Аймақтар • 11 Желтоқсан, 2020

Ақтаулық жүргізуші алғыс айтты

745 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылорда облысы аумағында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында патрульдік полиция қызметкерлері оқыс оқиғалардың алдын алу үшін тәулік бойы күшейтілген режімде жұмыс жасауда, деп хабарлайды Egemen.kz

Ақтаулық жүргізуші алғыс айтты

9 желтоқсан күні Ақтау қаласының тұрғыны Нұрсұлтан Нұрмағабетов әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде Қызылорда облысы ПД патрульдік полиция ротасының қызметкерлеріне жолда көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді. Жүргізуші Ақтаудан Шымкент қаласына келе жатқан.

Ауа райының күрт суытуына байланысты көлігі бұзылып, ол «Шымкент-Самара» тас жолының 1781 шақырымында тоқтауға мәжбүр болыпты.

Үш күн бойы Қызылорда облысы ПД патрульдік полиция ротасының инспекторы полиция аға лейтенанты Руслан Мұханбетов пен полиция аға лейтенанты Жомарт Байбол жолда қалып қойған жүк автокөлігінің жүргізушісіне көмек береді. Полицейлер ақауларды жоюға, қажетті қосалқы бөлшектерді жеткізуге көмек көрсетіп, күнделікті ыстық ас жеткізіп отырыпты.  

Қызылорда облысының Полиция департаменті жүргізушілерге күн райы құбылып тұрған қазіргідей сәтте барынша мұқият болуды ескертеді. Ұзақ сапарға шығар алдында автокөліктің техникалық жағдайын тексеріп, оқыс оқиғалар орын алған жағдайда шұғыл қызметтерге немесе полицияға қоңырау шалған жөн.