Индер аудандық пробация қызметінің есебінде 41 адам тұр. Олардың арасында бас бостандығын шектеу жазасына тартылған 18, шартты сынақ мерзімін алған 8, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылған 15 сотталушы бар. Оларға әлеуметтік көмектер көрсетілді.
Аудандық жұмыспен қамту бөлімі арқылы 8 сотталушы жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде екеуі жүргізуші, өзгелері әр саладағы мекемелерге жұмысшы болып орналасты. Ал бас бостандығы шектелген екі сотталушы медициналық жәрдем алды. Сондай-ақ үшеуіне бір жолғы қаржылай қолдау көрсетілсе, демеушілер тарапынан екі адамға азық-түлік берілді.
Әрине пробация қызметінің инспекторлары сотталушыларға ұдайы құқықтық көмек беріп, олардың қайтадан қылмыс жасауға бармауына ықпал етіп отыр. Соның нәтижесінде сотталушылар тарапынан қылмысты қайталап жасау дерегі тіркелген жоқ. Сол себептен Индер аудандық сотына жыл басынан бері алты ұсыныс жолданып, алты сотталушы шартты түрде мерзімінен босатылды.
Пробациялық есепте тұрғандарға әлеуметтік көмек көрсетумен бірге оларды әлеуметтік оңалту, қайта жасалатын қылмыстың алдын алу, болдырмау мақсатында олармен тәрбиелік мәні бар түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Индер аудандық пробация қызметінің есебінде тұрғандардың екеуі «Ерікті-волонтер» іс-шарасына қатысып, көп балалы анаға азық-түлікпен көмектесті. Тағы бірі аудандық ауруханасына сиыр етін әкеліп, науқастардың нәрлі тамақпен қамтылуына қол ұшын созды.
Сонымен қатар «Атамекен» ҰКП-ның өңірлік филиалымен бірлесе пробация қызметінің есебіндегі сотталушылардың жеке бизнесін дамыту мақсатында шағын несие алуына қолдау көрсетіліп отыр. Өйткені олар да шағын кәсіпкерлік нысанын ашқысы келеді. Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасымен екі адам «Бастау бизнес» қысқа мерзімдік курсында оқыды. Олар жеке кәсібін ашу үшін кепілсіз әрі қайтарымсыз 5 556 000 теңге мөлшерінде мемлекеттік грант алды. Ал бір сотталушы «Атамекен» сертификатын алып, мемлекеттік грант қаржысын күтіп отыр.
Бибігүл ҚАНАТБАЕВА,
Индер аудандық пробация қызметі тобының аға инспекторы,
әділет капитаны
Атырау облысы