Саясат • 14 Желтоқсан, 2020

Есірткіге қарсы күрес күшейе түсті

610 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркістан облысында нашақорлықпен күрес жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанымен есірткіге елітіп, тәуелді болып қалушылар аз емес. Сонымен қатар бүгінде есірткінің синтетикалық түрлері көбейген. Бұл орайда өз міндетін мінсіз атқарып жүрген полиция қызметкерлері қырағылық танытып, есірткі саудасының алдын алуда. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері арқылы биылдың 10 айында есірткінің заңсыз айналымына қатысты 383 дерек тіркелген.

Есірткіге қарсы күрес күшейе түсті

Нақтырақ айтсақ, есірткі сату­дың – 61, аса ірі көлемде есірткі сақтау – 20, есірткі контрабандасы – 29, ал есірткі өсімдігін заң­сыз егіп-өсірудің 75 дерегі анықталған. Сондай-ақ заңсыз айналымнан 6 тонна 719 кило есірткі заты тәркіленді. Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің дерегінше, сотқа 154 іс жолданып, 147 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Мә­се­лен, Есірткі қылмысына қар­­сы іс-қимыл басқармасының қызмет­керлерімен жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстары барысында қараша айында Мақтаарал ауда­ны­ тұрғынының 6 грамм марихуананы сатқаны анықталып, құрықталды. Оның үйіне тінту жүргізу кезінде 8 дана сіріңке қорабы және қағазға оралған жал­пы салмағы 21 грамм мари­хуана тәркіленді. Күдікті қамауда. Одан бөлек 6 грамм марихуана сатқан Келес ауданының тұрғыны анықталып, ұсталды. Тінту жүр­гізу кезінде оның үйінен 1 дана қа­ғазға оралған салмағы 23 грамнан асатын марихуана есірткі заты тәркіленді. Сонымен қатар Төлеби ауданының тұрғыны да есірткі сатып ұсталған. Аталған қылмыстық істерге қатысты Қыл­мыстық кодекстің 297-бабымен «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

Сарыағаш АПБ-нің патрульдік полиция инспекторлары рейдтік жұмыстарын жүргізу барысында күмән тудырған автокөлікті тоқ­татқан. Тексеру кезінде авто­көліктің ішінен аңшы мылтығы мен көлікте отырған жолаушы ер азаматтың қалтасынан пакетке оралған хош иісі бар есірткіге ұқсас өсімдік табылып, заттай дә­лел­деме ретінде тәркіленген. Аталған жайт Қылмыстық ко­декс­тің 296-бабы «Есірткі, пси­хотроптық заттармен, сол тектес­термен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша тіркелді. Сараптамаға сәйкес, тәркіленген есірткі салмағы шамамен 3 грамм болатын «кептірілген марихуана» болып шықты. Осы оқиға бойынша қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Есірткіге қатысты та­ғы бір оқиға осы ауданда орын алып отыр. Сарыағаш АПБ кезекші бөлімінің «102» пультіне «Жібек жолы» шекара бекетінде есірткі контрабандасының іс-әрекеті анықталғаны туралы хабар­лама келіп түсті. Бұл оқи­ғада полицейлерге Нано атты қыз­меттік ит көмектескен. Яғни иісшіл ит өткізу пунктінен өту кезінде шетелдіктердің біріне белгі берген. Жедел уәкілдер күдікті Өзбекстан азаматын тінту кезінде күртешесінен есірткі затына ұқсас түйіншекті тауып, тәркіледі. Тәртіп сақшылары ұсталған азаматты аудандық полиция бөліміне жеткізді. Сарап­тамаға сәйкес, алынған өсімдік тектес зат салмағы 1 грамнан аса­тын «кептірілген марихуана» болып шықты. Қазіргі уа­қыт­та атал­ған жайт бойынша Қыл­мыстық ко­декстің 286-бабы «Айналымнан алынған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынған.

Есірткіге қарсы күресті бәсең­детпеген тәртіп сақшылары облыс тұрғындарын зиянды әдеттерден бас тартып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырады. Сондай-ақ есірткі заттарын заңсыз сақ­тағаны, өткізгені, өсіргені және контрабандасы үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын  үнемі ескертіп келеді.

 

Түркістан облысы