Щучинск қаласының 46 жастағы тұрғыны интернет желісіндегі белгілі бір жарнамалық сайтта аудио-бейне құрылғысы бар автоқалам-телефон сатылатыны туралы хабарлама орналастырған. Оны «Hi-Tech» жедел-алдын алу іс-шарасы негізінде Бурабай ауданының полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің қызметкерлері интернет желісіне мониторинг жүргізу барысында анықтады.
Мұндай құрылғылар ақпаратты жасырын түрде аудиоға жазу немесе бейнекамераға түсіріп алу үшін пайдаланылады. Осы орайда, мұнымен айналысатындар Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 399-бабындағы «Ақпаратты жасырын алудың арнайы техникалық құралдарын заңсыз дайындау, өндіру, сатып алу, өткізу немесе пайдалану» бөлігінде көрсетілгеніндей, жауапқа тартылады.
Бұл факті сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, қазіргі уақытта құралды тексеру үшін сараптама тағайындалған. Тергеу амалдары жалғасуда.
Ағымдағы жылдың 27-28 қазан аралығында облыс аумағында «Hi-Tech» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді. Жедел-алдын алу іс-шарасының негізгі мақсаты киберқылмыстарды анықтау, жолын кесу және ашу, интернет желісі арқылы бұрын жасалған ұрлықтар мен алаяқтықтарды ашу болып табылады.
Ақмола облысы