Саясат • 11 Желтоқсан, 2020

Иманды елдің ынтымағы бұзылмайды

589 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Елордада Қазақстан мұсыл­ман­дары діни басқармасының (ҚМДБ) 30 жылдық мерейтойына орай «Ислам – мәдениет пен ізгіліктің бастауы» атты IV рес­публикалық имамдар форумы өтті. Форум қатысушыларына Қа­зақ­стан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құттықтау лебіздерін жолдады.

Иманды елдің ынтымағы бұзылмайды

Онлайн режімде өткен Форумға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшер­баев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, мемлекет және қоғам қайраткерлері, діни басқарманың өңірлердегі бас имамдары, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы 1000-ға жуық діни қызметші қатысты.

Мұсылман қауымы арасында ұлттық рухани дәстүрлерге негізделген діни рәсімдер мен жоралардың мәдениетін қалыптастыру және зияткер имам мәр­тебесіне лайықты діни қызметшілерді іріктейтін құжаттарды қабылдау бағытында өткізілген форум «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы, қари Жұманазар Садықовтың Құран аяттарын оқуымен басталды.

Форумда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзі LED экранда бейнежазба арқылы берілді. Мемлекет басшысы ең алдымен фо­рум қатысушыларын ҚМДБ-ның 30 жыл­дық мерейтойымен құттықтап, IV рес­публикалық имамдар форумы Ді­ни бас­қарманың ұйымдастырушылық қызметін жаңа бір белеске көтеріп, рухани бастамаларға тың серпін беретінін атап өтті. Форум жұмысының табыс­ты өтуіне тілектестігін білдірді.

«Құр­метті форумға қатысушылар! Баршаң­ызды Қазақстан мұсылмандары діни бас­қармасының 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – бүкіл мұсылман қауымы үшін айтулы оқиға. Діни басқарма егемендіктің алғашқы жылдарынан бастап қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштықты сақтауға атсалысып келеді. Сондай-ақ еліміздегі дәстүрлі Ис­лам­ды дамытуға зор үлес қосуда.

Биылғы пандемия кезінде діни бас­қар­ма көптеген қайырымдылық шарасына ұйытқы болды. Жұртшылықты татулық пен сыйластыққа шақыру аса ма­ңызды. Бұл міндетті біздің дін басшыларымыз абыроймен атқаруда. Әлемде діни алауыздық өршіген қазіргідей күрделі кезеңде дін қызметкерлерінің рөлі айрықша. Сондықтан ел ішінде жүргізілетін ағартушылық жұмыстардың мазмұны және сапасы үнемі назарда болуы керек. Мешіттерде әрдайым иман­ды­лыққа, адамгершілікке үндейтін уағыз­дар айтылғаны жөн. Сондай-ақ білім мен ғылымға құштарлық, Отанға деген сүйіс­пеншілік қасиеттерін дәріптеуіміз керек.

Азаматтарымыздың діни тұрғыдан сауатты болуына және жат ағымдардың жетегінде кетпеуіне сіздердің қосар үлес­теріңіз мол. Имамдар мен дін қызметшілері осы жауапты міндетті келешекте де ойдағыдай атқаратынына сенемін.

Құрметті имамдар, форум делегаттары! Сіздердің сауапты істеріңіз әрдайым еліміздің береке-бірлігін нығайтуға арналған. Мұндай игі жұмыс қашанда ерекше құрметке лайықты. Сондықтан дін саласын дамытуға айрықша үлес қосқан бірқатар имам мен ғалымға бүгін мемлекеттік марапаттар табыс етіледі. Баршаңызды құттықтаймын! Форум жұмысы жемісті болсын!» деді Қазақстан Президенті өзінің үндеуінде.

Форумда Мемлекеттік хатшы Қырым­бек Көшербаев Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойына орай жолдаған құттықтау сөзін оқып берді. Елбасы Форумның жыл сайын өткізілуі қоғамда жақсы дәстүрге айналып келе жатқанына ерекше мән беріп, мемлекет тарапынан әрқашанда дін саласына ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді. «Сіздерді және еліміздің барша мұсылман жамағатын дербес Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылуының 30 жылдығына орай өткізіліп отырған имамдардың IV республикалық форумының ашылуымен құттықтаймын! 1990 жылы 12 қаңтарда Орталық Азияның ортақ бірлестігінен бөлініп жеке шаңырақ көтерген Басқарма осы кезең ішінде еліміздегі діни сенім бостандығының арқасында ұйымдық тұрғыда нығайып, қоғамымызда Ислам дінінің өркен жаюы жолында ауқымды істер атқарды. Республикамыздағы өзге де дәстүрлі діндермен, конфессиялармен құрмет пен төзімділікке негізделген қарым-қатынас орнатып, еліміздің бейбіт жағдайда қарқынды дамуына сүбелі үлесін қоса білді. Осы жылдарда миллиондаған қазақстандық кешегі кеңестік заманда қол үзе бастаған Ислам дініне қайта оралып, имандылыққа бет бұрды. Еліміздегі мешіттер саны бұрындары болып көрмеген жағдайда өсті. Діни білім беретін жоғары және арнайы жаңа оқу орындары ашылды. Басқарманың халықаралық байланыстары нығайды. Осының бәрі діни қызметшілердің білім деңгейінің артуына, Ислам дінін ұстанатын отандастарымыздың жүректерінде иман нұры ұялап, рухани тұрғыда кемелдене түсуіне оң ықпал еткені сөзсіз. Алайда адамзат қазіргі таңда әлемді жайлаған коронавирус індеті мен ірі державалар арасындағы текетірестен бастап, ауыр экономикалық және саяси дағдарыстарды бастан кешуде. Мұның өзі адамдардың жүйкесіне қосымша салмақ салмай, діни наным-сенімдеріне селкеу түсірмей тұрмайды. Осындай жағдайда Қазақстан мұсылмандары діни қызметкерлерінің иығына түсетін жауапкершілік жүгінің де ауырлай беретіні анық. Сіздер өз білімдеріңізді әрі қарай жетілдіре отыру арқылы қасиетті Ислам дінінің қадір-қасиетін халыққа дұрыс түсіндіріп, сөздеріңізбен де, істеріңізбен де қалың жұртшылыққа үлгі бола білулеріңіз керек деп ойлаймын. Бүгінгі форум осы орайда байсалды әрі ашық пікір алаң болып, алдағы жұмыстарыңызға бағдар белгілеп, тың серпін беретін игілікті іс-шараға ай­на­лады деп үміттенемін. Ізгі мақсат жо­лындағы қызметтеріңіз жемісті болуын тілеймін», делінген Елбасының форум қа­ты­су­шыларына жолдаған құттықтау хатында.

Мемлекеттік хатшы форумда діни қайрат­керлердің айтқан ойлары, идеялары мен шешімдері еліміздегі барша мұсылман қауымның қызығушылығын тудыратынын атап өтті. «Бүгін біз тәуелсіздік жылдарында жас ұрпақты имандылыққа тәрбиелеуде мешіт имамдарының қажырлы еңбегі мен қайырымдылық істерін, әсіресе ағартушылық қызметін атап өтуіміз керек. Сонымен бірге этносаралық және дінаралық келісімнің қазақстандық үлгісі өз өміршеңдігін дәлелдеп отыр. Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының имамдары қоғамдағы бірлік пен рухани келісімді, бейбітшілік пен татулықты нығайтуға қомақты үлесін қосып келеді», деді Қ.Көшербаев.

Сондай-ақ Мемлекеттік хатшы Тәуел­сіздік күні қарсаңында өткізіліп жатқан имамдар форумы ҚМДБ қызметін жаңа бір белеске көтеріп, өңірлерде діни рәсімдерді реттеуге септігін тигізетінін мәлімдеді. Сонымен қатар мемлекеттің дін саласындағы саясатын көркейтуге қомақты үлес қосып жүрген ҚМДБ-ның бірқатар мешіт имамдарын Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың атынан Алғыс хат және медальдармен марапаттады.

Нақтылай айтқанда, Бас мүфти Нау­рызбай қажы Тағанұлы Құрмет грамо­та­сымен марапатталса, «Шапағат» ме­далі Шымкент қаласының «Шейх Мұхам­мед Садық» мешітінің бас имамы Бекай­дар Әміреге, Алматы қаласындағы «Қал­қаман» мешітінің бас имамы Кен­же­әлі Мырзабаевқа және Алматы қала­сының «Әл-Хамид» мешітінің бас имамы Асылхан Аманқұловқа тапсырылды. Ал Түркістан облысы «Сарыағаш» мед­ресе-колледжі директорының орынбасары Әбдіжаппар Сманов, Ақтөбе қаласы «Ақтөбе» медресе-колледжінің директоры Әбдімүтәлі Дәуренбеков және «Әбу Ханифа» медресе-колледжінің директоры Махамбет Құлмұхаммед Алғыс хатпен марапатталды.

Осы арада айта кетейік, жиын барысында бірқатар тұлғаға Діни басқарма тағайындаған ҚМДБ-ның 30 жылдығына арналған мерекелік төсбелгі берілді.

Форумда сөз алған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Мүфтияттың 30 жылдық белесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи қолтаңбасы жатқаны даусыз екенін, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қамқорлығымен Діни басқарманың жұмысы жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті.

Бас мүфти, сондай-ақ ширек ғасырдан астам шежіресі бар Діни басқарма санаулы жылдар ішінде мұсылман жамағатының рухани өмірінде маңызды орын алатын орталыққа айналғанын жеткізді.

«Бүгінде қоғамда діни салаға қатысты терең мәселелер мен өзекті сұрақтар бо­йынша мүфтияттың пәтуасы мен шешімі маңызды рөлге ие. Халыққа айтылып жатқан насихат жұмыстарының сапасы артты. Дін мен дәстүр сабақтастығы жан-жақты дәріптелуде. Діни оңалту жұ­­мыс­­тарына серпін берілді. Қайырым­дылық шаралары жаңаша сипат алды. Бүгін біз Имамдар форумында діни са­ла­дағы жұмысымызды одан әрі жандан­ды­ра түсу үшін және дін қызметкері­нің тұлғалық мәртебесін арттыру мақ­сатын­да, сонымен қатар діни рәсімдер­дің тәрті­бін қалыптастыру бағытында «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат мә­дение­ті», «Зияткер имам» тұжырымдамасы құ­жат­тарын қабылдаймыз», деді Н.Та­ған­ұлы.

Бас мүфтидің айтуынша, аталған құ­жат­тар халқымыздың рухани өміріне оң әсер етіп, нәтижесін береді деген сенім мол. Ендігі мақсат – осы құжаттарды ха­лыққа жеткізіп, жан-жақты насихаттау.

Сөзінің соңында Діни басқарма төр­ағасы: «Ардақты Пайғамбарымыз (оған Ал­ла­ның салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Адамға алғыс айта алма­ған, Аллаға да шүкір ете алмайды» деген. Осынау сәулелі сәтті пайдаланып, дініміздің, Діни басқармамыздың жанашырлары – Елбасы мен Мемлекет басшысына өзімнің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы атынан тағы да айрықша алғысымды жеткіземін. Алла разы болсын! Раббымыз халқымызға амандық, жұртымызға тыныштық нәсіп етіп, тәуелсіздігімізді баянды еткей! Ден­де­ріңіз қуатты, әр күндеріңіз шуақты болғай!» деді.

Форумның қорытындысы бойынша «Ас беру мәдениеті», «Зират және зия­рат ету мәдениеті», «Зияткер имам» құжаттары қабылданды. Бұл құжаттар – жұртшылық арасында орындалатын діни рәсімдерді бірізділікке келтіруге және зияткер имам мәртебесін беруге лайықты діни қызметшілерді іріктеуге оң ықпалын тигізеді.

«Ас беру мәдениеті» құжаты – ха­лыққа құдайы ас берудің мәнін, оның діндегі орны мен рөлін, құдайы ас беру мәдениетінің жеті тірегі: шынайы ниет ету, құдайы асқа жиналу, Құран оқу және бата жасау, ысырапқа жол бермеу, құдайы аста уағыз-насихат айту, марқұмды еске алу, құдайы аста қарапайымдылықты сақтау сынды қасиетті ұғымдарды кеңінен түсіндіруге мүмкіндік береді. Осы құжат тұрғындардың құдайы ас беруі кезінде дастарқанды біржүйелі үлгімен өткізу, ысырапшылдық пен даңғазалық қоғамға жол бермеу секілді іс-әрекеттерді дәріптеуге шақырады. Тұтастай алғанда, мұсылман қауымының құдайы ас беру мәдениетін қалыптастырып, орындалатын діни рәсімдер мен жораларды жүйелендіруге жаңа серпін береді.

«Зират және зиярат ету мәдениеті» құжаты – еліміздің мұсылман қауымы арасында өмірден өткен адамға зират тұрғызу, марқұмдарға зиярат жасау үрдістерін бір тәртіпке келтіріп, жалпыға ортақ бірыңғай мәдениетін қалыптастыруды мақсат етеді. Бұл құжат зират көтерудің мәні мен мақсатын, оның үкімдерін, мәдениеті мен теңдік ұстанымын, құлпытас қою, зират құрылыстары мен кесене салу түрлерін түсіндіреді. Зиярат жасаудың әдебі мен марқұмға сәлем беріп, Құран бағыштауды, кесенелерге және әйелдердің зиярат жасау тәртібін насихаттайды.

«Зияткер имам» құжаты – ҚМДБ мешіт имамдарының жан-жақты білімді болуына, қоғам мен әлеуметтік желілерде белсенділік танытуға, шешендік өнердің қабі­леттері мен дағдыларын игеруге үндей­ді. Құжатта діни қызметшілердің білі­мі мен біліктілігіне, іскерлігі мен жауап­кер­шілігіне сәйкес жоғары санатқа іріктеу үшін қойылатын бірқатар талап пен ере­же қамтылады. Осы ретте дін қыз­метінде «зияткер имам» деген жоғары мәрте­беге лайықты мамандарды іріктеу көзделуде.

Соңында форумның үндеуі жарияланды. Онда форум қатысушылары барша қауымды «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат мәдениеті» құжаттарында көрсетілген талап-өтініштерді орындауда ыждағаттылық танытуға шақырған.