05 Желтоқсан, 2013

Жедел қызмет орталығы – ел игілігіне

292 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Серік Ахметов Астана қаласындағы Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында болды. Бұл орталық Мемлекет басшысының тапсырмасына орай қыркүйек айында қанатқақты режімде іске қосылған еді.

Кеше Премьер-Министр Серік Ахметов Астана қаласындағы Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында болды. Бұл орталық Мемлекет басшысының тапсырмасына орай қыркүйек айында қанатқақты режімде іске қосылған еді.

Мамандандырылған кешенді орталықта Үкімет басшысын Көлік және коммуникация министрі А.Жұмағалиев, Ішкі істер министрі Қ.Қасымов және Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетов қарсы алып, орталықтың қызметімен және ауладағы жеңіл және ауыр жүк көліктерін тексеруден өткеруге арналған екі бірдей аңғармен, сондай-ақ, көлікті жүргізіп көруге жасалған автодроммен таныс­тырды. С.Ахметов кешенді аралап, ондағы инспекторлардың қызметін өз көзімен көрді.

Орталық бір күнде 600-ден 1200 адамға дейін қызмет көрсете алады. Оның жалпы аумағы 2770 шаршы метр жерді алып жатыр. Кешенді қызмет көрсету орнында автокөлік құралдары тіркеледі және жүргізуші куәліктері беріледі. Астаналықтар осы орталықта автокөлікті жүргізу құқығына емтихан тапсырып, оны екі сағат көлемінде алып үлгереді. Ал автокөлігіңізді Астана қаласына тіркетуге бар-жоғы бір жарым сағат қана уақыт керек. Осы қызметтерді жеделдету мақсатында бизнес үдерістердің автоматтандырылуы нәтижесінде деректер қоры және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері осы орталыққа шоғырландырылған.

Орталық қызметкерлерінің айтуына қарағанда, осы қызметтерді көрсетуге бұрынғы кезде алты сағаттай, тіпті, кейде одан да көп уақыт кететін. Ал қазіргі уақытқа дейін аталған кешенді орталықта 3700-ге жуық жүргізуші куәлігі беріліп, 17 мыңнан астам автокөлік құралдары тіркеліп үлгеріпті. Дәл осындай Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы бүгінгі таңда Алматы, Қарағанды және Ақтау қалаларында жұмыс істеп тұр. Бұйыртса, жыл соңына дейін Тараз қаласындағы бөлім де өз қызметін бастайтын көрінеді.

Кешенді орталықпен толық танысып шыққан Үкімет басшысы мемлекеттік тиісті орган қызметкерлеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді.

 Шара соңында Көлік және коммуникация вице-министрі С.Сәрсенов журналистердің бірқатар сұрақтарына жауап берді. «Мемлекет басшысының тапсырмасымен қанатқақты режімде жүзеге асырылған бұл жобаны Үкімет басшысы жақсы бағалады. Енді елдегі барлық ірі қалаларда осындай орталықтар ашылып, халыққа қызмет көрсететін болады. Ал Астана қаласына осы бір кешенді орталық жеткілікті деген ойдамыз», деді вице-министр. Орталықтың неге қаланың шалғай шетіне орын тепкені туралы сұрақ қойылды. Оның айтуына қарағанда, егер орталық елорданың орталық аудандарына орналасқанда, біріншіден, үлкен жер көлемін алар еді. Екіншіден, қала ішіндегі автокөлік кептелектерін бұрынғыдан да күрделендіре түсуі ықтимал екен.

Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,

«Егемен Қазақстан». 

Соңғы жаңалықтар