Аламан доданың қорытындысы бойынша бас жүлде Мұхтар Ниязовқа бұйырды. Бас жүлдені үшінші мәрте иеленген сөз шайырына Алтын домбыраны Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова табыстады. Ал 1-орынды Бекарыс Шойбеков, 2-орынды Еркебұлан Қайназар, 3-орынды Серік Қуан жеңіп алды.
Сондай-ақ Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында дәстүрлі айтыс өнерінің дамуына үлес қосқан Дариға Мұштанова, Серік Ыдырысов, Ақмарал Леубаева, Әбілхайыр Сыздықов, Жібек Болтанова «Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Айта кетейік, 3-4 қараша күндері айтыстың іріктеу кезеңіне қатысқан 10 жұптың, яғни 20 ақынның өнеріне баға берген қазылар алқасы жартылай финалға 8 ақынды (4 жұп) іріктеп алған еді.
Республикалық ақындар айтысының ақтық мәресіне халықаралық және республикалық айтыстың жеңімпаздары, «Алтын домбыра» иегерлері Мұхтар Ниязов, Жансая Мусина, Бекарыс Шойбеков, Айбек Қалиев, Еркебұлан Қайназар, Мейірбек Сұлтанхан, Қазырет Бердіхан, Серік Қуанған қатысты. Сөз додасының қазылар алқасына Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық әртісі, «Отан», «Құрмет» ордендерінің иегері Асанәлі Әшімов төрағалық етті.
Коронавирус пандемиясына байланысты айтыс көрерменсіз өтті. Ал телевизияға арналған нұсқасы «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан көрсетіледі.