Аймақтар • 11 Желтоқсан, 2020

Ө.Шөкеев: Түркістан халықаралық деңгейдегі қалаға айналып келеді

194 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облыстық мәслихатының кезекті елу төртінші сессиясында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Мемлекет басшысы Қасым – Жомар Тоқаевтың тапсырмалары Түркістанды дамытуға тың серпін бергенін, сондықтан қасиетті қаланы дамыту жұмыстары одан ары жандана түсетінін атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

Ө.Шөкеев: Түркістан халықаралық деңгейдегі қалаға айналып келеді

Сондай-ақ облыс әкімі еліміздегі ең көп жаңа нысандар салынып жатқан Түркістанда алдағы уақытта бірқатар жаңа нысан ел игіліне берілетінін айтты.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркістан халықаралық деңгейдегі қалаға айналып келеді. Құрылыс қарқыны бәсеңдемейді. Түркістан қаласы облыс орталығы болғаннан кейін өңірде өте үлкен, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Сіздермен бірге ауызбіршілікпен жұмыс істедік. Біздерге жауапты тапсырмалар болды. Оның ішінде әрине Түркістан қаласын облыс орталығы ретінде қалыптастыру. Барлығымыздың мақсатымыз – облыстың әлеуметтік - экономикалық, рухани - мәдени саласын бірге дамыту болды. Өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар. Қалада әкімшілік - іскерлік орталығы, мәдени - рухани орталық және Қ.А.Ясауи кесенесінің айналысында құрылыстар жүргізіліп жатыр. Көптеген аяқталған нысандар қазірдің өзінде өзінің сәулеттік нақышымен қала көркіне ерекше реңк беріп тұр», деді сессия отырысында Өмірзақ Шөкеев.

Облыстық мәслихат сессиясының күн тәртібіне 2021-2023 жылдарға арналған облыс бюджетін бекіту, облыс әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның дербес құрамын бекіту, облыстық мәслихат тұрақты комиссияларының 2020 жылғы қызметі жөніндегі есептері мен 2021 жылға арналған жұмыс жоспары секілді барлығы 19 мәселе қаралды. Аталған мәселелерді қарау нәтижесі бойынша облыстық мәслихат депутаттары тиісті шешімдер қабылдады.

Алтыншы шақырылымдағы облыстық мәслихаттың сессиясында өз өкілеттілігін аяқтаған бірқатар депутаттар арнайы марапаттарға ие болды.