Аймақтар • 12 Желтоқсан, 2020

Түзеу мекемесіндегі сарбаздар марапатталды

675 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты  "Ұлттық ұланның"  түзеу мекемесін күзетіп, әскери міндеттерін өтеген №6655 әскери бөлімі 1-ші атқыштар ротасының сарбаздары алғыс хаттармен марапатталды, деп хабарлайды Egemen.kz

Түзеу мекемесіндегі сарбаздар марапатталды

Облыстық ҚАЖ департаментіне қарасты КА-168/2 мекемесін күзетуге өткен жылы Ұлттық Ұланның  №6655 әскери бөліміндегі 1-ші атқыштар ротасынан 55 сарбаз жіберілген.

"Түзеу мекемесіндегі тыныштық пен тәртіптің  сақталуы – ең алдымен қарауыл күзетінде қалтқысыз қызмет атқарған қырағы жауынгерлеріміздің арқасы. Сіздер, өз өмірлеріңізге төнген қауіпті ойламай, түзеу мекемесіндегі ішкі тұрақтылықты сақтауда міндеттеріңізді адал атқарып, жинақылық пен әскери тәртіптің жақсы үлгісін көрсеттіңіздер. Отанға адал болуға әскери  Ант берген күннен бастап, күні-түні қырағылық пен сақтықты, ерекше жауапкершілікті қажет ететін осы қызметті  адал да абыроймен атқарған сазбаздарымыз алдағы  уақытта да отансүйгіштіктің жарқын үлгісін  көрсете береді деп сенемін", деді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары, әділет полковнигі Дулат Жұмагелдин.  

"Түзеу мекемесін күзетуге жіберер алдында  командирлеріміз бізді психологиялық және  күшейтілген әскери дайындықтан өткізді. Олар бізді кез келген жағдайға әзір болуға, шапшаң ойлауға және тез қимылдауға, моральдық-психологиялық тұрғыдан мықтылыққа  үйретті. Өз басым әскери міндетімді  түзеу мекемесінде атқарып шыққаныма еш өкінбеймін. Өйткені бір жылдың ішінде мен жинақылыққа үйрендім, уақыттың қадірін білдім, өз ісіме жауапкершілікпен қарауға машықтандым, батыл бола түстім. Ең бастысы – Отанды сүю, елге қызмет етудің ережесі де қарапайым болатынына көзім жетті. Бұл қоғамда адал өмір сүру, әділетсіздікке төзбеу, тәртіп бұзбау, жолдастарыңды қадірлеу, жақындарыңды сыйлау, өмірде таңдаған мамандығыңмен кәсіби деңгейге көтерілу, отбасын құрып, жақсы да өнегелі ұрпақ өсіру", деді 1-ші атқыштар ротасының сарбазы Мұстафа Исмаил марапаттау рәсімінде.

Салтанатты шараның соңында  КА-168/2 мекемесінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, әділет майоры Қанат Мақатов те  мекеме бастығының атынан 1-ші атқыштар ротасының сарбаздарына алғыс хаттар табыстады.