ғали Ес­қалиевке де айттық. Әкім «Бұл рес­публикалық деңгейде шешілетін мәселе» дейді. Біз, жергілікті халық, киіктің пайдасын емес, зиянын ғана көріп жатырмыз, – дейді бізге Әжібай ауылының тұрғыны, «Қызыл ту» шаруа қожалығының басшысы Достық Жарасов.

Дегенмен бұл пікірмен «киік­шілер» – «Охотзоопром» мекемесінің қыз­меткерлері келіспейді. Киік қор­ғаушылардың Батыс Қазақстан филиалын басқарып отырған Арман Қо­жахметов бір кездері дәл осы өлкеде киік саны 1 млн 200 мыңға дейін жеткенін, жайылым сол кезде мыңғырған малға да, ақбөкенге де жеткенін айтады.

«Кейінгі жылдары қуаңшылық салдарынан мал азығы тапшы екені рас. Бірақ бұған киіктің кінәсі жоқ» дейді Д.Дарханов. Оның үстіне, ақбөкен көбіне үй малы жемейтін у­­лы шөптерді де азық ете береді. Киік­тің тағы бір қасиеті – қыс қатты, мал азығы тапшы болса, бір күнде ауып, жайылым ауыстырып кетеді. Жылда осы уақытта Нарын құмына миграция жасайтын жануардың әлі күнге дейін қырда жүруі – қыс жайлы болады деген белгі болуы мүмкін.

1

 

Ақбөкенді аялау

«Киік» акциясы барысында кө­зімізбен көрдік – ақбөкенді қорғау шаралары Батыс Қазақстан өңірінде жақсы жүйеге түскен екен. Еңбектің ең бірінші нәтижесі – жануарлардың саны өсуі ғой. Қазталовтан асып, Әжі­бай ауылына бұрылған сәттен бас­тап қай жағымызға қарасақ та жон­дары ағара жөңкілген киік үйірін көр­дік. Және байқағанымыз – көлік қа­расы көрінгенде құйын-перін жоқ болып кететін үргедек емес, адам баласын бірер шақырым ғана жа­қындатып, алаңсыз жайыла береді екен. Бұл қорықшылардың күні-түні жү­ріп, қорғаған еңбегінің көрінісі екені сөзсіз. Яғни жануарлардың ты­нышын алған аңшылар азайған. Браконьерлерге қазір заң да қатал.

– 2020 жылдың басынан бері Батыс Қазақстан облысы аумағында киік аулау, дериваттарын заңсыз сақтау бойынша 37 қылмыстық іс тір­келіп, алтауының соты өтті. 8 адам қылмыстық жауапкершілікке тар­тылып, 2 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру және шектеу жазасын алды. Сот шешімімен 62 млн 300 теңге мемлекет қазына­сына қайтарылды. Бүгінгі акцияның да басты мақсаты – киік жануарларын заңсыз аулау, олардың мүйізін, дериваттарын заңсыз сақтау және тасымалдаудың жолын кесу. Бұған құзырлы органдар, атап айтқанда Орман шаруашылығы және жануар­ларды қорғау инспекция­сы, полиция департаменті, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қыз­меті бірлесіп мобильдік топтар құр­ды, – дейді об­­лыстық Орман шаруа­шылығы және жануарларды қорғау инс­пек­циясының жетекші маманы Ар­ман Ізімғалиев.

Жоғарыда ашылған қылмыстық оқи­ғалар барысында биыл 483 киік, 2 мыңнан астам мүйіз табыл­ған. Қорықшылар қазір құқық бұзу­шы­­ларды көбіне даладан емес, үй­лерінен, дериваттарды жасырған жер­ден ұстайды. Жақында ғана облыс аумағында заңсыз киік аулау­мен айналысқан екі қылмыстық топ әшкере болды. Полиция департа­ментінің мәліметінше, бұл топтар 2019 жылдың қыркүйегі мен 2020 жылдың мамыры аралығында облыс аумағында заңсыз киік аулап, оның мүйізін өткізумен айналысқан. Олардан 700 мүйіз, тіркелмеген 9 атыс қаруы, 328 оқ-дәрі, өтімділігі жоғары 7 автокөлік, 2 қаршана, 2 мотоцикл, басқа да құрал-жабдықтар тәркіленген.

Айта кетейік, 2019 жылы Мем­лекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанда браконьерлікке қарсы жаза күшейтілген болатын. Бұрын браконьерлік қылмысы дәлелденген адамның мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылса, қазір жаза мерзімі 10 жылға дейін артқан. Мемлекеттік инспектор­лар мен қорықшыға қатысты өмір­ге қол сұғушылық және күш қол­дан­ғаны үшін 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру не мүлкі тәр­кіленіп, өмір бойына бас бостан­дығынан айыру көзделген.

Сонымен қатар мемлекеттік инс­пектор мен қорықшыға қатысты зор­­лық-зомбылық көрсеткені үшін жа­ңа бап бойынша 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүм­кін.

 

Қорғаушыға қамқорлық

Қазақстанда қаскөй браконьер­лердің қолынан қаза тапқан қо­рық­шы Ерлан Нұрғалиев пен Қа­ныш Нұртазиновтің оқиғасы елді дүр сілкіндіріп кеткен еді. Бұл бір жағынан киік аулаушылардың ешнәрседен тайынбайтын қара­жүрек­тігін көрсетсе, екінші жағы­нан ақбөкенді қорғаушы инс­пекторлар мәселесіне де назар аударт­­ты. Байқағанымыз, қазір «Охотзоопром» мекемесінің инс­пекторларын қажетті құралдармен жабдықтау күшейген. Мәселен, батыс­қазақстандық филиал құзы­рында 10 «КамАЗ», бірнеше Toyota Land Cruiser, Toyota Hilux бар. Же­ңіл көліктердің ішкі салоны мен сырт­қы төрт тарапына бейнекамера орнатылған, оның жазбасы күні-түні тоқтамай, орталыққа түсіп тұрады екен. Қорықшылар қарумен, бронды кеудешемен қамтылған.

Біз осы жолғы сапарымызда киік қорғаушыларға жасалған қам­қор­лықтың тағы бір көрінісіне куә болдық. Бұл – қанатқақты жо­ба ретінде елімізде тұңғыш рет салын­ған автономды модульдік үй.

«Киік қорғаушылар қосыны» деп айтуға болатын бұл кешенде күні-түні ақбөкенді күзетіп, ен далада жүретін инспекторлар үшін бар жағдай жасалған. Жатын бөл­меден бөлек, күннен қуат алатын электр жүйесі, автономды электр генераторы, шағын жанармай стансасы, көлік жөндеу және шиномонтаж цехы, заманауи моншасы, асүйі, кір жуатын құралдары да бар. Вахталық әдіспен кезекшілік етіп, 15 күн бойы ен далада жүретін инспекторлар бұл қосында өздері де тынығып, кө­ліктерін де реттеп алатын жағдай қарас­тырылған.

– Модульді қосын құрылысы толық аяқталған жоқ, шамамен 80 пайызы бітіп тұр. Болашақта бұл орталықтың өз қызметкерлері – кү­зетшілер, көлік жөндейтін ма­мандар, операторлар болады. Осын­дай тірек пункттер еліміздің өзге өңірлерінде де салынбақ. Дәл осы жерді таңдаған себебіміз – көк­темде киік төлдейтін Қараоба қонысы, күзгі күйек орындары жа­қын. Сондай-ақ ақбөкен жайлаған Бө­кей ордасы және Жаңақала аудан­дарына да барынша тез жетуге болады, – дейді «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Батыс Қазақстан облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Арман Қожахметов.

Киік қорғаушы инспекторлармен бір күн бірге жүріп, олардың қызметі қаншалық қиын екендігін де сезініп үлгердік. Батыс Қазақстанда әзірге қар жоқ. Далада өңменіңнен өтіп кетер қара суық жел екен. Біз, журналистер, ақбөкен үйірін көрген сайын сәтті кадр түсірмек болып көліктен шығамыз. Сәлден кейін дірдектеп, жы­лы көлікке қайта ты­ғыламыз. Ал осы маң далада 15 күн бойы қар тө­сеніп, мұз жастанып жү­ретін инс­пек­торлардың жұмысы әрине, оңай емес.

Болашақта еліміздегі ақбөкен шаруашылығының жағдайы қалай болмақ? Киікті сақтау мақсатында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жалпы ауданы 343 040,1 гектарлық «Бөкейорда» мем­­лекеттік табиғи резерватын, сон­дай-ақ жалпы ауданы 314 504,1 га болатын Ащыөзек мемлекеттік табиғи қаумалын құру мәселесін пысықтап жатыр екен. Саны өсіп, жойылып кету қаупі сейілсе, ақбөкен мүйізін, етін өндіріп, өңдейтін арнаулы орын­дар неге салмасқа?!

Киіктің бір әдеті бар – алыс­тан көлік көрсе, алдын кесіп өту­ге ұмтылады. Кейде тіпті авто­кө­­­лікке соғылып, майып болады. Инс­­пекторлардың бірі мынадай оқи­­ғаны әңгімелеп берді: «Үлкен жол­дың бойында ауыр жүк көлігіне 8 киік соғылған, үстінен түстік. Киіктер тірі, бірақ мал болуы қиын. Адалдап бауыздап, жақын ауылдағы тұрмысы төмен отбасыларға тара­тып бергіміз келіп еді. Бірақ тәжірибелі әріптесіміз ескертті. «Болмайды! Бұл қылмыстық жауапкершілікке соқтыратын әрекет болмақ!». Амал жоқ, сол жерге мал дәрігері мен поли­­ция қызметкерін шақырып, акт жасатып, ол киіктерді жақын маң­дағы мал моласына апарып жоюға тура келген.

Дегенмен осындай қатаң қорғау арқылы кейінгі жылдары киік са­ны қазіргі көлеміне жетіп, өсіп отыр­ғаны да рас.

«Мамыр айынан бері Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан мем­лекет­тік университетінің ғалым­дарымен жұмыс істеп жатырмыз. Олар киіктің ауруға шалдығу себеп­терін зерттейді. Көк­темде төл­деу науқаны кезінде киіктер мен лақ­тардың ағзасына сараптама жаса­ды. Нәтижесін күтіп отырмыз. Ал­да зерттеу жұмыстары бойынша әріптестікті күшейтеміз», дейді Ар­ман Серікұлы.

Құдайдың құдіреті, бұл киік­тің басына талай нәубет тап бол­ған. Белгісіз дерттен миллиондап қырылып та қалған. Бүгінде Еділ мен Жайық арасында жосып жүр­ген үйір-үйір киіктің саны осыдан 17 жыл бұрын 3-ақ мың болып­ты. Мемлекеттік қорғаудың, инспек­торлардың тынымсыз еңбегінің нәтижесінде байтақ далада бөкен саны көбейіпті. Көз қуанады. Киелі жануарды қорғаудың сауабы текке кетпейтін шығар...

  

P.S. Түн ортасы болып қалды. Оралға қайтып келеміз. Таң атқалы жолды-жолсыз мың шақырымдай артта қалыпты. Біз шаршадық, көзімізге ұйқы тығылып тұр. Тек көлік жүргізуші Досан Дархановтың рациясы əлсін-əлсін қосылып, тапсырма қабылдап жатыр. Ұққанымыз – инспектор бірер сағаттан кейін қайта жолға шығуы тиіс. Ақбөкенді қорғауға.

 

Батыс Қазақстан облысы