Руханият • 09 Желтоқсан, 2020

Тасқопадан табылған сармат жауынгері қайда?

1003 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Темір ауданындағы Тасқопа елді мекені іргесіндегі  ежелгі қорғаннан табылған сармат көсемінің бұйымдарын зерттеп, қалпына келтірудің  бірінші кезеңі аяқталды. Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры  Бауыржан Байтанаев Тасқопаның «Алтын адамын» зерттеу жұмыстары келесі жылдың  ортасында толық аяқталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тасқопадан табылған сармат жауынгері қайда?

Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының мамандары  өткен жылдың тамыз айында Тасқопа елдімекенінен екі шақырым қашықтықтағы үлкен қорғанға қазба жұмыстарын жүргізуді бастап, екі айдан соң 5 метр 70 см тереңдіктен ежелгі дәуірдің тоналмаған қымбат обасын тапты. Археологтар  тайпа көсемі жерленген орын болуы  мүмкін деген болжам айтты. Өйткені мүрдеден  алтындалған белдік, дулығаның қалдығы, түрлі жапсырмалар мен әшекей бұйымдарының сынықтары табылды. Мамандар біздің заманымызға дейінгі Ү ғасырдың обасы деген жорамал жасады. Қазба жұмыстары кезінде осы  қорғанның  беткі қабаттарындағы обаның  ерте заманда тонаушылыққа ұшырағаны анықталды. Ал,  алтын адам қорғанның  терең қабаттарында көмілгендіктен ғана ежелгі заманның тонаушыларынынң көзіне түспей, бүлінбей сақталған. Осылайша, биіктете үйілген бір  қорғанда  бірнеше дәуір адамдары жерленген екен. Соған қарағанда қазірде елсіз далалықта  жиі ұшырасатын биік төбешіктер түрінде сақталған қорғандар өз заманында ғұрып-жоралғылар өткізетін қасиетті орындар болған сияқты.  

Бауыржан Байтанаев Тасқопадағы қорғаннан табылған  құнды дүниелерді ҰҒА екі академигі, 4 ғылым докторы мен  7 ғылым кандидаты зерттеуге алып,  обадан табылған жауынгер бұйымдарын реставрациялау   алдағы жылдың көктемінде аяқталатынын айтты.

Батырлар жырында айтылатын «бес қаруы белінде» деген сөздің түпкі мәні тереңде,  бастауын ежелгі сармат заманынан алады. Тарихта сармат жауынгерінің бес қаруын асынып жүретіні  жазылған. Ал, Тасқопадағы обадан  бес қарудың бірі ғана табылды. Ол –ұшы сынған, шіріп кеткен қылыштың қалдығы. Екінші жағынан, алтын жапсырмаларының   көптеп  табылуына қарағанда, әйел жерленуі  де мүмкін деген  болжам бар. Өйткені,  ежелгі сармат  әйелдері  соғысу өнерін тамаша меңгерген, әрі тайпаның билігін қолында ұстап, шаруашылықты жақсы жүргізген. Өйткені, сол заманның ерлері  көбінесе жалдамалы әскер ретінде Рим мен Византияға дейін  екі доңғалақты арбасымен жорыққа аттанып кеткенде, үй-жайды басқару, мал шаруашылығын жүргізу, жайылымдар табу, сауда  ісімен   әйелдер айналысқан. Бұл дәуірде құл саудасы да қатты қызған екен.

Тасқопа  жауынгер сармат тайпаларының жорық жолы не мекен еткен тұрағы болуы да мүмкін. Тарихтан белгілі,  бай сармат тайпалары  б.з.б. II ғасырдан бастап ірі саяси одаққа бірігіп, Оңтүстік Орал, Еділ бойына, Қазақстанның батыс аумағына, Тобыл мен Дунай аумағына дейін шашырай орналасқан. Олар б.з. IV ғ. ғұндардан жеңіліп, батысқа қарай қоныс аударады. Сарматтардың саяси одағының батыс тобы Солтүстік Кавказ, Солтүстік Қара теңіз жағалауы елдерінде билігін жүргізді. Бұлар әуелгіде ирантілдес болғанымен, кейін ежелгі түркі тіліне ауысқан. Олардан қалған ескерткіштер Қырым мен Солтүстік Кавказда осы күні де кездеседі. Жауынгер сарматтардың туысы–массагет тайпалары. Сондай-ақ сарматтардың құрамында роксолан, алан, аорс, сирақ тайпалары да болған. Көбінесе әскери жорықтар, соғыс өнеріне машықтанған сарматтардың ізінен ғұндар өкшелеп жүріп, ақыры тарих сахнасынан кетіріп тынды.