Саясат • 09 Желтоқсан, 2020

Цифрлы Қазақстан: Автоматтандырудың артықшылығы көп

524 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру мен цифрландыру мәселесінің маңызы әлемді әбі­герге салған эпидемиялық жағдай кезінде тіптен арта түсті. Жаһанды жайлаған індет адамзат баласының адымын аштырмай тұрған тұста қажетті анық­тамаларды үйден шықпай-ақ алғанға не жетсін. Осыған байланысты, еліміздің ішкі істер органдарында халыққа сапалы қызмет көрсетуді жолға қоюды көздейтін ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.

Цифрлы Қазақстан: Автоматтандырудың артықшылығы көп

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың тапсырмасы негізінде елі­міздің Ішкі істер министрлігінде бірқатар ре­формалар жүргізіліп жатқаны белгілі. Соның ішінде Әкімшілік полиция комитетінің қызметіне баса назар аударылуда. Бұл ретте, қызмет басымдығы негізгі үш бағытты жүзеге асыруға не­гізделген. Бірінші бағыт – құқық қор­ғау органдарының тұрғындармен тығыз байланыс орнату және азаматтық қоғам­мен әріптестікті жаңғырту арқылы сер­вистік форматты енгізе отырып құқық бұ­зушылықтың алдын алу саналады. Екін­ші бағыт – қоғамдық қауіпсіздікке негізделген. Дәлірек айтатын болсақ, по­лиция қызметкерлері азаматтарды кеңінен тарта отырып қоғамдық тәр­тіпті, жол қозғалысы қауіпсіздігін ұйым­дастыруы және қамтамасыз етуі қажет. Үшінші бағыт – әкімшілік іс жүргізуде цифрландыруға баса назар аудара отырып, мемлекеттік қызметтерді пайдалану құқығын және тұрғындарға полиция көрсететін қызметтің сапасын цифрландыру негізінде арттыру.

Сонымен еліміздің Ішкі істер ми­нистр­лігі мемлекеттік қызмет көрсетудегі автоматтандыру және цифрландыру, оның сапасын арттыру мен тұрғындарға оң­тайлы болу үшін кедергілерді азайту мәсе­лелері бойынша қандай жұмыстарды атқарып жатыр? Алдағы жоспары қандай?

«Халыққа сапалы қызмет көрсету, жаңа цифрлы технологияларды қолдану және мемлекеттік қызметтерді автомат­тандыру – цифрландыру дәуіріндегі мемлекеттік органдарға қойылатын негізгі талап. Сондықтан, бүгінде Ішкі іс­тер министрлігі мемлекеттік қызмет көр­сету кезіндегі процедураларды жеңіл­детіп, әкімшілік кедергілерді азайтуда. Қызметкерлердің жекелей ықпал ету факторларын және пара алу мүмкіндігін жою жұмысы қолға алынды. Бұл жұ­мыстардың барлығы азаматтардың қыз­мет алу процесін жеңілдету, сондай-ақ халықтың құқық қорғау жүйесіне деген сенімін арттыру мақсатында жасалатыны сөзсіз», деп отыр Көші-қон қызметі ко­митеті төрағасының орынбасары, полиция полковнигі Сабыржан Сейітжанов.

Оның айтуынша, жыл басынан бері Ішкі істер министрлігі 9 мемлекеттік қызметті автоматтандырды (сегізі қару-жарақ айналымы және біреуі қару-жарақ­тың сот-медициналық сараптамасы саласында). Бүгінде автоматтандыру деңгейі 88,6%-ды құрайды (44 қызметтің 39-ы). Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды. Ішкі істер министрлігі мен басқа да мем­лекеттік органдардың ақпараттық жүйе­лерін дамыту – мемлекеттік қызмет көрсетулердің бизнес-процестерін қайта қарауға мүмкіндік береді. Бұл ретте, бірін­ші кезекте, мәліметті мемлекеттік органдардың электронды базаларынан алуға болатын қызметтерді алып тастауға, сондай-ақ қызмет көрсету мерзімі мен оны алу үшін азаматтар ұсынатын құжат­тар­дың санын қысқартуға назар аударылады.

– Осылайша, 2020 жылы қаңтарда уақытша келген шетелдіктерді тіркеу жойылды (жыл сайын 1,2 - 1,6 млн адам). Бұл шетелдік қонақтар кезігетін әкімшілік кедергілерді айтарлықтай төмендетіп, елдің инвестициялық және туристік тартымдылығына оң әсерін тигізді. Халыққа қызмет көрсетудегі жағдайдың жақсаруына жыл басынан бері уақытша жеке куәлік беру (2018 ж. – 11,2 мың, 2019 жылы – 5,5 мың) мен азаматтардың төлқұжаттарына 16 жасқа дейінгі балалары туралы жазбаларды енгізу функцияларын алып тастау да ықпал етті (2018 жылы – 70,4 мың, 2019 жылы – 26,7 мың), – дейді полиция полковнигі.

Расымен де, карантин мен шектеу­лер кезінде азаматтар мемлекеттік қыз­меттерді цифрлық форматта алудың ар­тық­шылығын түсінді. Себебі интернет пен электронды цифрлы қолтаңбаны қол­дана отырып бірқатар қызметтерді үйден шықпай-ақ алуға болады. Мәселен, аса сұранысқа ие қызметтердің қатарында тұр­ғылықты жері бойынша тіркеу (1 миллион 430 мың) мен тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шығару (380 мың) болып отыр.

Осы жылдың 9 айында Ішкі істер министрлігі 5 миллион 943 мың мемлекеттік қызмет көрсетіпті. Соның ішінде, 5 млн 341 мың 221 (немесе 90%) қызмет мемлекеттік корпорация арқылы көрсетіліп отыр. Соның ішінде, 2 млн 69 мың қызмет арнайы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында көрсетілсе, 213 мың 409 қызметті отандастарымыз Көші-қон қызметінің орталықтары арқылы алған көрінеді. Сондай-ақ ақпараттық жүйелер арқылы – 284 мың 680 қызмет және қағаз түрінде – 317 мың 99 қызмет көрсетіліпті.

– Сонымен қатар отандастарымыз «Азаматтарға арналған үкімет» мем­лекеттік корпорациясы арқылы ала ала­­тын қызметтердің тізімі де кеңейіп ке­леді. Қазір Халыққа қызмет көр­се­ту ор­талықтары арқылы Ішкі істер ми­нистр­­­лігінің 17 қызметі көрсетіледі. Мә­­селен, осы жылы 1 қарашадан бас­тап жеке тұлғаларда жұмыс іс­теуі үшін иммигранттардың еңбек рұқ­сатна­маларын рәсімдеуге арналған құ­жаттар Халыққа қызмет көрсету ор­талықтары арқылы іске асырылады. Бұл ретте, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандары қажетті құжаттарды көші-қон қызметіне жібереді және жауапты ақ­па­раттық жүйе­лер арқылы алады. Барлық про­це­дураларға шамамен 20-30 минут уақыт ке­теді, – дейді С.Сейітжанов.

Полиция полковнигінің айтуынша, бұл қадам «бір терезе» қағидаты бойынша тек облыс орталықтарында ғана емес, сонымен қатар шалғай аудандарда да жұмысқа рұқсат беру құжатын рәсімдеуге мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, көлікті тіркеу, жүргізуші куәліктерін беру, сон­­дай-ақ жол қозғалысы ережелеріне ем­ти­хан қабылдау функция­лары арнайы Халық­қа қызмет көрсету орталықтарына беріл­ген көрінеді. Сонымен қатар, осы жылы «Электронды үкімет» порталында жол қозғалысы қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік қызметтердің қосымша түр­лері іске асырылды.

– Жалпы цифрлы қызметті дамыту – азаматтың мемлекетпен негізінен ақ­параттық технологиялар (компьютерлер, смартфондар және тағы басқалар) ар­қылы қарым-қатынас орнатуы кезінде жағдай жасауды көздейді. Қазақстанда смартфондарды пайдаланудың жоғары рейтингі бар (2018 жылы 11,9 млн қол­данушы немесе 65%), – дейді полиция полковнигі. Оның айтуынша, бұл «Элек­тронды үкіметтің» қызметтерін мобильді платформаларға белсенді бейім­деуге және мемлекеттік қызметтерді кез кел­ген жерде және кез келген уақытта ұсы­нуға мүмкіндік береді. Өз кезегінде, бұл қадам ашықтықтың жоғарылауына да ық­­пал етеді. Қызметтердің тиімділігі мен сапасы артады. Ресурстар үнемделеді.