Шұға ауылы аудан орталығынан 100 шақырым жерде. Осыдан-ақ, оның облыс орталығынан қандай түкпір шалғайда орналасқанын байқайсыз. Ауыл Жолболды ауылдық аумағының бөлімшесі. Аралары – 40 шақырым. Шағын аурухана да, пошта бөлімшесі де сол жақта. Бір жылдары облыс әкімдігі шалғайда жатқан ел, қыс-боранда қайда барады, жолы болса жоқ деп кәдімгідей аурухана да салып берді. Өкінішке қарай, қазір қайран ауыл облыстың да, ауданның да әкімқараларының назарынан тыс қалғандай күйде.
Шұға ауылы аудан орталығынан 100 шақырым жерде. Осыдан-ақ, оның облыс орталығынан қандай түкпір шалғайда орналасқанын байқайсыз. Ауыл Жолболды ауылдық аумағының бөлімшесі. Аралары – 40 шақырым. Шағын аурухана да, пошта бөлімшесі де сол жақта. Бір жылдары облыс әкімдігі шалғайда жатқан ел, қыс-боранда қайда барады, жолы болса жоқ деп кәдімгідей аурухана да салып берді. Өкінішке қарай, қазір қайран ауыл облыстың да, ауданның да әкімқараларының назарынан тыс қалғандай күйде. Дастарқаны мол, малы күйлі, балалы-шағалы отбасылары алыстағы ауылдан кетпей тұрып жатыр. Шұғаға керегі – жол. Жол қиындығын біз де көрдік. Ойпырым-ай, келуін келдік-ау, енді ауылдан шығып үлкен жолға қашан жетерміз деп те асықтық. Жүз рет естігенше, бір рет көрген артық. Ауылдағы ағайын күнде қиындық тартып жүргенде бір рет көрген қиындыққа шыдайсың. Көршілес Басқамыс, Қарақоға ауылдары да осы күйді бастан өткеруде. Шұғаның жолын жөндетіп, тас төсетпекші болып, ауылдың аманатын арқалаған зейнеткер ұстаз Елеусіз апайдың да бармаған жері, баспаған тауы қалмапты.
– Ойбой, қарғам-ау, бәрің де ауылда өстіңдер ғой. Өмірге қадам басатын үлкен жолды ауылдан бастадыңдар. Бізді ұмытып кеткендерің қалай? Біз қазір қыс ерте түспесе екен, аязды борандар болмаса екен деп тілеудеміз. Шұғалықтар қыс кезінде тіпті, апталап, айлап ауылдан шықпай қар жамылып отырады. Кімге арыз-шағым, мұңымызды айтамыз? – дейді Елеусіз апай.
Елеусіз апай айтқандай, былтырғы сақылдаған қыста Шұғаның Темірлан деген баласы кенеттен ауырады. Жолболдыдағы аурухананың өзіне жете алмай ауру баламен отбасы боранда жолда қалады. Ауыл дәрігері Еркеш Өмірова ұялы телефон арқылы аудандық аурухана дәрігерлерімен байланысып, шұғыл ем-шара жасағанның арқасында Темірлан аман қалды. Осы жағдайдан соң Алмагүл мен Жеңіс Сейілхановтар балаларының болашағын ойлап, ауылдан Екібастұз жаққа көшіп кетті. Біздің әріптесіміз Фархат Әміренің әкесі де боранды күні Шұғаның қар құрсанған жолынан шыға алмай қаза болды.
Екібастұз демекші, бұл күндері Ақтоғай ауданына қарасты Шұға, Басқамыс, Қарақоға ауылдарының тұрғындары облыс әкімдігінен ауылдарын Екібастұз қаласы аумағына қосуды сұрап отыр. Шұға мен Екібастұздың арасы – 100 шақырым. Екібастұздың Ақкөл ауылы аралығында жол үнемі тазаланып отырады. Жол ашық деген сөз. Шұға ауылы сияқты жылдың төрт мезгілінде жол азабын тартып, қыс алдында қорқынышта отырмайды.
Әрине, ешкім де шағын ауылдардың жолына жарқыратып жол төсеп, бәрін бір күнде қатырып таста демейді, бірақ, ауданның бір түкпірінде ел мал-жанын асырап отырған соң, тас төсеп, жолын тегістеп жөндеу міндет. Еліміз бойынша 8 мыңдай ауыл болса, оның 1 мыңдайы шағын ауылдар. Оның ішінде осы Шұға да бар.
Облыстағы ауылдарда халық саны жылдан-жылға азайып барады. Мектептердегі сыныптарда кейбір ауылдарда 2-5-тен оқушы қалды. Шағын комплектілі мектептер, фельдшерлік бөлімшелер, пошталар жаппай жабылып жатыр. Жолы, мектебі, медициналық қосын, пошта бөлімшесі жоқ ауылдарда ертең ешкім де тұрмайды. Шарбақты ауданының Сынтас ауылынан келген Аян Жұмабаев ауыл, аудан орталығы арасындағы тас жолда ағымдағы жөндеу жұмыстары сапасыз жүргізілгенін, бүгінгі жағдайы да сын көтермейтінін айтса, Павлодар ауданы, Қаратоғай ауылының тұрғындары ауыл мен негізгі үлкен жолдың арақашықтығы бар-жоғы 6 шақырым болса да, жазда жаяу жүреміз, қыста мүлдем қалаға бара алмаймыз. Өйткені, жазда жол жаман деп таксистер келмейді, қыста жолды қар жауып тастайды, дейді. Ауыл әкімдігі мен шаруа қожалықтары бірлесіп жолды тазалап, қатал қыстан құтқарып отырады екен.
Өндірісті Солнечный кентінің тұрғындары да Екібастұзға жұмысқа бару үшін талай жылдар бойы жол қиындығын тартып келеді. Облыстық маңызы бар Екібастұз ГРЭС-2 стансасына алып баратын автомобиль жолының жалпы ұзындығы 26,9 шақырымды құрайды. Тағы да бар-жоғы 11 шақырымдағы жөндеу жұмыстарын жылдар бойы созып келеді. Облыс орталығының іргесінде тұрған Ақсу қаласына қарасты Алғабас ауылынан Ертіс, Ақтоғай аудандарына алып баратын үлкен жолдың бұрылысы 20 жыл бойы ұңқыр-шұңқыр күйі жатыр. Қаланың әкімі Болат Бақауов, аудан әкімдері Мұрат Сейітахметов пен Нығман Пішенбаев сол жермен жүз рет жүріп өтсе де мыңқ етпейді. Айтар жауап біреу: ол республикалық жол, бізге қатысы жоқ, дейді. Олай болатын болса, 20 жыл бойы шұңқырдан көз ашпай тұрған сол титтей бұрылысты күш салып, мәселе көтеріп қалайда жөндетуге болады ғой. Халық, ел осы үш әкімге қарап отыр.
Облыстық автомобиль жолдары жолаушылар тасымалы басқармасының мәліметтері бойынша, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 4148,3 шақырымды құрайды, соның ішінде облыстық маңызы бары – 1183,9 шақырым, аудандық маңызы бары 2964,4 шақырымды құрайды. Амал қанша, осылардың біреуінің қалтарысында Елеусіз апайымыз тұратын Шұға ауылының аты жазылмапты. Бейімбет ағамыз жазып кеткен кешегі «Шұғаның» бүгінгі «белгісі» осындай.
Жақында облысқа Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев келді. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы еліміздегі автокөлік жолдарының ахуалын қатаң сынға алған болатын. Министрдің біздің облысқа жеделдете келуі тегін емес. Облыста Астана–Павлодар бағытындағы автобан, Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпір, Елбасының бақылауындағы Павлодар қаласының батыс айналма жолы және Омбы–Майқапшағай халықаралық тас жолының құрылысы әлі аяқталған жоқ. Көлік және коммуникация министрлігі Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Замир Сағыновтың айтуынша, автокөлік жолдарының құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасын тексеретін комиссия Павлодар облысы бойынша бірқатар кемшіліктерді анықтапты.
Министрдің айтуынша, биыл елімізде автокөлік жолдарының құрылысына әрі оны жөндеуге 19,4 миллиард теңге бөлінген екен. Бүгінде Астана–Павлодар бағытындағы жолдың жұмысы жүргізілуде. Министр осы аталған жобалар бойынша жол сапасын бақылауды күшейтуді, министрлік тарапынан айтылған кемшіліктерді жоюды тапсырды.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы.