Руханият • 10 Желтоқсан, 2020

«Намыстың» әкесі

585 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

 Белгілі қаламгер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері,
республиканың еңбек сіңірген жаттықтырушысы Несіп Жүнісбайұлы туралы толғам

Әдебиет пен журналис­ти­каның жалына жармасқан біздің қатар небір білікті ұстаздардан тәлім алды. Мұхтар Мағауин, Сейдахмет Бердіқұл, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбайұлы, Нығ­мет Ғабдуллин, Темірбек Қо­жакеев, тағы басқа ұлттық өре­сі жоғары әрі білімдар аға­лар ақын-жазушылар мен жур­на­листердің талай толқынын тәр­биелеп шығарды. Осы ағалардың өкшесін басып, тәрбиесін көрген, өзі де спорт журналистерінің тұтас бір шоғырын баптаған Несіп Жүнісбайұлы ұлт мәдениетіндегі қабырғалы қайраткердің бірі десек, артық айтқандық болмас.

«Намыстың» әкесі

Несіп Жүнісбайұлы – қазақ журналистикасындағы бір са­лаға маманданып, өзі таңдаған тақырыбының отымен кіріп, күлімен шығудың дәстүрін, мектебін қалыптастырған санаулы қаламгердің бірі. Сейдахмет Бердіқұл ұлттық спорт жур­налистикасының негізін қалап, күре жолын салып кетсе, Несаға сол жолды бес құрлыққа жал­ғап, ұстаз дәстүрін ілгері сүйреді.

Тарихқа жүгінсек, ХХ ға­сырдың жетпісінші жылдарының соңы, сексенінші жылдарының басында қазақ спорты соны белес­ке иек артты. 1978 жылы Шәміл Серіков грек-рим күресінен қазақ жастарынан тұңғыш әлем чемпио­ны атанған кезден бастап, Алаш жұртының спорт аренасындағы жаңа дәуірі, дүрмекті кезеңі бас­талды деуге толық негіз бар.

Екі ғасырдай уақыт патшалық Ресей, одан кейін кеңестік империясын қырып-жойып, рухын жан­шып, әбден титықтаған қа­зақ жұрты Шәмілдің тарихи же­ңісімен дүр сілкінді. Дәл осы сәт­ті ұлттық мүддеге берік, алмас қылыштай қайрауы келіскен 28 жастағы Несіп Жүнісбайұлы қа­пы жібермей іліп әкетті. Соң­ғы беті, сейсенбілік нөмірі ұлт­тық намысты шарқайрақтай қай­раудан жалықпайтын «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») үні жеткен жерден сүйінші сұрап, қалың оқырманды ду еткізді. Келесі, 1979 жылы Шәміл әлем­дік чемпионаттың алтын тұ­ғырына тағы шықты. Тағы да Несағаң ақ қағаздың бетінде дауыл тұрғызып, көлдей ма­қалаларын рақаттана жариялады дейсің. Жанкүйер біткен жастар газетін автобуста, аялдамаларда, вокзал перронында, ұшақ ішінде асыға, сүйсіне оқып жатты. Себебі қазақ ұлты осындай рухты дүниелерге сусап отырған заман еді. Әр қазақ баласының жеңісі, жылт еткен сүйінші хабары жанымызды жадыратып, мерейімізді өсіретін.

Сол жылдың көктемінде өзі де көркем, жұдырық сілтесі одан да әсем Серік Қонақбаев әлем­дік аренаға атойлап шықты. Жұмыр жердегі бокстың есеп-шотына жүйрік мамандар Се­рікке сұқтана, сүйсіне қол соқты. Серіктің тымақты алшы ки­гіз­гендей әсем қимылы, дүркін-дүркін жеңістері Несағаңды шабыттандыра түсті. Шыны керек, «Лениншіл жастың» әр нөмірінен Несіп Жүнісбайұлының Се­рігін іздейтін әдет таптық. Нес­ағаны құмарта оқи отырып, Қонақбаевпен бірге неміс Карл Крюгермен, итальян Патрицио Оливамен өзіміз айқасқандай күй кешетінбіз. Ақиқатын айтсақ, 1979-1981 жылдары қазақтың спорт көгінде Несіп Жүнісбайұлы мен Серік Қонақбаев жұбын жазбай қатар шарықтады.

1979 жылы КСРО халық­та­рының жазғы спартакиадасында сақа балуан Жақсылық Үшкемпіров пен өрімдей боксшы Серік Нұрқазов күміс жүлдеге қол жеткізді. Бұл жақ­сылықты жал­пақ жұртқа асыға жария қылған жампоздың бірі Несағаң бо­латын. Біз сол кезде Несіп Жү­нісбайұлын жақсылықтың жаршысындай көретінбіз, сол тұста қазақ спорт­шыларын жанын сала, беріле насихаттаудан Нес­аға­ның алдына ешкім түсе алған жоқ. Ағамыз сонау елуінші жылдардың соңы, алпысыншы жылдары спорт саңлақтарын насихаттаудың Сейдахмет Бер­діқұл мен Қалдарбек Най­манбай қалыптастырған дәстүрі мен жүйесін жаңа леппен, ыстық қайратпен жаңа сатыға көтерді. Ендігі жерде спорт материалда­рынан Несіп Жүнісбайұлына тән ыстық сезім, ұлтқа деген шынайы махаббат, өзіндік эмоция мен салиқалы байыптаулар «менмұндалап» тұра­тын болды. Несағаның жүрек­тен шыққан жазбалары жүз мыңдаған жүрек­терге жол тапты. Қазақтың спорт журна­листикасында Несіп Жү­ніс­бай­ұлының маңдайы жар­қыраған кезең туды.

1980, Олимпиада жылы. Жақ­сылық Үшкемпіров пен Шә­міл Серіков Олимпиада жеңім­пазы, Серік Қонақбаев күміс жүлдегер. Қазақ жұрты бұрын-соңды мұндай олжаға кенелген емес. Сейдахмет Бердіқұл мен Несіп Жүнісбайұлы күн сайы­н «Лениншіл жастың» бетін құрғатпай, спорт репортаждарын түйдек-түйдегімен жариялап жатты.

Ұстаз бен шәкірттің есім-сойы шамамен жиырма күндей бір­де өрттей қаулаған, енді бірде те­ңіз толқынындай көкке шапши тулаған спорт репортаждарының маңдай тұсында сондай жара­сыммен қатарласа тұрды. Олим­пиада дуы тарқай бастаған тұста екеуінің аты-жөніне көзіміз үй­реніп қалған біздер біраз күнге дейін біртүрлі қоңылтақсып жүр­дік.

Несағаң болса, Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаев, Серік Нұрқазовтар туралы де­рек­ті дүниелерін жетілдіре, то­лық­тыра келе кітап қылып шы­­ғарды. Қазақтың спорт әде­биеті осы бір жанкешті, нағыз ұлтшыл аза­маттың ұйқысыз, мазасыз тір­лігінің арқасында қоры толығып, көші күннен-күнге ұзара түсті.

Бір күні «Лениншіл жаста» «Кілемнен кетіп барады» деген мақала басылды. Авторы Несіп Жүнісбайұлы. Мақала Жақсылық Үшкемпіров туралы. Балуан аға­ның үстінде «СССР» деген жазуы бар күртеше. Жақаң бетін бір жағына сәл бұрған қалпы кетіп барады. Кілемнен кетіп барады. Совет құрамасы сапында он жылдан артық арпалысқан арыстан жүрек ағамды қимай, жүрек шіркін шым ете қалды. Одақ құрамасындағы жалғыз қазақ еді. Бұл кезде Шәміл де құрамадан шеттеп қалған болатын. Қандай ауыр тақырып! Бүтін бір ұлттың жанын ауыртып, намысын қамшылайтын тақырып. Қа­зақстанның спорт комитеті Жақ­сылықтай ардақтысын күрес­тен иығына шапан жауып, орнымен шығарып салуға жарамапты. Айдаладағы Мәскеу басшылары Красноярскідегі жарыс үстінде қоштасу рәсімін жасапты. Бұған Несаға қалай шыдасын?! Иә, енді Жақсылықтың боз кілемдегі орны үңірейіп тұратыны анық...

...Бірде сарғайған газет ті­гін­ділерін парақтап отырып «Шо­йындай конькимен әлем рекордына!» деген тақырып көзіме оттай басылды! Орыстың әйгілі мұзтабаны, Олимпия ойындарының алты дүркін чемпионы Лидия Скобликовамен Несіп ағаның сұхбаты екен. Та­қырыбының өзі бір үйір жыл­қының құнындай.

«Лениншіл жастың» 1979 жылғы 11 қыркүйектегі нөмірінен Несіп ағаның көпсайысшы Төле­ген Мұсанов туралы мақаласын оқыдым. Ізденген журналис­ке кейіпкер көп. Ал Несіп аға Төлеген бауырын қазақ болғаны үшін, әскери қолданбалы көп­сайыстан Кеңес Одағы халық­тары спартакиадасының жеңім­пазы атанғаны үшін мақтаныш сезіммен жазғаны байқалып тұр. Төлеген шынында да сегіз қырлы спортшы екен. Нысана көздеу, граната лақтыру, кедергілер ар­қылы жүгіру, жүзу, мотоциклмен құйғыту, кросс... Төлеген осы спар­такиадада чемпион әрі одақ рекордшысы мәртебесін қатар олжалапты.

Біз келтірген мысалдар Несіп Жүнісбайұлы қаламынан туған дүниелердің мыңнан біріне де жетпейді. Ағаның «Үшінші раунд», «Ауылдан шыққан алыптар», «Футболмен тыныстаған Испания», «Мексикадағы футбол тойы», «84 жылдың теңдессіз 16 күні» (С.Бердіқұлмен бірлесіп жазған), «Әкемнің қамшысы», «Мұстафа Өзтүрік», «Бас ие­мін!», он Олимпия ойынын қам­титын «Олимпийский маршрут» (төрт томдық) кітаптарын қандай бейнетпен жазғанын қалам ұстап, соңынан ерген біз­дер түсінеміз. Кей адамдар кітап жазуды оңай тірлік көреді. Сол кісілер Несіп ағаның бір кітабын қолмен көшіріп шықса, жазу дегеннің машақатын сәл де болса, сезінер еді.

Несіп ағаның ұлтқа жасаған қызметі тек журналистік еңбек­терімен ғана шектелмейді. Несіп Жүнісбайұлы ұлттық спорттың жанашыры әрі білікті маманы. Ағамыз тоғызқұмалақтан спорт шебері, Қазақстан Рес­пуб­­ликасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, жоғары ұлт­тық дәрежедегі төреші. Хал­қы­мыздың осы бір ғажап зият­керлік ойынынан Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері, республиканың ұлттық спар­такиадасының жеңімпазы. Несіп Жүнісбайұлы тізгінін ұстаған Алматы қаласының командасы республика чемпионатының командалық бас бәйгесін ұтып алды. Ағамыз ұйымдастырған тоғызқұмалақ үйірмесіне біз де бардық. Қазақстан чемпионатында төртінші орын алып, екі мәрте Алматы қаласының чемпионы атанған соң алаңсыз спорт журналистикасының соңына түстік.

Несіп Жүнісбайұлы – Қа­зақ­стан Спорт баспасөзі қауым­дас­­тығын құрушы әрі осы ұйым­­ның тұңғыш президенті (1992-2013 ж.ж.), бұған қоса Азия спорт жур­налистері одағы (ASPU) Ат­қару комитетінің мүшесі (1994-2006 ж.ж.), Азия Олимпиа­далық Кеңесінің (ОСА) баспасөз коми­тетінің мүшесі болған тұңғыш әрі жал­­ғыз журналист. Несаға бір жыл­­дары Азия Спорт баспасөзі одағы президентінің кеңесшісі қыз­метін де қоғамдық негізде атқарды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 2016 жылы Рио-де-Жанейро Олимпиадасын­да Несіп Жүнісбайұлы Халық­аралық спорт журналистері қа­уым­дастығының (AIPS) арнайы марапатына ие болды.

Бұл кісінің өміріндегі ең бір жарқын әрі ауыр сәттің бірі – ағаның таза қазақ балаларынан «Намыс» футбол коман­дасын жасақтап, Қазақстан чем­­пионатына қосқан кезі еді. Совет өкіметінің бауырында құлашын кең сілтей алмай, іштей бұлық­сып жүрген алашшыл азамат азаттықтың алғашқы жылы-ақ қазақ балаларынан футбол командасын құруға бел шеше кірісті. Несағаның бұл қадамы республика көлемінде қызу қолдау тапты. Кеудесінде ұлттық рухы жалындаған азаматтар «Намыстың» шаруасы­на жан аямай атсалысты, қо­лында барын ортаға салды. Нес­ағаның осы бастамасымен білте шамдай өлеусіреп тұрған ұлт­тық рух қау ете түсті. Ел-жұр­­тының ақ батасы, шынайы пейілі ағамызды одан сайын қамшылады. Несаға аяқ допқа бейімі бар қарадомалақтарды республиканың әр қиырынан іздеуге кірісті. Көңіліне қонған баланы қолынан жетектеп Ал­матыға әкелді. Астанада табан тірейтін жері жоқ баланы үйіне жатқызды. Не керек, Ке­ңес Одағы чемпионатының жо­ғары тобындағы Алматының «Қай­раты» жиырма жылда жинай алмаған қазақ өрендерін Несаға айналдырған екі жылда бір тудың астына шоғырландырып, «Намыс» командасын Қазақ­станның жоғары тобына қо­сып жіберді. Білген адамға, терең зерделеген жанға Несіп Жүніс­байұлының бұл қадамы ұлтқа қызмет етудің ғажап үлгісі болатын. Біреулер ұлтты қызыл тілімен, сырты жылтыр ісімен «сүйсе», Несіп аға осындай ер­­дің ері ғана тәуекел ететін сұра­пыл тірлігімен ұлт патриоты екенін қапысыз дәлелдеді. Ол кісінің ұлттық намысты ту еткен кітаптары мен қоғамдық жұ­мыстарын бір жағына ысырып қойып, тек «Намысты» құрған ерлігімен Қазақ елінің спорт тарихында Қаркен Ахметұлы, Октябрь Жарылқаповтармен қатар тұратын соқталы тұлға Несіп Жүнісбайұлы десек, артық айтқандық болмас. Себебі, кез келген қайраткердің тарихтағы орны оның ұлтына, адамзат баласына жасаған қалыпқа сыймайтын, кесек тірліктерімен бағаланады.

Несағаның «Намысы» рес­пуб­ликаның жоғары тобын ду еткізіп, одан кейін бірінші топтың Шығыс аймағында ойнады. Бірақ ұлтсыздық дертіне шалдыққан қазақ қоғамы жалғыз «Намысын» сақтай алмады. Қы­рық рудан құралған дәрменсіз, өресіз командаларға миллиондап шашылған қазақтың ақшасы «Намысқа» келгенде тақыр ти­ынға айналды. Команданың тірлігі шатқаяқтай бастаған күн­дердің бірінде төсек тартып жатқан Сейдахмет ұстаздың халін сұрай бардым. Ағам «Намысқа» қатты алаңдаулы екен. «Осыдан аяғыма тұрсам, Президентке «Намыстың» жағдайын жет­кі­земін», деді ұстазым қыран тұм­сығын көтере, күйзеле үн қатып. Адамның айтқаны бола ма?! Сейдағаң сол жатқаннан мәң­гілік мекеніне бет бұрды. Бұл қайғы Несағаңның жан дүниесін ойсыратып кетті. Көп ұзамай тағдырдың екінші сынағы соғып өтті: «Намыс» тарады. Ағаның бұл кездегі көңіл күйін адамның басына бермесін. Ақиқатында «Намыстың» жығылуы – ұлттық намысқа түскен жарықшақ болатын! Содан бастап Несаға біртүрлі бұйығы, жабырқау күйге түсті.

Ал «Намыстың» қырандары Нұрбол Жұмасқалиев, Асхат Қа­дырқұлов, Әлібек Бөлешов, Айдар Күмісбеков, Нәкен Қы­рықбаев, Диас Кәмелов, Ал­мас Құлшынбаевтар біраз жыл республика футболының алғы шебінде атой салды. Бі­рақ қазақ футболының көші түзе­лер емес. Баяғыда совет өкіме­тінің тұсында, Алматының «Қай­ратында» алаңға екі қазақ шығу міндеттелсе, қазір кей коман­далар қазақсыз ойнаудан арланбайтын болды. Ал біздің жан дүниеміз «Намысты» аңсай береді. Қысқасы, қазақ спортына Несағаңдай намыскер тұлға жетіспей тұр.

 

Қыдырбек РЫСБЕК