Қоғам • 09 Желтоқсан, 2020

Антикор мен "Әділдік жолы" қоғамдық бірлестігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

3779 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарыс іс-қимыл Агенттігінің алаңында ведомство басшысы Алик Шпекбаев пен "Әділдік жолы" республикалық қоғамдық бірлестігі кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Антикор мен "Әділдік жолы" қоғамдық бірлестігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Ынтымақтастықтың мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданатын шаралардың тиімділігін арттыруға, парасаттылық идеологиясын ілгерілету, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға бағытталған іс-қимылдарды әзірлеу және іске асыру.

А.Шпекбаев атап өткендей, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке қоғамды кеңінен тарту ел басшылығы мен Агенттіктің негізгі басымдығы болып отыр.

Бұл – азаматтардың талаптарына және жалпы қабылданған халықаралық стандарттарға жауап беретін қазіргі заманғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі алғышарты. Жемқорлық – індет, оны жою бәрімізге ортақ міндет».

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бүгінде азаматтық қоғаммен сындарлы әріптестіктің үздік тәжірибесін көрсетіп отыр. Бұған «Адалдық алаңы», арнайы мониторингтік топтар, ақпараттық-ағарту штабтары, «Адал көмек» жобасы мен жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалыстары сияқты сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобаларға тартылған 100 мыңға жуық қоғам өкілдері – еріктілердің қолдауы дәлел болды.

Өз кезегінде Исламбек Салжанов: «Сыбайлас жемқорлық біздің моральдық негіздерімізге кері әсерін тигізіп, әлеуметтік әділеттілігімізге нұқсан келтіретін және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын тежейтін қоғам дерті. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, сыбайлас жемқорлықпен күресудің негізі сыбайлас жемқорлық орын алып жатқан оқиғаларға азаматтардың салғырт қарамауында», – деді.

Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықты жою жолында әр қазақстандықтың қосқан үлесінің маңыздылығын атап өтті.

Шара соңында қатысушылар барша азаматты еліміздің әл-ауқатын көтеріп, гүлдендіру мақсатында сыбайлас жемқорлықпен бірге күресуге шақырды.