Экономика • 10 Желтоқсан, 2020

Газ – сапалы, қысым – тұрақты (Алматы өңірі газ тапшылығына ұрынбайтын болды)

436 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қыстың қытымыр аязында арқалап отын тасып, күйелеш-күйелеш болып жүріп шаңырағы мен ошағын жылытқан қайран әке-шешелеріміздің бейнетін білетіндер некен-саяқ болар?! Бүгінде құбырлармен ағылып келіп, үйімізге жылу, қазанымызға береке дарытып отырған көгілдір отын айналасындағы ілкімді жобалар өздігінен іске асып жатпағаны тағы аян.

Газ – сапалы, қысым – тұрақты (Алматы өңірі газ тапшылығына ұрынбайтын болды)

Бұл – орасан қаражатпен қоса, мыңдаған маман мен жұ­мыс­шы­ның құлазыған далаларды газ құбырларымен жалғап, елді ме­кендердің тамырына жылу жү­гір­тіп жатқан қажырлы еңбегі.

Сонымен сейсенбі күні таң атпай Алматы облысы Жамбыл ауданындағы «Ұзынғаш» газ өлшеу торабында тындырылған тағы бір жобаны көзімізбен көріп, оның айналасында еңбектеніп жатқан мамандармен сұхбаттасу үшін жолға шықтық.

Бұл журналистік сапары­мыз­дың мәні төмендегідей, Алматы қаласы мен облысын газбен қам­тып отырған екі алып магистраль – «Қазақстан-Қытай» және «Бұхара газды ауданы – Ташкент – Бішкек – Алматы» газ құбырлары арасын жалғайтын ТІР-03 бөлі­гі­­нің «Ұзынғаш» өлшеу торабында жүргізілген күрделі ре­кон­с­трукция жұмыстарының нәти­желерімен танысуды мақсат ет­тік. Ірі қысымдағы құбырларды тоғыстырып, бір-бірімен жал­ғай­тын ұлттық оператор «Қаз­Транс­Газ» компаниясының бас­қа­руындағы бұл жүйе бүкіл өңір энергетикасының маңызды бө­лі­гі деуге болады. Оны қайта жа­рақ­тандыру арқылы газ мамандары өңірді газбен қамтамасыз етудің тұрақтылығын арттырды.

Бұған дейін де біздер тәуел­сіз­дік жылдарының беде­рін­де шетелдік БАҚ өкілдерімен бірге «ҚазТрансГаз» АҚ жүзеге асырған ең ауқымды жобалардың іске қосылу сәтіне куә болған жайымыз бар. Мұндай жобалар қатарына ел экономикасындағы ең маңызды оқиғалардың бірі – ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ «Қазақстан – Қытай» магис­трал­дық газ құбырының 3 же­лі­сін толық пайдалануға бергенін қосуға болады. Бұл мегажоба Қазақстанды газ тасымалы және халықаралық газ транзиті жө­нін­де­гі Орталық Азияның ең белді ойыншысына айналдырған болатын.

Мына жаһан әлмисақтан табиғи ресурстар үшін таласып, қырғи-қабақ болып жатқан заманда Қазақстан айналасындағы көрші­лерімен қай кезде де көкей­кес­ті болып келген көгілдір отын мәселесін тату жолмен шешіп, өзара тиімді энергетикалық жобаларды бірге жүзеге асыруы – шынында терең саяси мәнге ие.

Маңызды экономикалық және геосаяси мәнге ие осындай ір­ге­лі жобалар Түрік­мен­станды, Өзбекстанды, Қазақ­стан мен Қы­тайды «достық көпі­рімен» жал­ғап, Елбасының интег­ра­ция­лық саясатымен үндесті.

Ал енді біздің жолымыз түсіп отырған «Ұзынғаш» газ өлшеу торабын қайта жарақтандыру – табиғи газбен Алматы және Алматы облысының тұр­ғын­дары мен өнеркәсіптік кәсіп­орын­да­рының қажеттілігін үздік­сіз және барынша толықтай қана­ғат­тандыруды қамтамасыз етудің төте жолы.

Өлшеу торабы Алматы облысы, Жамбыл ауданы Ұзын­ағаш стансасының аума­ғын­да орналасқан және газды ме­ха­никалық қоспалардан тазарту, газ шығынын есепке алу, табиғи газдың жоғары қысымын (max9,81МПа) жобалық қысым 5,4 МПа дейін төмендету тәрізді технологиялық жабдықтар кешені кіреді.

БАҚ өкілдерін мұнда «Интер­газ Орталық Азия» акцио­нер­лік қоғамының «Ал­маты» магис­трал­дық газ құбырлары бас­қар­масының желілік-өндірістік басқарма бастығы Нұржан Жол­дас­беков өз әріптестерімінен бірге күтіп тұр екен.

Басқарма бастығының ай­туын­ша, газ өлшеу торабын қай­­та құрғаннан кейін оның құ­рам­дас бөліктерінің қуаты арт­қан. Сонымен, газды есепке алу торабының өнімділігі енді екі есеге артып жылына 10,5 млрд текше метрді құрайды.

– Бұл БГР-ТБА – «Бұхара газды ауданы – Ташкент – Бішкек-Алматы» магистральды газ құбыры Алматы қаласы, Алматы облысымен қоса жалпы оңтүстік өңірді Бұхара газды ауданынан шыққан көгілдір отынмен қамтамасыз етеді. Дегенмен күн суытқан кезде Өзбекстан мем­лекеті газдың көлемін шек­тей­ді. Өйткені қысқы маусымда көршілеріміз бірінші кезекте ішкі сұранысты қамтамасыз етеді. Өздерінен артылған газ ғана сыртқа нарыққа шығады. Сондықтан бұрын қыста газ тұ­­­тыну көлемі ұлғайған кезде Алматы, Алматы облысымен қоса оң­түстік аймақ көгілдір отын тап­шы­­лығын сезінетін еді.

2010 жылы іске қосылған осы құбырлар арасын жалғайтын кешен арқылы облыста көгілдір отын тапшылығы жойыла бастады деуге болады. Оған де­йін­гі елдің жағдайын өздеріңіз біле­сіз­дер. Бір ғана үйді газға қосу үшін біз газдың жылдық тұтыну көлемін ұлғайта алмайтын едік. Қазір халыққа қанша газ керек болса, сонша газ бере аламыз. Бұл құрылғының маңыздылығы да сонда, ол магистралдық газ құбырымен келген лас газды тазартып, есептейді және қажетті, жұмысқа жарамды қысымды реттейді, – дейді «Интергаз Ор­талық Азия» АҚ «Алматы» ма­гистралдық газ құбырлары басқармасының желілік-өнді­ріс­тік басқарма бастығы Нұржан Жолдасбеков.

Қысқасы, бұл жерде «Қа­зақ­стан – Қытай» газ құбы­ры­нан алынған көгілдір отын Алматы облысына есептеліп, таратылады. Мұнан да бөлек, газбен үз­дік­сіз қамтамасыз ететін негізгі бағыттарда төтенше жағдай орын алатындай болса, бұл торап баламалы көгілдір отын көзі ретінде «Қазақстан – Қытай» магистралды газ құбырын пайдалануға мүмкіндік береді.

Ел көлемінде ірі газ құбыр­ла­рын өзара жалғайтын осы тә­різ­дес 3 жалғастырғыш торап бар. Атап айтқанда ТІР-01, ТІР-02 Жамбыл облысындағы Ақыртөбе газ сақтау қоймасы мен Түркістан облысының Ақбұлақ поселкесінің маңында орналасқан. Және 2011 жылы пайдалануға берілген бұл торап­тардың құрылысы қысқа мер­зімде жүзеге асырылған.

Сондай-ақ Алматы еліміздің ең үлкен мегаполисі болғандықтан, сәйкесінше көгілдір отынды тұтыну көлемі жылдан жылға артып келе жатқаны белгілі. Осы сұранысқа сай, келешекте ТІР-04 жалғастырғышын Алматы қаласы маңында салу жоспары бар. Оның үстіне Алматыдағы көмір пайдаланатын «ТЭЦ-2» жылу орталығы алдағы уақытта газға көшетін болса, осындай құрылғы, яғни бөлек торап салу қажеттігі сөзсіз туындайды.

Мамандар алдағы уақытта «ҚазТрансГаз» АҚ мен Энер­ге­ти­ка басқармасы өзара мәмі­лені пысықтап, жетілдіріп, жоба басталар кезде газдың тұтыну көлемін анықтау қажет болатындығын алға тартады. Сол кезде осындай торап, жалғастырғыш салынып, ол «Қазақстан – Қытай» ма­гистралдық газ құбырына жал­ғануы тиіс.

Тұрақты және үздіксіз газ жет­­кізуді қамтамасыз ету – ұлт­тық оператор қызметіндегі абзал міндет. Ел көлемінде газ тап­шы­лығын болдырмау мақ­са­тын көздейтін және тұты­ну­шыларға газ жеткізудің баламалы жолдарын ұйымдастыру мәсе­ле­ле­рі де сәтті шешіліп келеді.

 

Алматы облысы,

Жамбыл ауданы