– Оқиға болған сәтте қарақшылар нысанаға алған кәсіпкер әйел Алматыға кеткен болып шықты. Үйде күйеуі мен қызы және 2 қызметшісі қалған екен. Ұрлыққа түскен үйдің ауласындағы бейнекамераны істен шығарып, бөлмелердегі бейнеқұрылғылар тюнерін алып кеткендердің қылмысқа өте мұқият дайындалғаны анық еді. Бетперде киген алтаудың жүзін анық көрген ешкім жоқ. Бір дерек айтады деген үй иесі алған ауыр жарақатынан ауруханада үзіліп кетті. Қолғап кигендіктен күдіктілердің саусақ таңбасы еш жерден табылмады. Үйдегі бағалы бұйымдар мен ақшаны қолды еткендер жәбірленушіге 300 млн теңге көлемінде шығын келтіріпті. Біз үшін бәрі жұмбақ еді, сонда да ұрланған заттарды осы үйдегі Toyota Land Cruzer-200 бен Lexus-570 маркалы көлігіне тиеген алтауды іздеуді жалғастыра бердік, – дейді Қызылорда облысы Полиция департаменті Тергеу басқармасының бөлім бастығы, тергеу тобының жетекшісі, полиция подполковнигі Асқар Жәуенов.
Көшедегі бейнекамера жазбалары арқылы қылмыс болған мезгілде сол маңнан өткендерге сараптама жасаған полицейлерге 2 такси көлігі күдікті көрініпті. Басқа көшелердегі камералар арқылы осы көліктерді індеткен құқық қорғаушылар іздің басы өздері отырған полиция департаменті маңындағы жалдамалы пәтерлер орналасқан аумақтан шыққанын аңғарады. Осы жерде алты адамның көшеден такси тоқтатып, Мерседес Бенц 230 Е мен Nехia маркалы көліктерге бөлініп отырғандығы белгілі болады.
Қанша ізін жасырғанмен осы алтау сол маңдағы дүкеннің ауласындағы бейнекамераға түсіп қалыпты. Тіпті олардың біреуінің дүкеннен 6 қолғап, екі скотч орамын алғаны да полицейлер күдігін одан ары қоюлата түсті. Құқық қорғаушыларға бейнесі анық көрініп тұрған сол жігіт қанқұйлы қылмыс туралы деректің жібін қолға ұстатардай көрінген. Дүкеннен сауда жасаған азамат бұрын сотталған болып шықты. Жұмыс істемесе де ақшаны оңды-солды шашып, сауна мен мейрамханадан шықпайтын оның әр қадамын аңдуға кірісті.
– Ұсталған сәтте-ақ күдікті бұлтарар жер қалмағанын түсініп, қылмысқа бірге барғандар туралы бәрін айтып берді. Осыдан кейін бәрі де біртіндеп қолға түсе бастады. Жәбірленушінің екі көлігін қала сыртына тастап кеткен олар олжаларын жасырып, кейін сейфті лом арқылы ашқандарын айтты. Бәрі де сотты болғандар екен. Тергеу кезінде осы топтағы үшеудің оқиға болардан сәл бұрын қаладағы тағы бір кәсіпкердің ауласындағы Toyota Land Cruzer-200 автокөлігін ұрлап, 23 млн теңге тұратын көлікті Түркістан облысы аумағында 5 млн теңгеге сатып жібергені де белгілі болды, – дейді тергеу тобының жетекшісі.
Талайды көрген полицейлерді таңқалдырғаны осы қылмыстық істі ұйымдастырып, басқарып жүрген 19 жастағы жігіт болып шыққаны еді. Облыстық полиция ғимараты жанынан пәтер жалдап, сыбайластарын жинап жүрген де сол екен. Бұрын ұрлық үшін сотты болған ол қылмысқа барарда жанындағыларға ұялы телефондарын тастатып кетіпті.
Қаладағы колледждердің бірінде оқыған жас жігіт кезінде кәсіпкер әйелге қарасты мейрамханалардың бірінде даяшы болған екен. Бастығының үйіне келген қонақтарға қызмет көрсете жүріп бәрін зерттеген болып шықты. Қылмыс жасағаннан кейін Алматыға кеткен ол осы топтағылардың ішінде ең соңғысы болып қолға түсті. Тергеуде басқа сыбайластарына 2 млн теңгеден бөліп берген топ басшысының көп қаржыны өзі иемденгені де белгілі болды. Әккі ұры 2 кило алтын бұйымдарын облыс орталығындағы Сарқырама каналының жиегіне көміп кеткен жерін де көрсетті. Жәбірленушіге келген шығынның көп бөлігі өтелді.
Тыңғылықты тергелген қылмыстық іс сотқа жетіп, жеңіл олжаға құныққан 6 қылмыскер әділ жазаларын алды.
Қызылорда