Nur Otan партиясы Республикалық сайлауалды штабының басшысы Бауыржан Байбек атап өткендей, 216 өңірлік сайлауалды штаб жұмысына еліміздің 7 мыңдай белгілі де беделді азаматтары жұмылдырылған. «Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаев тапсырғандай, үгіт-насихат науқаны аясында біз сайлаушыларды 100% қамтуға тиіспіз. Бұл үшін барша партияластар, әсіресе, кандидаттар сайлау науқанына белсене атсалысуы керек. Пандемияны ескере отырып, қарқынды да нақты бағдарланған жұмыс жүргізу маңызды. Біз көп адам жинайтын ауқымды іс-шаралар емес, шағын жиындарға көшеміз. Нақты әлеуметтік топтар – зейнеткерлер, жұмысшылар, аграршылар, мұғалімдер және дәрігерлермен кездесеміз. Оларды толғандырған мәселелерді жан-жақты талқылап, сайлауалды бағдарламада көрсетілген мәселелердің нақты шешімін әрбір сайлаушыға қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізу қажет. Шалғай ауылдарға дейін бару керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыра отырып, біз көпшіліктің мәселесін тыңдап қана қоймай, оларды шешуіміз керек», деді Б.Байбек.
Сонымен, Республикалық сайлауалды штаб аясында ғана 35 қала мен 82 ауданда 300-ден астам іс-шара өткізіледі. Облыстарда, қалалар мен аудандарда барлық 6,4 мың кандидат сайлаушылармен кездеседі. Онлайн-технологияларды ескерсек, жалпы іс-шаралар кемінде 9 миллионнан астам қазақстандықты қамтиды.
Партия баспасөз қызметінің мәліметінше, nurotan2021.kz арнайы сайты іске қосылып, онда барлық сайлауалды бағдарлама мен партиялық тізімдер жарияланған.