Аймақтар • 11 Желтоқсан, 2020

Түркістанда малайзиялық компания халал желатин өндірмек

284 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев малайзиялық PNMB International бас директоры Ахмад Сязалимен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістанда малайзиялық компания халал желатин өндірмек

Әлемдегі желатин өндірісінің бастамашысы болып табылатын компания өнімі «Халал» стандартына сәйкес жұмыс істейді. Кездесуде 35 миллион АҚШ долларының (15,5 миллиард теңге) «KazGelatine» инвестициялық жобаны Түркістан облысында іске асыру жолдары талқыланды.

Малайзиялық компания жылына 2500 тонна желатин үгіндісін шығаратын, 750 мың ірі қара мен жылқының терісін өңдейтін өндіріс бастамашысы. «Жобаңызды біздің облыста жүзеге асыруға ниет білдіргеніңіз үшін сізге ризашылығымды білдіргім келеді. Сіздердің кәсіптеріңізді сәтті іске қосу үшін әкімдік тарапынан қажетті жағдайлар жасалады. Білуімше, сіздің өндірісіңіз елдегі халал желатиніне деген сұранысты толықтай жаба алады және ең бастысы, бұл Орталық Азиядағы жалғыз түрі болады», деді облыс әкімі.

Өндіріс орны азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы (IOFS) келісіміне сәйкес жұмыс істейді. Индустриялды аймақтан инвесторға аумағы 8 гектар жер беріледі. Өндіріс іске қосылғанда 70 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Тауарды Өзбекстан, БАӘ, Сауд Арабиясы мен Үндістан елдеріне экспорттау көзделген. Мамандардың айтуынша, маңызды аминқышқылдарының көп мөлшерін қамтитын табиғи ақуыз көзі өндірісінің әлемдік индустриясында тек 2% - ы халал. Сондай-ақ, іске қосылатын өндіріс желатинді өндіруден бастап, оны кейіннен қайта өңдеумен, саудаға және басқа кәсіпорындарға жіберу үшін ораумен толық циклды қамтитын кешен болмақ. Тамақ өнеркәсібінен басқа салаларда да өнімді тарату жоспарланған.

Түркістан облысы