Аймақтар • 12 Желтоқсан, 2020

Қостанай облысында балабақша ашылды

653 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай ауданындағы Заречный ауылында қазақ тілінде тәрбие беретін жаңа балабақша пайдалануға берілді. "Әдемі" деп аталатын бөбекжай 2 жастан 5 жасқа дейінгі 90 балғынды қабылдай алады, деп хабарлайды Egemen.kz

Қостанай облысында балабақша ашылды

"Қостанай ауданында жалпы саны 7 балабақша жұмыс істейді. Оның екеуі – жекеменшік. Бүгінде ауданда 900-ден астам бөбек балабақшаға барады. Мұның сыртында, мыңнан артық баланы қамтитын 44 мектепке дейінгі шағын орталық жұмыс істеп тұр. Бүгінгі жаңа балабақшада 19 жұмыс орны ашылды", деді аудан әкімі Ж.Тәукенов.

Ауыл балабақшасында балғындардың жас ерекшелігіне қарай үш топ жұмыс істейді. Мектепке дейінгі тәрбие мекемесі жекеменшік бола тұра, ата-аналар тек балалардың тамағына ғана айына 11-13 мың теңге төлейді. Қалғанын мемлекет қаржыландырады. Бөбекжайға балғындар алдағы аптадан бастап Индиго сайты арқылы қабылданады. Алайда қазірдің өзінде балаларын жетектеп келіп жатқан ата-аналар бар. Мысалы, аталмыш балабақшада тәрбиеші болып жұмыс атқаратын Гүлсара Алшынбаева өзінің 3 жасар қызын да осында бермек.

Бүгінде Қостанай облысында ұзын саны 579 балабақша мен шағын орталық  жұмыс істейді. Балабақшаға барып жүрген 31 мыңнан астам баланың 7 мыңнан астамы 76 жекеменшік бөбекжайларда тәрбиеленіп жатыр.