Аймақтар • 10 Желтоқсан, 2020

Өмірзақ Шөкеев: Сылтау айтатындарға бұл салада орын жоқ

140 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев құрылыс жүргізіп жатқан мердігерлермен кездесіп, жұмысты ширатуды тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Өмірзақ Шөкеев: Сылтау айтатындарға бұл салада орын жоқ

Өмірзақ Шөкеев Түркістанның рухани – мәдени орталығында бой көтерген ғимараттар мен әлеуметтік нысандардың құрылысын аралады. Мердігерлерге келісімшартта көрсетілген тиісті міндеттерді бұзғандарға, кестеден кешіккен не шартты бұзғандарға шара көрілетінін ескертті.

«Ақталу абырой әкелмейді. Жүктелген міндеттің жүгі ауыр болса, әлек болмау керек. Басқаларға жол берілсін. Бұл салада себеп пен сылтау айтатындарға орын жоқ», - деді Өмірзақ Шөкеев.

Облыс әкімі аралаған ғылыми-әмбебап кітапханасының сыртқы және ішкі әрлеу, инженерлік желілерін монтаждау және құрал-жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс басында 184 жұмысшы бар. Нысанның кестеге сәйкес аяқтау және құрал-жабдықтарын орнату кезеңі желтоқсан  айына жоспарланған. Сондай-ақ өңір басшысы құрылысы аяқталған драма театр мен «Ұлы дала елі» орталығында болды.

Театрда сахналық құрал-жабдықтар мен жиҺаздарын орнату,  инженерлік желілерін монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Аумағы абаттандырылуда. Ал «Ұлы дала елі» орталығында құрылыс-монтаждау жұмыстары толығымен аяқталған. Бүгінгі таңда медиа құралдарын іске қосу, үйрету жұмыстары атқарылуда. Осыдан бір жыл бұрын іргетасы қаланған 630 орындық көпсалалы аурухананың құрылысы мемлекет - жекеменшік әріптестік шеңберінде жүзеге асырылуда.

«Sembol construction» түрік компаниясының қаржыландыруымен салынып жатқан кешенді емдеу орталығы келер жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Жалпы аумағы 16 гектар жерді алатын көпсалалы ауруханада диагностикалық кеңес көрсетуден бастап нейрохирургия, урология, жарақат, қатерлі ісік аурулары сынды медициналық көмек көрсететін бөлімдер жұмыс істейді. Ғимарат толықтай заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі.