Аймақтар • 10 Желтоқсан, 2020

Шұбарқұдықта жаңа мектеп ашылды

641 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Темір ауданының орталығы Шұбарқұдық кентінде жаңа спорттық кешен мен 320 оқушыға арналған мектеп-интернат ашылып, тұрғындарды қуанышқа бөледі. Осы әлеуметтік нысандардың құрылысына «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде жергілікті тұрғындар жұмысқа тартылды.

Шұбарқұдықта жаңа мектеп ашылды

Аудан орталығы Шұбарқұдық кентіндегі жаңадан бой көтерген Қызылжар шағын ауданында тұрғындар санының өсуіне байланысты жаңа мектеп қажеттілігі бірнеше жыл бойы айтылып жүретін. 2018 жылы басталған мектеп құрылысы осы жаз айында аяқталады деп жоспарланғанымен, карантинде сырттан әкелінетін құрылыс материалдары дер ке­зінде жеткізілмеуіне байланыс­ты уақыттан кешігіп қалды. Оқу орнының ашылу салтана­ты­на келген өңір басшысы Оң­да­сын Оразалин тұрғындарды құт­тықтап, мектептің бір каби­нетіне робот құрастыру техникаларын сый­ға тартты.

Темір ауданының тұрғыны, ардагер ұстаз Темірхан Әділ­хан­ұлының айтуынша, соңғы жылдары ауыл мен қала мектептерінің арасындағы айырмашылық бірте-бірте жойылып келеді. Өйткені заманауи кешенді мектеп, жақсы жабдықталған оқу кабинеттері, компьютермен жабдықталу деңгейі және ең бастысы сапалы интернет қала мен ауыл мек­тептерінің білім деңгейін теңес­тіруге ерекше мүмкіндік береді.

Шұбарқұдық кентіндегі Қы­­зыл­жар шағын ауданында тұ­ратын мұғалім, бес баланың анасы Рысгүл Қоштанбекова осы мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасқан. Ол «Оқушыларым бұ­рын алыстағы мектепке қаты­нап оқитын. Қыстың күндері күн суықта тоңып қалды ма деп сабақтан келгенше алаңдап отыратынбыз. Енді үйдің қасында жаңа мектеп ашылғанда, балаларымыздан бұрын өзіміз риза болып жатырмыз. Әсіресе, мектептің кең де еңселі спорт залында де­не шынықтырумен тұрақты түр­де айналысуға өте қолайлы. Тек ата-аналар балаларымыздың кіш­кентай кезінен бастап спортпен айналысуын қадағалап отыруымыз керек» дейді.

Қызылжар мектебі жанынан салынған 60 орындық интернат та – осы төңіректегі мектебі жоқ адам саны аз ауылдардың балаларының алаңсыз білім алуы үшін жасалған ерекше жағдай.

 

АҚТӨБЕ