Руханият • 11 Желтоқсан, 2020

Тұлғатану төңірегіндегі түйткілдер

2346 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тұғырлы тұлға ғұмырлы тарихты жасаса, тарлан тарих та тегеурінді тұлғаны тудырады. Дәуір тегершігі айналған сайын тау тұлғалардың керуен жолы аласармай, алыс­тай түсіп, асқақтай береді. Өйткені адамзат тарихында артына өшпес мұра қалдырып, өркениет көкжиегін кеңейтуге үлес қосқан тұғырлы тұлғалардың болашақ ұрпақ үшін жол бастар темірқазық екені айқын. Ал біздің тарихымыз тұлғаларға кенде емес.

Сондықтан болса керек, Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында тұғырлы тұлғаларымыз туралы бастама көтеріп, «Ұлы даланың ұлы есімдері» арнайы жобасын қолға алуды тапсырған еді. Биыл Мемлекет басшысының Жарлығымен ұлы тұлғалар ұлықталып, әл-Фарабидің 1150, Алтын Орданың 750 және Абайдың 175 жылдығы кеңінен аталып өтілуде. Мерейлі жылда көптеген сүбелі еңбек, салиқалы дүние жарық көрді. Мәселен, бір ғана ««Egemen Qazaqstanda» Фараби мен Абайға қатысты 150-ге жуық мақала жарияланыпты. Алайда, өкінішке қарай, бірлі-жарым еңбектерді айтпасақ, тарихшыларымыз Фараби мен Абай тұлғасын зерделеуден тыс қалып келеді.

Биыл түбі бір түркі әлемі Білге Тоныкөк ескерт­кішінің 1300 жылдығын ЮНЕСКО дең­гейін­де атап өтті. Алайда Тоныкөктің тарихи тұлғасы тура­лы тарихшылар тарапынан зерттеулер жүргі­зіл­меді. Күлтегіннің көк тасы елге әкелініп, жоғары оқу орнына орналас­ты­рыл­ды, алайда оның да тұлғалық болмысы әдеби-тіл­дік зерттеумен шектелді. Адамзат тарихында бет­бұрыстар жасаған Аттила, Шыңғыс хан сынды пассионар тұлғалар туралы жазу­шылар көбіне әдеби-көркем шығармалар жазуда. Бұл рет­те ұлы тұлғаларды әсіре дәріптеу немесе миф­тендіру үрдісі де белең алуда. Мәселен, Жошы­­ның тарихи тұлғасы жұмбақ күйінде қалып келеді. Ұлық Ұлыстың негізін қалаған Бату мен Берке хандар туралы да кешенді зерттеулер жүргізілмеді. Осындай олқылықтар салдарынан Берке хан сынды тұлғаларға арналған фильмдерде тарихы­мыз әжуаға айналды. Талас құ­рыл­­тайын ұйым­дастырушы, Моғолстан мем­леке­­тінің­ негі­зін қалаған Қайду туралы да тұ­щым­­­ды тари­хи зерттеулер жоқтың қасы, оқу­­лық­­­­тарда ол туралы мәліметтер өте аз қам­­тыл­­ған.

Бірнеше жыл бұрын Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өттік. Көптеген халықаралық жиын ұйымдастырылды, зерттеу жарияланды. Науқан өтті, алайда Қазақ хандығының тарихы түгенделді деп айту қиын. Тіпті тарихшыларымыз Қа­зақ хандығы туралы фильмнен де тыс қалды. Кино­герлеріміз әлі күнге дейін кеңестік цен­зу­раның аяусыз сүзгісінен өткен Есенберлинге сүйе­ніп келеді, ал жұртшылық осы әдеб­иет­тер мен көркем фильмдер арқылы тарих пен тұл­ғаны таниды. Бұл орайда жазушылар мен әдебиет­шілер һәм журналистердің тұлғатануға­ қосып жүрген үлесін айта кету қажет. Алайда­ арнайы тарих методологиясын игермегендік­тен және көбіне көркем шындықты нысана етіп алатын­дықтан қаламгерлердің туын­дыларын бұл­жы­мас ақиқат ретінде қабылдау да қиын.

Балаларымыз ежелгі Мысырдағы перғауын­дар­дың қай жылдары ел билегенін жақсы біледі, көне Грек, Рим немесе бағзы Қытайдың ұлы тұлғалары да көпшілікке мәлім. Бізде байырғы бабалар тарихын айтпағанда, өткен ғасырдың өзін миф пен фольклордан ажыратып алу қиын. Тарих пен шежіре, ақиқат пен аңыз араласып кеткен. Тізбектей берсек, тұлғатануда мұндай мәселе өте көп. Біздіңше, оның бірнеше себебі бар. Тарихшылардың көбі шет тілдерін біл­мейді, сондықтан түпнұсқа құжаттармен жұ­мыс істей алмайды. Тұлғаларды зерттегенде шы­найылық, объективтілік те жетіспей жатады. Өзіміз зерт­теген тұлғаны ұлықтап, ал оның қарсы­ласта­рын негізсіз тұқыртуға да дайын тұра­мыз. Са­лыстырып, сын тезінен өткізбесе, архив дере­гінің өзі жаңылыс тұжырым жасауға ұрын­дыра­тынын ескере бермейміз. Мұнда кейде ру­лық, аймақтық сана да кері әсерін тигізіп жата­ды.

Бұл тек қазақ тарихы үшін ғана емес, түгел түркінің тұлғаларын түгендеу үшін де ор­тақ шетін мәселе. Баязит пен Әмір Темір, Тоқтамыс пен Едіге, Сұлтан Селим мен шах Исмаил ара­сындағы шиеленістерге обективті баға беріл­меуі тарихымызды тұтас қарауға кері әсер ету­де. Оның үстіне әрбір бауырлас ел өзінің негі­зін қалаушы «идеал тұлға» ретінде көбіне бірік­тіру­ші емес, бөлуші тұлғаны таңдап алған. Ортақ тұлғаларды әр елдің өзіне тартып, меншіктеуге ұмтылуы да бұған кері әсерін тигізуде.

Әрине, мұнда кеңестік саясаттың да ықпалы жоқ емес. Өйткені тарихымызда отарсыздану, арылу үрдісі әлі толық жүрген жоқ. Бұл ретте тұлға, қайраткер ұғымының өзі ұсақталып кеткен сияқты көрінеді кейде. Кеңестік кеңшардың директоры яки партия қызметінде «белсенді» болғанда «тұлға» деп әспеттеледі, мерейтойларында мақалалар жазылады. Базбіріне көше, мектеп аттары берілуде. Ал халыққа қалтқысыз қызмет етіп, қалтарыста қалып қойғандар да аз емес. Мұның ақ-қарасын ажыратып, әділетті таңдау жасау – тарихшының міндеті болса керек. Тарих бәріне төреші десек те, бостандық жолында басын бәйгеге тігіп, азаттық үшін арпалысқан тау тұлғалардың тұғырына қонғанына не жетсін, шіркін...