Руханият • 09 Желтоқсан, 2020

Мыңжылдық дала фольклоры

586 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты ма­қа­ласында «халық ауыз әдебиет үлгілерінің мың жылдық мұ­ра­сын жаңғырту аясында, «Дала фольклоры антологиясын» жасау және қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай тағы басқа дәс­түрлі музыкалық аспаптарымен орындауға арналған «Ұлы да­ланың көне сарындары» жинағын басып шығару қажет» деген болатын.

Мыңжылдық дала фольклоры

Осы орайда, жоғарыдағы жобаны іске асыру міндеті жүк­телген Ғылым және білім минис­тр­лігі мен М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты бір­шама істер тындырыпты. Атап өтер болсақ, мемлекеттік тап­сырыс негізінде ең әуелі «Фоль­клор­лық экспедициялар мен қолжазба қорларының материалдарын жүйелеу және зерделеу, сонымен қатар дала фольклорының антологиясын қалыптастыру» атты жоба қолға алынып, бұл іске Үкімет тарапынан 276 829 млн теңге қаржы қарастырылыпты.

Нәтижесі де жаман емес. Ай­та­лық, жоба қабылданған ал­ғаш­қы жылдың (2019) өзінде-ақ антологияның бес томдығы жарық көріп, олардың аудио және цифрлы нұсқаларын дайындау бойынша жан-жақты жұмыс атқарылған көрінеді.

Әрбір томы 10 000 дана таралыммен басылған «Дала фольклоры антологиясының»
47 650 мың данасы ең әуелі, рес­публика кітапханалары мен еліміздің жоғары оқу орындарына таратылса, қалған 2 350 данасы отандық һәм шетелдік ғалымдар мен өнертанушыларға үлестіріліпті.

Сонымен қатар еліміздегі қолжазбалар қоры сақталған инс­­титуттар мен мұрағаттарда сақ­тал­ған құнды жәдігерлер цифр­лы жүйеге көшіріліп, олар заманауи түрде электрон­ды каталогтанумен қатар ғы­лы­ми-далалық экспедициялар нәтижесінде жинақталған фольклорлық мұралар қорын өңдеу, сараптау жұмыстары сәтті атқарылыпты.

Жобаны іске асырудың ке­ле­сі бір бағыты – «Ежелгі, орта­ғасырлық кезеңдердің жазбаша әдеби ескерткіштерін әзір­леу мен зерделеу және ежелгі әдебиет антологиясын дайындау» атты жоспар негізінде құрылып, бұл міндетті іске асыру үшін мем­ле­кет­тік тапсырыс арқылы 48 578 млн теңге қаржы бөлінген екен.

Нәтижесінде, еліміз көле­мін­­дегі ғылыми-зерттеу инс­ти­тут­тардың қолжазба қор­ла­ры мен мұрағаттарында сақ­тал­ған материалдар ғылы­ми әдіс­­пен жүйеленіп, ауди­тория­ның қолже­тім­­ділігі үшін «Ежелгі әдебиет антологиясы» атты кі­тап­­тар циклі цифрлы формат­та түрде жарық көре бастағаны құп­тарлық.

Аталған антологияның ал­ғаш­қы кітабы – «Исламға де­йін­гі әдеби ескерткіштер» деген атпен 10 000 данамен жарық көрсе, оның 9 530 данасы республика кітапханалары мен жоғары оқу орындарына таратылыпты. Қалған 470-і шетелдік және отандық ғалымдар мен танымал өнер-білім иелеріне сыйға тар­тыл­ған екен.

Сондай-ақ мыңжылдық мұ­ра­ны жаңғырту аясында жасалып жатқан тағы бір келелі жоба – «Фольклорлық музыкалық мұра­ны сақтау мен жүйелеу және Ұлы да­ланың ежелгі мотивтерінің таң­даулы үлгілерінің жинағы» деп аталып, бұны толық орындап шығу үшін мемлекет тараптынан 85 961 млн теңге қаражат көзделіпті.

Нәтижесінде, «Ұлы дала­ның ежелгі сарындары» атты көп том­дық антологияның алғаш­қы кітабы қазақ, орыс және ағыл­шын тілінде 10 мың данамен но­талық мәтіндері мен ғылыми тү­сі­ніктемелері жинақталған цифр­­­лы форматта басылып шық­қа­ны қуантады.

Аталған жоба әлі де жал­ға­сын табуда. Мысалы, биыл­ғы жылдың алғашқы тоқ­санында Мәдениет және спорт, Білім және ғылым министрліктері, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және барлық облыс әкімдіктері бірлесіп өңір­лік, республикалық және ха­лықаралық деңгейде ғылыми зерттеу бағыты көзделген «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» атты жобаны іске асыру жөніндегі іс-шаралардың бірыңғай жоспарын бекітті.

Бұл құжатта ең әуелі қазақ ұл­тының материалдық емес мәде­ни мұрасы ұлттық фоль­кло­рының ежелгі және қазіргі үлгілерін сақтау және оны насихаттау, одан кейін мәдени білім беру кеңіс­ті­гі­не ноталық форматта әртүрлі халық аспаптарында қазіргі заманауи электронды нұсқада жанды дауыста жазылған музыка жау­һарларын жандандыру, сонымен қатар халықтың тарихи мұрасын ұрпақ санасына дәстүрлі музыкалық фольклор арқылы насихаттау және ұлттық мәдени құндылықтарды ғылыми зерттеу жайлы жоспарлы міндеттер жүктелген екен. Бұл құнды құжат ұлт болашағына жасалған игі қадам екені анық.